Қостанай облысында бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді

1802
Adyrna.kz Telegram

Кейінгі 3 жылда Қостанай облысында спорт кешендерінің саны 3 мыңға жуықтады. Нәтижесінде өңір тұрғындарының 34 процентке жуығы бұқаралық спортпен қамтылды.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов спорт ардагерлерімен бірге жаңадан салынған нысандарды аралады.

Өңірдегі спорт ардагерлері мен қоғам белсенділері әуелі болашақ былғары қолғап шеберлерін шынықтыру мектебіне барды. Жаңа нысан барлық талаптарға сай жасақталған. Ал 2500 көрерменге арналған Мұз сарайының құрылысы биыл аяқталмақ. Сондай-ақ Қостанай қаласында жаңадан бой көтерген шағын аудандардың маңынан бірнеше спорт нысандары салынған. Солтүстік-батыс ықшам ауданындағы 50 метрлік бассейннің де құрылысы биыл бітіп, тұрғындар игілігіне берілмек.

Нұржан Ермағамбетов, «Қ.Оспанов атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ басшысы:

– 50 метрлік бассейн 10 жолақтан тұрады. Сондай-ақ көрермендер үшін 300 орындық жасақталған. Құрылыс алаңы 3700 шаршы метрден асады. Бұл олимпиадалық стандарттарға сәйкес келеді. Іске қосылғаннан кейін бассейн сағатына 100 адамды қабылдай алады. Одан бөлек мұнда жаттығу залы да жұмыс істемек. Өңірде 32 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және 29 аула клубы жұмыс істейді. Жалпы, спорт секцияларында 70 мыңнан астам оқушы жаттығады, оның 64 проценті тегін шұғылдана алады. Сонымен қатар қаланың жаңа шағын аудандары жаттығу алаңдарымен қамтамасыз етілген. Қазір өңірдегі жасанды жабындысы бар 85 спорт алаңының бар болса, оның тең жартысы ауылды жерлерде орналасқан.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

– Біздің негізгі мақсатымыз – жыл сайын бұқаралық спортты дамытып, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау. Бүгінде 9 мыңға жуық спорт секциясының жұмысы ұйымдастырылды. Облыстың 150 мыңнан астам тұрғыны шұғылданады. Оның ішінде ауылдық жерлерде 80 мыңдай адамды қамти отырып 5 мың спорт секциясы құрылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, биыл облыста мемлекеттік спорттық тапсырыс жүзеге асып жатыр. Осының арқасында 2 мыңнан астам бала тегін спорттық сабақтармен қамтамасыз етіледі. 2025 жылға қарай облыс тұрғындарының кемінде 45%-ін спортпен қамту жоспарланып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Жандос Рахметуллин

Пікірлер