Мундирге малынған Жақсылықовтар. Министрдің отбасылық суретіне түсінік берілді

5793
Adyrna.kz Telegram
Фото: Instagram
Фото: Instagram

Қорғаныс министрлігі желіде қызу талқыланған министр мен отбасының суретіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың отбасымен түскен фотосы Астанадағы фотостудияның парақшасында тамыз айында жарияланған. Онда суреттің министрдің рұқсатымен жарияланғаны айтылған. Алайда сол кезде министрлік тарапынан фотоға қатысты түсіндірме болмады. Тек бүгін Мәжіліс кулуарында қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жанғулин фотосессияға қатысты пікір білдірді.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың жұбайы және 3 баласымен әскери киім киіп, медальдармен фотосессия жасағанын көруге болады. Көпшілік 58 жастағы министрдің әйелінің өзінен әлдеқайда жас екеніне назар аударып, таңдана пікір жазған. Дереккөзде Жақсылықовтың әйелі Ұлттық ұланда биші екені, есімі Эльмира екені анықталған. Генерал-полковниктің әйелі де әскери шенге ие.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі министрдің отбасылық фотосессиясына қатысты ресми сауалға жауап бермеді. Ал желі оқырмандары қорғаныс министрінің әйелінде осынша көп медальдің қайдан екенін білуге асыққан. Кейіннен қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жанғулин:

«Қорғаныс министрінің отбасылық фотосуреттері оның ресми қызметіне қатысы жоқ екенін айтамын. Медальдарға келетін болсақ, қорғаныс министрінің әйелі де әскери қызметші. Министрдің әйелі таққан медальдар Ұлттық ұлан мен мерейтойлық марапаттар», - деді қорғаныс министрлігінің өкілі.

Айта кетейік, бір жылдың ішінде қазақ әскерінде адам шығыны көбейген. Одан бөлек, әскердегі әлімжеттік мәселесі де өршіп тұрғаны белгілі.

Руслан Жақсылықов Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылғы 19 қаңтардан бастап Қорғаныс министрі болып тағайындалған болатын.

2022 жылғы мамырда генерал-полковник атағын алған.

Пікірлер