Тәлібтер Қандағар әуежайына шабуыл жасады

1144

"Талибан" қозғалысы Ауғанстанның ең ірі екінші қаласы — Қандағардың әуежайын зымыранмен шабуылдады деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Әуежай әкімшілігі  мәлімдегендей, зымыран шабуылы кезінде ұшу жолағы зақымданған, сол себепті рейстер тоқтап қалған. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

"Талибан" мен ауған үкіметінің күштері Қандағардан бөлек елдің екі үлкен қаласы Герат пен Лашкар-Гах үшін де шайқасып жатыр. Бұл үш қаланың кімнің жағында қалатыны Кабул үкіметінің тағдырын айқындамақ.

31 шілде күні "Талибан" Ауғанстанның батысындағы Гератқа шабуыл жасады. Бір күннен соң ауған күштері тәлібтердің бетін қайтарғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ 31 шілдеде Лашкар-Гах қаласында да ауыр шайқас болды. Бұдан екі күн бұрын қаланың кей бөліктерін тәлібтер басып алған еді. Нәтижесіндее бір адам қаза тауып, үш адам жарақаттанған.

Гилменд провинциясының кеңесшісі Абдул Мәжит Абхунзада "соғыс алаңдарында бейбіт тұрғындардың қалып қойғанын" айтып, алаңдаушылық білдірді.

Бүгінгі күні Ауғанстанда 20 жыл бойы болған халықаралық әскери күштер елден кетіп жатыр. АҚШ әскері Ауғанстаннан 11 қыркүйекке дейін толық шығарылмақ. Халықаралық күштердің қолдауынсыз қалған ауған үкіметі "Талибанға" қаншалық төтеп бере алатыны әзірге белгісіз.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар