КЕЛІНЖАН: 4 маусымды түсіруге келіссөздер жүріп жатыр

687

Көптің көңілінен шығып, ықыласына бөленген, қазіргі таңда халық аузынан бір елі түспейтін «Келінжан» сериалының жалғасы түсіріле ме? 3 маусым бойына түсірілген бұл сериал туралы шын мәнінде көрермендердің пікірі қандай? Осы сауалдар аясында «Адырна» ұлттық порталының тілшісі біраз көрерменмен пікір алмасып, «Келінжан» желісін ашуға тырысты.

    «Атың өшкір Айсара», «Айсара, бәріне кінәлі Айсара»

«Айсара» атты кейіпкер болмаса бұл сериал қызық болар ма еді? Расымен, өзінің мінезімен, сөйлеу мәдениетімен ерекшеленген кейіпкердің жанкүйерлері де өте көп.

Алғашқы пікір иесі Құлсары қаласының тумасы, 4 баланың анасы Назира ханым:

-«Келінжанды» бірінші маусымнан бері үзбей көріп келемін. Әр маусым ерекше эпизодқа толы. Әр кейіпкердің тағдыры көрерменге таңсық емес. Өйткені кез-келген шаңырақта орын алатын қарапайым күнделікті өмірді сипаттай білді. Шынайылықты шыңдай алғандары үшін ризамын.

Маған қатты ұнаған кейіпкер – Айсара. Бірінші маусымды еске түсірейік. Енесінің қолында бірге тұратын 3 келін. Бәрінің ойында бөлек шығу. Біздің тәлім-тәрбие бойынша үйдің үлкен ұлдары бөлек кетіп, кенже келін шаңырақтың түтінін тұтатушы еді.

Қазіргі қоғамда да осы мәселе үшін көп абысын абыройдан аттап, енеге деген құрметті ұмытуда.

Айсара – шаңырақтың үлкен келіні. Енесінің оң қолы десек те артық емес.

Ойындағыны айта салатын тікмінезділік, әңгімеқұмарлық, бос сөйлеу сынды қажет емес қасиет келіндердің 3/1-інде кездеседі. Мен де келінмін. Айналамдағының бәрі келін статусын иеленгендер.

Күйеуіне қарсы шығу, айтқандарына келіспеу, өз ығына көндіру – өкінішке қарай, әйел басшылық ететін жанұялар бар. Өте көп. Еркекті ынжық етіп, айдағанына салып, бауырларымен араластырмай қоятындар да жетерлік.

Сериалды отбасыммен бірге тамашалаймыз. Күйеуім Қылышты көргенде төбе шашы тік тұрады. «Жай сериал ғой, неге жынданасың?» дегенім де барлық нәрсе өмірден алынады. Бар ғой мұндайларда... деп жауап қатқан.

Көрдіңіз бе? Әйеліне «қой!» дей алмайтын еркектер түбі оның бар айтқанына көніп, көшке ілесіп кетеді.

Бауырлардың арасына түсу, сыза түсіру – «өз анамыз күйеуге шығарда абысынмен бір асты бөліп ішесің. Ішкен асқа, бөліскен қасыққа у құйма. Белі бекем буылған бауырлардың арасына ине сұқпа, әйел жақсы болса бауырлардың ара-қатынасы өлелгенше мығым болады» деуші еді. Расымен, біреудің шаңырағын бұзуға еш хақымыз жоқ. Бала кезінен бір төсекте бірге жатқан ағалы-ініл, апалы-қарындастың арасын бұзуға кеше ғана шаңыраққа қосылған келіннің құдыреті жетеді, бірақ араны ажыратқаннан кім бақытты болады?

3 маусымда Айсара Балқияға үлкен қастандық жасады. Отбасының шырқын бұзды. Қатесін түсініп, мойындады. Кешірім сұрады, Балқия кешірімді болды. Айсараның сол жерде айтқан сөзі көп әйелдің басты проблемасы еді. Ол күйеуінен көрмеген жылулықты, өзгеден көріп қызықты, қызғанды. Оған өзін кінәлады. «Неге мен осындаймын?» деген сұрақ қойып жақсы жаққа өзгеруге тырысты.

Бауыржан Момышұлы айтқандай, ең батыл адам – күйеуге шыққан қыз дейді. Шынымен, біз күйеуге шығып, басқа мүлде танымайтын отбасының көңілін тауып, бірлігін нығайтып, тастай батып, судай сіңеміз. Оның бәрі кім үшін? Күйеуіміздің разылығы, сол кісі мәз болса екен деп әрекеттенеміз. Ал олардан керегі тек жылулық қана. Ол жетіспеспе, әйел тоқырайды. Өзгереді...

Айсара сериалда жаман келін болғанымен, бұл рөл әр шаңырақтағы бір келіннен тағдыры. Мүмкін «Айсараны» көрген келіндер өз бойынан осы қасиеттердің бар екенін біліп, өзгеруге тырысатын болар. Маған осы үшін қатты ұнаған кейіпкер – Айсара.

Еркек түздің адамы: Үш бауырдың бөтелкелес болуы

«Еркек түздің адамы» деген мақалды жиі естиміз. Түздің адамы дегенді бірі отбасын асырау үшін дала кезіп жұмыс істейтіндерді атаса, бірі жүрісі көп, қулығы көп ер азаматтарды айтады.

Құлсары қаласының тумасы, психолог Б. Айгерім ханым:

-«Келінжан» сериалындағы Мәдібектің Балқияға опасыздық жасауы, тіпті бұрын әкесінің басқа біреуден бір баласы бар екендігі кейін белгілі болды.

Байқап қарасақ, келіндердің ішіндегі енесіне жақыны, сөзін сөйлер, қарсы шықпайтын, әй-жәйін ым-жымсыз шешетін ақылды келіні осы Балқия. Күйеуіне де көзқарасы керемет болды. Бірақ неге Мәдібек опасыздық жасады? Қазір инстаграмда отбасылық коучтар көбейіп кетті. Барлығының айтатыны «әйел дұрыс болса еркек ешқайда кетпейді» дейді. Әйел байғұс осы сөзді естіп алып, бар кінәні өзінен көреді. «Дұрысталам, әдемі болам,мінезім жаман, сөйлемеуім керек еді» деген ойлар оны жегідей жейді.

Жалпы «әйел қырық шырақты» деген мақалды да еркектің бар қатесін кешіру мақсатында қолданамыз. Осыдан бастап түрлі отбасылық кикілжіңдер пайда болады. Бір рет басылған қисық қадам түзелер ау. Көңіл қисайса, орнына келтіру қиынға түседі.

Мәдібектің Валяны ұнатқаны секілді, көп әйелдер де опасыздықтың отын сезіп отыр. Жанға батса да оны кешіріп, отбасының ошағын өшірмейміз. Отбасы сонда әйелге ғана қажет пе?

Психолог маман ретінде, 9 баласы бар бір әйелге консультация жүргіздім. Дәл осы мәселе аясында. Күйеуі 9 баласы бола тұра, отбасын тастап, басқа әйелдің соңынан кеткен. 5 ай басқа жақта боп, кейін отбасына оралған. Әйелдің маған келгендегі мәселесі – «кешірім сұрап тұр, бірақ қатты жек көріп кеттім, қалай қайтадан қабылдаймын?»

50-ден кеткен тағы бір әйел жолықты. Әйел әрі әже. Жұбайы немерелері бола тұра, басқа әйелге кетіп қалған. Бұл еркекте 5 айдан соң қайта келген. «Шаңырақ көтерген 3 балам бар. 6 немерем бар. Солар үшін кештім. Бірақ күнде түнде жылаймын. Жаныма жолатқым келмейді, сатқындық деген жүрекке қатты батады»,- деді.

Айта берсек, бұған ұқсас оқиғалар өте көп. Еркектің әйел жаман болғаннан емес, өзі солай қалағандықтан басқаға кететінін ұғыну керек. Кейін келетін өкініш көмектеспеуі де мүмкін. Отбасының жағдайын ойлаған әйел өз жанын езгіге салып, кешіре салады.

Валя мен Балқия жандай құрбы. Сатқындық тек күйеуден емес, құрбымен қатар келсе одан асқан қиянат жоқ. Бірақ, Балқия оны да кешірді. Сериалдың осы жері менің ызама тиді. Көп әйелдер осылай өздерін адам тұрғысынан құрбан етіп жатыр. Мүмкін сериал осыны көрсеткісі келген болар, бірақ әйел – тұлға. Тұлғалық кейпін жоғалтпауы тиіс.

Соңғы бөлімге жақындаған сәтте үш ағайындының бөтелкелес болғанын көрсетеді. Негізі қазақта бауырлар арақ түгілі басқа сусынды да соғыстырып ішпейді. Ұяңдық, сыйластық, қамқорлық бар...

Бала берсең сана бер: Күлімхандай кемпір барлық шаңыраққа керек

Келесі пікір иесі 74 жастағы Майра әжей:

-25 жасымда 2 баламмен жесір қалдым. Жолдасым жойқын жол апатынан тіл тартпай кетті. Шағалақтай баламен қалғанымда, барымнан айырылғандай күй кештім.

Өзім жетім қыз едім, жолдасым кеткен соң кімге қол жайып барарымды білмей ата-енемнің қолында қалдым. Атам да енем де өте қатал кісілер еді. Баласының өліміне мені кінәлады. Өйткені, перзентханаға келе жатқан жерінен үлкен жүк көлігіне соғысып, қайтыс болған еді.

Тіпті, енем мені ұратын. Екі балам үшін өмір сүрем деп өзіме уәде еттім. Қайта күйеуге шықпадым. Қазір көп немерелерім бар. Бақытты әжемін. Бірақ менде Күлімхан сияқты, балалардың қызығын да шыжығын да қатар көрудемін. Екі келін бірге тұрады. Кейде тату кейде қисық. Әйтеуір солай өмір өтіп жатыр. Бірі қалаға бөлек шығамын десе, екіншісі де қалыспайды. Қисық жерлерін түзетіп, дұрыс жолды көрсетіп жіберетін Күлімхандай кейіпкер әр шаңыраққа керек...

«Енеммен бірге тұра алмаймын» дейтіндердің уәжінде қабылдай аламын. Өйткені ене де адам. Оның да өз қателігі жетерлік, қалыптасып кеткен адамның қателігін түземей, керісінше солай қабылдау керек.

Бәрін айтта бірін айт, «Келінжан» нағыз шын өмірді суреттеген сериал.

Бірі психолог, бірі әжей, бірі келін. Бірақ «келінжан» туралы ойларының түп негізі бір-біріне ұқсас. Күлімхан, Айсара, Мәдібек. Үш кейіпкердің бейнесі тұтас бір қоғамды бейнелеп тұрғандай.

Туындының бас продюссері Гүлнұр Мамасарипова сериалға арқау болған оқиғаларды өмірден алғанын баса айтты. Тіпті кейіпкерлердің өзі менің айналамдағы адамдар дейді.

«Қазіргі жастар отбасы болуды жасылды-қызылды қып елестетеді. Алайда күнде көңілді жағдайлар бола бермейді. Дағдыға үйрену қажет. Кикілжіңсіз өмірге үйреніп қалған қыздар бір ұрыс шықса «болды, мен күйеуге сәтсіз шықтым» деп шығады. Ажырасамыз дейді, себебі жоқ. Осындай қоғамның дертіне айналған дүниелерді бір арнаға сиғызып, көрерменге ұсындық. Бір қуанарлығы, «отбасымды сақтап қалуға септігін тигіздіңіздер» деген пікірлер өте көп келді. Біздің мақсатымыз сол еді», - деді Гүлнұр Мамасарипова Хабар арнасындағы «Бүгін» телебағдарламасына берген сұхбатында.

Көрермендер арасында қызу талқыға түскен сұрақтардың бірі «4 маусым бола ма?»

« Адамның емес, Алланың дегені болады. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр. Құжатқа қол қойылмай тұрып, бірдеңе деу қиын. Алайда телеарна тарапынан да, біздің тараптан да ұсыныстар түсіп, келіссөз жүргізудеміз. Жалғасын табуы әбден мүмкін»,- деді өз сөзінде Мамасарипова.

Сонымен, келесі маусым болып жатса, қандай қызықты оқиғаларымен таңқалдырады екен? Оны уақыттың еншісіне қалдырдық...

Інжу ӨМІРЗАҚ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы