Елімізде 730 округте ауыл әкімдері сайланады

2919
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Қазақстанда жалпы саны 730 елді мекенде ауыл әкімдерін сайлау бойынша дауыс беру басталды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында  айтқан болатын.

Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметі бойынша бүгінде 730 сайлау округінде 2582 кандидат үміткерлікке ұсынылған. Солардың 2297-і тіркеуден өткен. Кандидаттардың басым бөлігі – өз-өзін ұсынушылар.

Сайлау туралы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен түзетулердің арқасында ауыл әкімдерінің сайлауына түскісі келетін үміткерге өз-өзін ұсыну мүмкіндігі берілген. Осы мүмкіндікті бұл жолғы сайлауда 1419 адам пайдаланған. Сондай-ақ, 878 үміткерді Әділет министрлігінің тіркеуінде бар 6 саяси партия ұсынған. Халықтың дауыс беруі арқылы әкім болғысы келетіндердің гендерлік құрамына келсек, ер үміткерлердің саны –1839. Ал 458-і — әйел адамдар.

Бүгінгі сайлау 14 облыс бойынша 1847 сайлау учаскесінде өтіп жатыр. Оның қорытындысы бүгін кешке белгілі болады.

Жалпы биыл жыл аяғына дейін 775 ауыл әкімі сайланады. Елімізде барлығы 2346-ға жуық ауыл әкімі бар. Осыны ескерсек 2022 жылдың басында ауыл әкімдерінің құрамы үштен бірге жаңарады.

Сонымен бұл жолғы сайлауда әкімін анықтайтын елді мекендер саны бойынша Ақмола облысы көш бастап тұр. Мұнда бір күнде 95 ауыл мен ауылдық округтің, аудандық маңызы бар қала мен кенттің әкімі сайланады. Алғашқы үштіктің қатарыда Шығыс Қазақстан (77) және Қарағанды облыстары (75)  бар.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер