Президент Қарулы Күштерді құру мен дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекітті

2812
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қ.Тоқаев Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекітті деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Ақордаға" сілтеме жасап.

ҚР Қорғаныс министрлігі Тұжырымдама жобасын Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында әзірледі. Бұл құжатты дайындауға ұзақмерзімді перспективадағы дамуға қатысты болжамдарды ескере отырып, қазіргі әскери-саяси ахуал мен шет мемлекеттердегі әскери құрылыстың үрдістері негіз болды.

ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Тұжырымдама жобасын жан-жақты пысықтағаннан кейін, құжат биылғы жылғы мамырда ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мақұлданды.

Тұжырымдамада әскери қауіпсіздік органдарын 2030 жылға дейін қалыптастырудың және дамытудың негізгі принциптері мен ұстанымдары қамтылған. Бұл құжат аясында атқарылатын іс-шаралар мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге, соның ішінде дағдарыс жағдайындағы әрекет ету  мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Қазақстан тарихында алғаш рет әуе-ғарыштық және зымыран шабуылына қарсы қорғаныстың тиімді жүйесінің элементтерін қалыптастыру жоспарланып отыр.

Елдің орасан зор аумағын және шекаралардың ұзақтығын ескере отырып, әскери-көлік авиациясының күштері мен құралдарын жетілдіру арқылы әскерлердің мобильділігін арттыру шаралары қарастырылған.

Сондай-ақ, арнайы операцияларды орындайтын күштерді дамытуға баса мән берілген.

Қоғамның барлық саласын цифрландыру шеңберінде Қарулы Күштердің кибер- және ақпараттық кеңістіктегі іс-әрекеттер жөніндегі әлеуеті күшейтіледі.

«Қос мақсаттағы», яғни соғыс және бейбіт уақытта, соның ішінде төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін қолданылатын компоненттерді дамыту жоспарланған. Ең алдымен, мұндай құрамдарға әскери медицина, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлері, инженерлік әскерлер, әскери-көліктік авиация жатқызылды.

Жауынгерлік әзірлікті арттыру, әскери бөлімдердің оңтайлы орналасуын, әскери инфрақұрылымның қалыптасуын, сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті инфрақұрылымы бар кешенді әскери базаларды құруға біртіндеп көшу жоспарлануда.

Сондай-ақ әскери білім беру, мансаптық өсу, әскери қызметшілерді моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру, құқықтық тәртіп пен әскери тәртіпті нығайту, жастарға әскери патриоттық тәрбие беру шараларын жүзеге асыру көзделген.

Қарулы Күштерді жарақтандырудың негізгі бағыттары белгіленген. Бұл отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені тарапынан қамтамасыз етілетін болады және кәсіпорындардың өндірісті барынша  тиімді жоспарлауына мүмкіндік береді.

Жалпы бұл Тұжырымдаманы іске асыру мемлекеттің қорғаныс қабілетін және әскери қауіпсіздіктің заманауи қатерлеріне қарсы даярлығын  арттыруға және бейбіт уақыттағы міндеттерді тиімді орындауға бағытталған.

Қазіргі әскери қақтығыстарды ескере отырып, жаңа Тұжырымдамада көзделген тәсілдерге сәйкес, биылғы 6-23 қыркүйек аралығында Қазақстан аумағында «Отпантау-2021» кешенді әскери оқу-жаттығу жиыны өткізілді.

Оқу-жаттығу жиыны барысында әскери қатерлер кезіндегі Қарулы Күштердің командалық-басқару органдары мен әскери бөлімдерінің, Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің, сондай-ақ жергілікті атқарушы, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы тексерілді.

Алты облыста соғыс жағдайы енгізілген кездердегі Облыстардың қорғаныс кеңестерінің жұмысты ұйымдастыруы тексерілді.

Жеті оқу-жаттығу полигонында әскерлер соғыстың жаңа формалары мен әдістерін, құрлықта және әуедегі жауға қарсы тұру мәселелерін пысықтады, сонымен қатар Каспий теңізінің су айдынында десантқа қарсы жаттығу операциясын жүргізді.

Жаңадан алынған қару-жарақ пен әскери техниканың, соның ішінде Су-30СМ ұшақтары, Ми-35 тікұшақтары, жаңа ұшқышсыз ұшу аппараттары, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен радиоэлектронды күрес жүйелерінің жауынгерлік қасиеттері сыналды.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер