Жәндіктерді улаймын деп көршілерін өлтіріп алған әйелге сот үкімі шықты

1309

Ақтау қаласының соты жәндіктерді улаймын деп екі адамның өліміне себеп болған әйелге қатысты іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Әйелге ҚР ҚК 304-бабы, 3-бөлігі («абайсызда екі адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелерді бұзу») бойынша айып тағылды.

Іс мемлекеттік айыптаушының, жәбірленушінің, жәбірленушінің өкілінің, сотталушының және оның қорғаушысының қатысуымен өткен ашық сот отырысында қаралды», - делінген Stan.kz ақпарат агенттігі жариялаған материалда.

Мемлекеттік айыптаушы істің мән-жайын ескере отырып, соттан санкция аясында сотталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал жәбірленушілер мемлекеттік айыптаушының пікірімен келісті.

Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрап, соттан бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

Ақтау қалалық соты істі ҚР ҚК-нің 304-бабы 3-бөлігі бойынша қараған. Сотталушының қылмыстық әрекеттері сот тергеуінде жан-жақты, толық және объективті түрде зерттелген дәлелдемелермен толық негізделуіне және қылмыстық әрекеттің ауыр қылмыстар санатына жататынына байланысты айыптау үкімі қабылданды, делінген сот хабарламасында.

«Сот үкімімен айыпталушы Е-ге 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыра отырып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеу жазасы тағайындалды», - делінген сот үкімінде.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, оқиға осы жылдың басында болды. Ақтау тұрғыны көршілерін ескертпей, жәндіктерді өлтіруге арналған «Квикфос» препаратымен үйін залалсыздандырмақ болған. Салдарынан көрші пәтерде қызы мен анасы иістен уланып көз жұмды. Тағы алтауы ауруханаға шұғыл түрде жатқызылды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы