Сәпиев,Артаев,Ыбырайымовтарға өмір бойы ай сайын 300 мың теңгеден төленеді

10042
Adyrna.kz Telegram

Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидаларын бекіту туралы Үкіметтің жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Express Qazaqstan. сайтына сілтеме жасап.

Енді спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыру мынадай мөлшерде төленеді:

1). Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) спорттың олимпиадалық түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларға — 100 айлық есептік көрсеткіш ( 2021 жыл бойынша — 291 700 теңге);

2). Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары және жүлдегерлері, және (немесе) спорттың олимпиадалық түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларды дайындаған жаттықтырушыларға — 100 айлық есептік көрсеткіш.

Қазіргі уақытта спортшылар мен жаттықтырушыларға ай сайынғы материалдық қолдауға арналған төлемдердің көлемі — 101 898 мың теңгені құрайды.

Үкімет мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауындағы "Кәсіпқой спортты басқару жүйесін қайта қарау бойынша ұсыныстар тұжырымдау" деген тапсырмасын орындау мақсатында осы қаулыны әзірлеген.

Жоғары спорттық нәтижеге жету үшін әлемдік тәжірибені ескере отырып, спортшы, жаттықтырушы мәртебесін көтеріп, материалдық қолдау қажет.Мысалы, Ресейде спортшылар мен жаттықтырушыларға әлеуметтік қолдау айына 60 000 рубль мөлшерінде белгіленген, — делінген Үкіметтің қаулысында.

Бұл шамамен 352 000 теңгені құрайды екен.

Қазақстанда қазір 1 айлық есептік көрсеткіш 2 917 теңге болса, жаңа жылдан бастап, 3 063 теңге болады. Яғни құжат қабылданған соң, чемпиондарға ай сайын 300 мыңның үстінде төлемақы төленеді.

Допинг дауынан кейін жаңартылған тізімге сәйкес, Қазақстан жазғы Олимпиада ойындарынан 15 алтын, 21 күміс, 36 қола медаль еншіліген. Барлығы 72 медаль. Ал қысқы Олимпиада ойындарында 1 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль алғанбыз. Ал Паралимпиада ойыдарынан 9 медаль (2 алтын, 5 күміс, 2 қола) бар. Одан бөлек, әлем чемпиондары мен жүлдегерлері де жетерлік.

Алдағы уақытта Василий Жиров, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев және басқа да чемпиондар мен жүлдегерлерге төленетін қаржы көбейеді.

Құжаттың толық мәтіні "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 14 қазанға дейін жалғасады.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер