Қостанай облысының Амангелді ауданында туристік кешен салынады

74

Бүгінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Бұл құрылыс 2023 жылдың төртінші тоқсанында аяқталып, ел игілігіне берілмек. Ірі жобаны осы өңірдің тумасы өз қаржысына салып жатыр.

Амангелді ауылындағы туристік орталық жұртты несімен қызықтырады?

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Туристік кешен Амангелді ауылының іргесінде, елдің орталығы мен батысын жалғайтан тас жолдың бойында салынып жатыр. Аумағы – жеті гектар. Кешен ішінде жалпы саны 12 нысан бой көтереді. Әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар. Олар әлемнің жеті кереметіне кіретін әрі тарихи маңызы зор нысандардың көшірме үлгісі ретінде салынады.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Ең төрінде тұрған – Тәжмахал. Бұл Үндістанда бар. Біз оны үш есе азайтып алдық. Үндістанда оның биіктігі 75 метр болатын болса, мұнда 25 метр. Одан басқа, Испанияда, Бразилияда, Еуропа, Азия елдерінде кездесетін үлкен ғимараттардың көшірмелері. Сақтардың саунасы бар. Онда біз шет елден келетін туристерді тарту үшін істеп отырмыз. Өйткені сақтардың саунасы дүниежүзіндегі елдерде кездесе бермейді. Оның жанына біз киіз үй тігіп отырмыз.

Кешен аумағында қызғалдақ үлгісіндегі мұражай, египеттегі пирамида, мая тайпаларынан қалған Чичен-Ица үлгісінде мемориал, су бұрқақтар мен бассейндер салынады. Сондай-ақ жапон, ағылшын және қазақ бағын өсіру жоспарланған.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Туристік кешенде бой көтерген нысандардың бірі – мына естелік қабырға. Ұзындығы 35, биіктігі 3 м 80 см. Жоба бойынша мұнда ел үшін еңбек еткен тарихи танымал тұлғаларымыз бен өзге елдерде билік құрып сол жерде жерленген бабаларымыздың қабір басынан бір уыс топырақ алып келіп, арнайы сақталады. Олар туралы ақпараттар жазылады. Бұл көпшілік тәу етуге келіп, Құран бағыштайтын орынға айналады.

Карантинге байланысты кешенді салып жатқан құрылысшылар саны көп емес. 20-30 адам ғана жұмыс істеп жүр. Барлығы осы ауылдың тұрғыны. Құрылысшылар күні қарсаңында аудан әкімдігінің өкілдері мен өзге өңірлерден келген кәсіпкерлер құрылыс аумағына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.

Талғат Қарбозов, Амангелді ауданының әкімі:

- Бұл жалғыз ауданның ғана емес, облыстың, жалпы Қазақстанның туризм саласын дамытуға бірден-бір септігін тигізетін жоба. Биылғы жылы екі-үш нысан аяқталуға жақын. Бұл әрине, ауданымыздың туризм саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті бюджетке салық түсімдерінің көбеюіне бірден-бір септігін тигізеді. Халық осы жобаны қазір күтуде. Жергілікті атқарушы орган тарапын қажетті жұмыстарды бірлесіп жасап жатырмыз. Жоба іске асқан жағдайда одан да көп жұмыс орындары ашылады. Өйткені әр сауда нүктелеріне, әр ойын алаңдарына қажетті жұмыскерлердің бәрі осы жергілікті адамдармен қамтылады деп күтілуде.

Кешен өңірдің туризм саласын дамытып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартатыны белгілі. Сонымен қатар бұл жер жастардың тарихқа деген қызығушылығын оятып, патриоттық тәрбие беретін орынға айналуы мүмкін.

Сұлтанбек Тәшкенбай, кәсіпкер:

- Өскелең ұрпақ үшін патриоттық сезім тудыратын нысан деп ойлаймын. Себебі дүниежүзінде жатқан 200 адамның топырағын осы жерге әкеліп осы жерде жасап, соның өмірбаянын жазып қою деген ол біздің мектептегі тарихымызда, басқаларында дәл олай айтылмаған. Жастар оны оқығаннан кейін біздің бабаларымыз болған екен осындай деп соларды білсе, біздің жастарымызға үлкен тәрбиелік мәні бар.

Кешенде туристердің тынығуына арналған қонақ үй, тамақтану орындары да салынады. Құрылыс сәтті аяқталса, бұл әр тасы тарихқа толы Торғай өңіріне туристерді көптеп тартуға және көне өркениеттің ізі саналатын геоглифтердің құпиясын ашып, насихаттауға септігін тигізбек.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Қуаныш Қожабеков

Пікірлер
Редакция таңдауы