Картонға кебек пен қалдық қосып береді: Мал жағдайы мәз емес

2608
Adyrna.kz Telegram

Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облысында шаруалар малға қалай картон беретінін көрсетті. Оның айтуынша, үнемдеу үшін малдарға картонға кебек бен қалдық қосып береді екен, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Азамат Сәрсенбаев Facebook желісіндегі парақшасында Ақтаудан 350 шақырым жерде орналасқан Ақшымырау ауылынан шағын фотоесеп жариялаған. Ол жергілікті шаруалар малдардың жем-шөбіне картонды қалай қосып беретінін көрсеткен.

Қуаңшылыққа байланысты қымбаттап кеткен шөпті үнемдеу үшін шаруалар картонды суға езіп, сосын еріген картонды кебекпен және қалдықтармен араластырып береді.

Желі қолданушылары мұндай технология баяғыдан қолданылып келе жатқанын жазған. Жем-шөпке картон қосып беру жануарлардың ас қорыту жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне әсер етеді екен.

Еске салайық, маусымда Маңғыстау облысында тұрғындар малға шөп орнына картон беріп жүргені туралы ақпарат тараған болатын. Әлеуметтік желілерде түйелер мен жылқылардың картон жеп тұрғаны түсірілген видео таралды. Видео авторының айтуынша, фермерлер қиын жағдайдан осылай шығуға мәжбүр. Ол өңірде жем-шөп тапшы екенін айтады. Сондай-ақ, видеода биыл жауын-шашын болмай жайылымдар құрғап қалғаны айтылған.

Артынша жануарлар дүниесі бойынша қазақстандық ғалым Нұрадин Әлібаев бұл дұрыс емес екенін және ол түйелерге зиян болуы мүмкін екенін айтқан еді. Ғалымның айтуынша, жануарлардың тамағында микроэлементтер балансы болуы керек, оларды бұлай асыраған дұрыс емес.

Пікірлер