Ел болам десең, бесігіңді түзе

441

Отбасы-ынтымақтың, ізгіліктің, махаббаттың, жылулықтың, тазалықтың Отаны. Отбасының негізгі ұйытқысы, алтын діңгегі– әке мен ана. Діңгегі мықты отбасы ғана адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі болмақ. Бұл мектептің адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын нақтылап тұрғандай. Ата-ананың балаға деген риясыз махаббатының өзі неге тұрады десеңізші?! Алайда, осы шексіз берілген «махаббаттың» өзі баласын тура жолдан тайдырып, жарға жығып жатқандығы өмірден көрініс табуда. Ол туралы көріп те жүрміз, естіп те жүрміз. Есірткіге еліріп, өмірін өксікпен өткізген жандардың өмірі өкшелей басып келе жатқан жасөспірім балаларға сабақ болары сөзсіз.

Қоғамды жасайтын адам деп алсақ, адам қандай болмақ керек? Денсаулығы мықты, әлеуеті жоғары  адам ғана өзіне жайлы қоғамды жасайды. Олардың мұраты –тәні мен жаны сау адамдардың ынтымағына негізделген қоғамда өмір сүру. Салауатты өмір сүру дегеніміз  не дейтін болсақ, ол–әлеуметтік  өмірді  жақсарту, бос  уақытты  тиімді  пайдалану,  денсаулықты  сақтау  және  нығайту. Ал зиянды әрекеттер  дегеніміз,  қазіргі  таңда  етек  алған,  заманымыздың кеселді дерттері – шылым  шегу,  маскүнемдік,  нашақорлық.  Алайда, ата-бабаның мұратын жүзеге асыратын кейбір жастар нашақордың соңынан еріп барады. Ол– айқын жол емес, тұманды жол. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң»–деп, дана халқымыз айтқандай, өз қатесін түзетіп, ортамызға оралса, олардың кеудесінен ешкім итермесі анық.

Әр отбасының өзіндік әдет-ғұрпы, салт-санасы бар. Рухани құндылығы бай отбасынан қоғамға қажет тұлғалар қалыптасады. «Мен қарнымның ашқанынан қорықпаймын, қадірімнің қашқанынан қорқамын» деген сөздің төркінін түсіндірмесемде болады. Отбасымызда қадірімізді қашырмай, өз орнымызды білсек, біз тәрбиелеген балалар келешектің тұтқасы болары анық. Бізді ақшамызбен, не болмаса дәулетімізбен бағаламайды, бізді өсірген баламыздың тәрбиесімен бағалайды. Сондықтан баламыздың тағдырын сол жақтағы жүрегімізбен ойлайық, ол әр кез оң шешімін береді.

 

Е.Есқожа

 

Пікірлер
Редакция таңдауы