Құс асырау да табыс көзі

2080
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде әрбір ел азаматына өз кәсібін игеруге мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып отыр. Кейінгі жылдары кәсіпкерлік саласына жасалып жатқан жан-жақты қолдаулардың арқасында ауданда оңды өзгерістер көрініс беріп келеді. Соның бірі мемлекет қолдауымен қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, берілген қаражатын пайдалы іске жұмсап жатқан Еңбекшіқазақ ауылының тұрғыны Альмира Даулетова.

Кейіпкеріміз Альмира еш жерде жұмыс істемейді. Ауласында тауық өсіріп күнелтіп отыр. Бастапқыда бұл істе еш тәжірибесі жоқ жас ана жүрексінгенімен, кейін келе кәсіптің қыр-сырына қаныға бастайды.

«Бизнес-Бастау» жобасы арқылы мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алдым. Ол ақшаға 100 ломанн браун неміс тұқымды тауығын және сыйымдылығы 350 жұмыртқаға жететін инкубатор, қажетті жем-шөп алып, кәсіпті бастап кеттім. Салада тәжірибем аз болғандықтан көп ұзамай балапандарымның біразы өлді. Сол кезде құс бағуда тәжірибесі бар жерлестеріммен ақылдасып, дәрумен беру, жем салу және бағу жайында кеңес алдым. Қазір ептеп кәсіптің қыр-сырына қанығып келемін. Жолдасым Беріктің көмегімен жаңа қора тұрғызып, тауықтарға ыңғайлы жағдай жасадық, балапандар көршілеріміздің бау-бақшасына түспесін деп, үйдің айналасын жақсылап қоршадық. Осы айда орташа есеппен 1700 жұмыртқа аламыз деп жоспарлап отырмыз. Құс асыраудың еш қиындығы жоқ. Бастысы, күтімі мен жем-шөбі уақытылы болса болғаны,»,-дейді Альмира Даулетқызы.

Сөзінше, қазір халықтың табиғи таза жұмыртқаға деген сұранысы артқан. Жұмыртқаны апта сайын үлкен базарға шығарып өткіземіз. Шаруамды бастап, жүргізуге жергілікті әкімдік көп көмегін тигізді. Атаулы әлеуметтік көмек алатынмын. Құжаттарымды жаңартып өткізуге барғанымда, осы мемлекеттік жоба жайында айтып, түсіндіріп берді. Сүйемелдеу көрсетіп, басынан аяғына дейін көмектесті. Ал, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының менеджерлері бизнес-жоспар құру, қажетті есептерді жүргізу, жеке кәсіпкерлікті ашуға жәрдемдесті. Осының барлығы үшін мемлекетке және халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған мемлекеттік бағдарламаларға алғысым шексіз. Кішкентай балам өте сирек кездесетін ауруға шалдыққан. Тумасынан мүгедек. Ерекше ктімді қажет етеді. Сондықтан қандай да бір қызметке орналасу мүмкін болмады. Біз сияқты шарасыз қалғандарға үлкен көмек қой бұл»,-дейді кейіпкеріміз.

Ал, Альмираның анасы қызының бала күнінен шаруаға бейім, малсақ әрі еңбекқор екенін, кішкентай күнінен жер теуіп, жемтігін іздеген тауықты бақылағанды жақсы көретінін жеткізді.
Сала мамандарының сөзінше, қарапайым тұрғындар, әсіресе, шалғай ауылда тұратындар үшін игі бастаманың тиімділігі өте мол. Өйткені бұл жобаға тек жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар ғана қатыса алады. Жеке кәсібін ашуға ниеттенгендерге көрсетілетін бұл қолдау соңғы 2-3 жылда көптеген ауыл тұрғынының тірлігін тіктеуге сеп болды.

Жобаның тиімді тұстарының бірі – мұндағы бір айлық оқуға қатысқандарға шәкіртақы да қарастырылған. Кәсібін ашуға ниеттенгендерге білікті бизнес-тренерлер дәріс беріп, кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретеді. Мәселен, Көксу ауданы бойынша биылдың өзінде 60-қа жуық тұрғын қайтарымсыз грантқа ие болса, оларға барлығы 34 миллион 981 мың теңге қаржы бөлініпті.

Дәлірек айтар болсақ, 21 көпбалалы отбасылар, 18-29 жас аралығындағы 9 жас және мүмкіндігі шектеулі 1 азамат 583 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Оның ішінде 25 азамат мал шаруашылығына қатысты кәсіп бастаса, 3 азамат құс шаруашылығын дамытуды қолға алыпты. Өңірімізде «өз ісімді бастасам» дегендерге көрсетіліп жатқан қолдау мен демеу аз емес көрінеді. Жыл соңына дейін тағы 10 кәсіпкерге қолдау жасалады дейді.

Пікірлер