Ізгілікке бастаған іргелі бастама

2363
Adyrna.kz Telegram

XXI ғасырдың басында Қазақстан алғаш рет зайырлы мемлекет әрі ха­лық­аралық құқық субъектілерінің бірі ретінде іргелі бастама көтеріп, жа­һандық және дәстүрлі діндер көш­бас­шы­лары арасында үнқатысу мен бей­біт пікір алысуды нығайту, сондай-ақ өркениетаралық қарым-қатынастар мен өзара түсіністікті жолға қоюға ба­ғыт­талған аса жауапты миссияны іске асы­ру­ға белсене кірісіп кетті.

Себебі дәл сол кезде күллі әлемдегі халықаралық қа­рым-қатынастар ғана емес, жаһандық кон­фессияаралық қатынастар да шектен тыс шиеленісіп кеткен-ді. Өкінішке қарай, бұл үрдіс, әсіресе 2001 жылғы 11 қыркүйекте болған Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік сауда ұйымының қос ғи­ма­ратының жарылуы – «Әл-Каидамен тамырлас мұсылман экстремистерінің қо­лымен жасалған қылмыс» деген күл­лі әлемді бір сәтте шарлап кеткен жағымсыз ақпараттан кейін мүлде өршіп кеткен-ді. Артынша Батыс ақпарат құ­рал­дарында ислам әлемін артта қал­ған, кертартпа, білімнен жұрдай, надан, ғылым мен техникадан мүлде аулақ, діни фанатизм, экстремизм және фундаментализм ошағына айналған құбыжық етіп көрсету белең алып кете барды. Соның салдарынан күллі мұ­сыл­ман емес әлемнің қоғамдық санасында мұсылмандарға деген көзқарас күрт өзгеріп, оларды шеттету мен кем­сі­ту, мектептері мен мешіттерін өртеу, қиратып кету, мұсылмандарды сабау, атып кету, мұсылмандардың діни бос­тандығына шек қою, сол сияқты мұ­сылман бейіттерін бүлдіру секілді вандализм жиілей бастаған-ды. Мұндай қылмыстарға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдерде де жол берілген-ді. Мәсе­лен, мұсылман дінін әлемнің ең ір­ге­­лі діндерінің бірі екенін мойында­май, оны аса қатерлі идеология деген шындықпен мүлде жанаспайтын те­ріс пікір қалыптастырылып, Еуро­па­ның кейбір елдерінде Мұхаммед пай­ғам­бар­ды келемеждейтін карикатуралар шығарылып, оларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаппай тарату етек алды. Кейбір мұсылман мемлекеттеріне әл-Каидамен байланысы бар деген желеумен экономикалық қысым көрсету, соғыс ашып, оларды басып алу немесе оларға қисынсыз тиісу жиілеп кетті. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің кейбірінде мешіт салуға рұқсат берілсе де, мұнара тұр­ғызуға тыйым салу, мұсылман әйел­дер­ге дәстүрлеріне сәйкес киінуге, не бол­маса білім алуына, жұмысқа тұ­руы­на, баспана алуына, тіпті балаларын ба­ла­бақшаларға орналастыруға шектеу қою жиі бой көрсетті.

Сондықтан да Қазақстанның сая­си билігінің дер кезінде іргелі бас­тама көтеріп, 2003 жылы 24 қыркүйекте Еуразия жүрегіндегі елордада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Бірінші съезін өткізуі Еуразия құрлы­ғын­да бұрын-соңды болмаған елеулі іс-шара болатын және бұлай деуге то­лық негіз бар. Мәселен, Бірінші съезге Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Америка құрлығынан христиан, ислам, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм және синтоизм сынды жаһандық діндердің атынан 17 делегация қатысып, бір үстелдің басында басқосты. Жалпы, бұл съезд кейінгі адамзат тарихында болмаған ең елеулі оқиға болды десек, қателеспейміз. Оның үстіне Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ара­сында көптен бері қордаланып қал­ған белгілі бір діни немесе саяси қа­ра­ма-қайшылықтардың салдарынан мұндай басқосуды мүлде қаламайтын тұлғалар да ұшырасты. Бұл орайда көп жылдар бойы Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы әрі аталған съезд хатшылығының жетекшісі қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жур­налистерге берген бір сұхбатында айтқан мына бір сөзін келтіру артық емес: «Съезді бос жиналыс немесе БАҚ-қа арналған қарапайым шара деп санау үлкен қателік болар еді. Өйткені діндер көшбасшыларын астанада бір үстел басына жиналуға көндіру үшін елеу­лі дипломатиялық күш-жігер қажет болды».

Басында солай болғанмен, келе-келе, елордада 2003 жылдан бері өткен алты съезге қатысқан делегация мүшелерінің арасында кейбір діни немесе саяси қайшылықтардың болуына қарамастан, дінаралық диалогтың жаһандық мәні бар әрі өркениеттерді бір-бірімен жақындастыратын өте қажет шара екенін толық мойындай отырып, діндер көшбасшыларының бір-біріне деген түсіністігі мен сыйластығы жылдан-жылға нығая түсіп, бұл үрдіс тұрақты дәс­түрге айналып үлгерді.

Дәл осы тұста дінбасылар арасында түсіністік пен сыйластық дәстүрінің қалыптасуында съезд хатшылығының үлкен рөл атқарғандығын ерекше атап өту парыз. Өйткені хатшылық – әр үш жыл сайын Қазақстан астанасында өтіп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жұмысшы органы ғана емес, сонымен қатар құра­мы­на әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының өкілдері енгендіктен, съез­аралық кезеңдерде өтетін барлық іс-шаралардың да негізгі ұйытқысына айналды. Сондықтан да хатшылық әр жыл сайын тұрақты жиын өткізіп, кезекті съездің күн тәртібін алдын ала айқындайды, сол сияқты съезд жұ­мы­сы­на қатысатын мемлекеттер деле­гация­ла­рының құрамын олармен алдын ала келісе отырып жасақтайды. Сондай-ақ оларға хатшылық атынан ресми ша­қы­ру­лар жіберуді ұйымдастырады, сонымен қатар делегацияларды әуежайдан қарсы алу, делегаттарды қонақүйлерге ор­наластыру, оларды көлікпен қам­та­масыз ету, делегациялардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету, тіпті съезд оты­рыс­­­тарында баяндамашыларға сөз беру сияқты көзге көріне бермейтін логис­ти­калық ұсақ-түйектермен қатар, съезд шешімдерін үйлестіру және дайындау, қабылданған шешімдерді іске асыру се­кілді аса жауапты мәселелермен де бастан-аяқ айналысады.

Осы орайда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде қа­былданған тағы бір бастама туралы айт­қан жөн. Съезд ұсынған ол баста­ма­ның негізгі мақсаты Елбасы атындағы Конфессияаралық және өркениетаралық диалог орталығын құру болатын. 2019 жылы 25 сәуірде Қазақстан Үкіметінің шешімімен құрылған бұл Орталықтың құзырына мыналар жатады:

- Барлық діндер арасында өзара сый­лас­тық атмосферасын қалып­тастырып, бейбіт келісім орнатуға атсалысу;

- Тұрақты негізде отандық және ше­тел­дік діни бірлестіктер мен олар­дың ли­дер­лерінің арасында өзара ықпал­дас­тық орнатуды қамтамасыз ету;

- Халықаралық құрылымдармен (ұйым­дармен, орталықтармен т.с.с.) дін­ара­лық және мәдениетаралық қарым-қа­ты­настар орнату;

- Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шылары съезін, сол сияқты съезд хатшылығы мен оның жұмыс тобының оты­рыстарын ұйымдастыру және өткізу;

- Дінаралық және мәдениетаралық диалогтарды нығайтуға бағытталған ха­­лықаралық, республикалық және ай­мақтық конференциялар, дөңгелек үс­телдер, семинарлар, акциялар мен конкурстарды ұйымдастыру және оларға қа­тысуға бағытталған іс-шараларды іске асыру;

- Шетелдерде және өз елімізде діни та­қырыптарға қатысты БАҚ-та жария­лан­ған материалдарды зерделеу;

- Қазақстан Республикасының мем­ле­кеттік органдарының жұмыстарына атсалыса отырып, әртүрлі деңгейдегі ақпараттық-түсіндіру топтарының дін сала­сындағы мемлекеттік саясатты іске асы­руға бағытталған іс-шараларына қа­ты­­су және оның ішінде діни экстремизм мен оның өзге көріністеріне қарсы тұру;

- Халықаралық деңгейде конфес­сия­а­ралық диалогты өрістетудің қазақ­стан­дық тәжірибесін дәріптеу.

Көріп отырғанымыздай, аталған съездің, съезд хатшылығының, Елбасы атын­­дағы Конфессияаралық және өр­ке­ниет­аралық диалог орталығының мүдделері мен көздейтін мақсаттары ортақ және олардың бірін-бірі өте үйле­сімді толықтырып тұрғаны күмән тудырмайды. Өйткені олардың мүдде­ле­рі әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­бас­шы­лары съезінің төмендегі мақ­сат­та­рымен сабақтас екені көзге ұрып тұр:

- Әлемдік және дәстүрлі діндердің нысан­дарынан жалпы адамзатқа пайдалы бағыт-бағдарлар іздеу;

- Бейбіт өмір, келісім және шыдам мен сабыр секілді құндылықтарды бүкіл адамзаттың мызғымас қағидаларына айналдыру;

- Діндераралық диалог пен жан-жақты келі­сілген шешімдер қабылдай алатын халықаралық және конфессияаралық тұрақты институттың қызметін нығайту;

- Дінаралық және конфессияаралық диа­логты нығайтуға бағытталған съез­дер­ді дәстүрлі құрал ретінде күшейте түсу;

- Болашақ съездердің жан-жақ­ты келі­сілген идеологиясы мен тұжы­рым­да­маларын объективті әрі құзырлы дең­гейде дайындау үшін съездің тұрақты жұмыс органын құру;

- Әртүрлі мәдениет және дін өкіл­дерімен диалогты кеңейте түсу мақса­тын­да олардың бұқаралық ақпарат құ­рал­дарын, жастар бірлестіктерін, ғылы­ми және шығармашылық интеллигенция­сын тарта отырып, іс-шаралар өткізуді ке­ңейту;

- Діни қоғамдастықтар арасындағы түсі­ністік пен сыйластықты тереңдету және нығайту;

- Сабырлылық пен сыйластық мәде­ние­тін дамыта отырып, оларды экстремизм мен жеккөрушілік идеологиясына қарсы қою;

- Өркениетаралық, мәдениетаралық және дінаралық диалогты жаһандық деңгейге көтеру;

- Дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты күшейту үшін барлық халықаралық ұйымдар және құрылымдармен ықпалдаса отырып, қарым-қатынас орнату.

Бұл тұрғыдан келгенде, жоғарыда аталған қазақстандық құрылымдардың мис­сия­сы кейбір халықаралық институт­тар­дың, атап айтқанда, Варшавада орналасқан ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жө­нін­дегі бюросы, АҚШ-тағы Хельсинки комиссиясы немесе Human Rights First сияқты адам құқықтарын қорғайтын халықаралық институттардың мақсат-мүдделерімен де үндеседі. Мұндай инс­ти­тут­тар Біріккен Ұлттар Ұйымымен қатар, Еуропа Кеңесінің аясында да жұ­мыс істейді.

Аталған институттар тек мұсыл­ман­­дар­дың ғана құқығын қорғамайды, олар сонымен қатар антисемитизммен де күрес жүргізіп, христиан немесе басқа діндегілердің де құқықтарының бұзыл­­мауын қоса қадағалайды. Әйт­кен­­мен, мұсылмандарды шеттету мен кемсітушілікті, ксенофобияны толық ауыз­дықтауға немесе тоқтатуға жо­ға­рыд­а аталған институттардың шамасы жете бермейді.

Сондықтан Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтіп тұратын мәдениетаралық, дін­ара­лық және өркениетаралық диалог­­тарға арналған Әлемдік және дәс­түр­лі діндер көшбасшыларының съезі секілді тұрақты халықаралық форум­дар­дың жүйелі түрде жүргізілуі – өте құп­тарлық шара. Өйткені ондай фо­рум­дардың мінбелеріне көтерілетін ше­шен­дердің бәрі дерлік – халықаралық аренадағы абырой-атағы биік, қоғам, дін және мемлекет қайраткерлері. Олар дінаралық, мәдениетаралық және өр­ке­ниетаралық диалогқа, ксенофобия мен адам баласын шеттету мен кемсітуге бағытталған күресті күшейте түсуге, нәсілшілдікті жоюға, дінаралық айырмашылықтардан гөрі олардың ара­сындағы ортақ құндылықтарды дә­ріп­теуге шақырады. Бұл тұрғыдан алғанда, көзі тірісінде Қазақстанда болып қайт­қан Ватиканның бұрынғы басшысы, Иоан Павел Екіншінің мына бір сөзі ойға оралады. Ол өзінің естеліктерінің бірінде: «Діндердің арасындағы айырма­шы­лық­тарға таңғалудың орнына, олардың арасындағы ортақ ұқсастықтар мен құн­ды­­лықтарға таңданған жөн», деген өсиет қалдырған.

Сондай-ақ ислам діні мен басқа дін­дердің араларындағы қай­шы­лық­тар­ды жоюдың тағы бір мүмкіндігі бар. Бұл мемлекет басшылары мен сая­сат­кер­лер­дің құзырына жататын мә­мі­легерлік шеберлік дер едім. Мұның бір жақсы үлгісін 2009 жылы 4 маусымда Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обама көрсетті. Ол өзінің Египетке жа­саған ресми сапары кезінде Каир қа­ла­сын­дағы мың жылдан аса тарихы бар әл-Азхар университетінде лекция оқып, бүкіл мұсылман әлемін сүйсіндірген үндеу жасады.

Барак Обаманың бұл үндеуі Мұсыл­ман өркениетінің алдында Батыс өрке­ние­тінің қарыздар екенін бүкіл әлем­ге паш етті. Сонымен қатар бұл үн­деу қиюы кетіп бара жатқан Батыс пен Шығысты татуластырып, жақындастыруға өзіндік жол ашатын көпір секілді әсер қалдырды.

Шынында мұсылман әлемі Барак Обаманың Каирде сөйлеген сөзін жылы қабылдап, бір сәтке болса да Батысқа риза болып қалған-ды. Бірақ өкінішке қарай, бүгінгі таңда қалыптасып отырған шиеленістер қол жеткен жетістіктерді жуып-шайып кетті. Солай бола тұр­ған­мен, ел мен елді, мәдениет пен мә­де­ниетті, өркениет пен өркениетті, дін мен дінді татулыққа шақыруда әлем­нің көшбасшы саясаткерлерінің атқа­ра­тын рөлі мен жауапкершілігі ерекше екенін бүгінгі болмыс дәлелдеп отыр. Өйткені абырой-атағы биік ел басшылары мен сардар саясаткерлердің шынайы да жүрекжарды сөздері ақпарат құралдары арқылы тез тарап, көрермен мен тыңдаушының санасына сәуле түсіріп, ойын түзейді. Ал ойы мен санасы түзелсе, кез келген азаматтың да, бүкіл адамзаттың да іс-әрекеті түзеледі.

Міне, осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, ЕҚЫҰ-ның 2010 жылы төрағасы болған Қазақстанның аталған ұйымға мүше мемлекеттерге көрсеткен үлгісі мол болды. Бұған «Сырт көз – сыншы» демекші, аталған ұйымның Іс басындағы төрағасының жеке өкі­лі ретінде АҚШ-тағы мұсылман қа­уы­мының жағдайымен танысып, сон­дағы үкіметтік емес мұ­сыл­ман ұйым­­дарының уәждерін АҚШ Конг­ре­­сінің ғимаратында отырған Хель­син­ки Комиссиясының мүшелеріне баян­дағанымда көзім анық жетті. Атал­ған елде жол берілген мұ­сыл­ман­дар­ды кемсіту мен шеттетудің нақ­ты мы­­салдарын жіпке тізгендей етіп, ағы­л­шын тілінде баяндап едім, құ­ра­мы­ның басым көпшілігі конгресмендерден тұратын Комиссияның мү­ше­лері құлақ түріп тыңдады. Жарыс­сөз соңында Комиссия мүшелері сұрақ қо­йып, біздің елдегі мұсылман және басқа діндегілердің құқықтарының сақталу дәрежесін білгісі келді. Мен көп­этносты және көпконфессиялы Қа­зақ­стандағы ауызбіршілік пен тату­лық­тың орнықтылығын, адамды кемсіту мен шеттетудің біздің елге жат қылық екенін және олай етуге Ата Заңымыз – Конституцияның жол бермейтінін көл­де­нең тарттым.

Кездесу соңында Хельсинки Комис­сия­сының Төрағасы – АҚШ сенаторы Бенджамин Карден ризашылығын білдіріп, Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық татулықтың жоғары деңгейде екенін жақсы білетінін және бұл тұрғыдан, Қазақстанның өзге мемлекеттерге үлгі екенін ашық айтты. АҚШ-тың ақпарат құралдарының өкілдері әлгі ресми пікірді лезде бүкіл әлемге таратып жіберді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», деген осы болар, сірә. Ва­шинг­­тондағы АҚШ Конгресінің күм­безді ғимаратынан Қазақ елінің атына айтылған әлгі әділетті бағаны өз құ­ла­ғым­мен естіп, қуана-қуана шық­қа­ным­ды жасырмаймын.

 

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2009-2013 жылдар аралығында ЕҚЫҰ Іс

басындағы төрағасының мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі

жеке уәкілі

Пікірлер