Қазіргі таңда эпидемиологиялық ахуал күрделі болып тұр

3046
Adyrna.kz Telegram

Өткен тәулікте елімізде 5314 адам, Шымкентте 416 адам ковид инфекциясын жұқтырған. Бұрын-соңды ковид жұқтырған мұнша адам анықталмаған. Антирекорд.

Шымкент қаласындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантин шаралары күшейтіліп отыр. Демалыс күндері толық локдаун. Қоғамдық көлік, мейрамхана, базарлар, сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарының жұмысы тоқтатылады.

Таразының бір басында бизнес пен қызметкерлердің мүддесі, екінші басында халықтың денсаулығы мен адамдардың өмірі тұр.


Бизнестен шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз. Бірер апта эпиджағдайды бақылап көреміз. Жағдай жақсарып жатса, шектеу жеңілдетіледі. Бизнестің табысты жұмыс істеуіне әкімдік аса мүдделі. Дегенмен, халықтың саулығы аса қымбат. Шектеу - уақытша. Бардың орны толады, ең бастысы жақындарымызға жанашыр болайық.

Шымкент қаласының тұрғындарын да шектеу шараларына түсіністікпен қарап, көпшілік орындарға бармай, сақтанып жүруді өтінеміз.

Әсіресе, үйде аяғы ауыр келіндері бар ата-енелер мен әкелер сақтанып жүргені абзал, мүмкіндігінше қонаққа бармай, қонақ шақырмаған жөн. Алдымызда Құрбан айт келе жатыр. Қазір айттап жүретін кезең емес. Бас аман, бауыр бүтін болса, айт та, той да ешқайда қашпайды.

Шымкентте 15 500-ден астам жүкті әйел бар. Соңғы уақытта коронавирус жұқтырған жүкті әйелдер көп түсіп жатыр. Аяғы ауыр әйелдің ағзасы көтерер жүк онсыз да көп. Оған коронавирус қосылса, жағдайдың қалай болатынын біле беріңіз.


Бүгінде Шымкентте 2 564 нақуас емделіп жатыр (1 346 науқас ауруханаларда, 1 218 науқас үйлерінде). Сонымен бірге коронавирус індетін жұқтырған науқастармен қатынаста болған 6 379 азамат амбулаторлық бақылауда.

Шаһарда мамандандырылған инфекциялық 2 196 төсек-орын бар. Дәрі-дәрмек пен өкпені жасанды желдету құрылғысы (ИВЛ) жеткілікті. Жағдай әкімдіктің қатаң бақылауында. Дегенмен, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген жөн.

Пікірлер