«Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші

2872
Adyrna.kz Telegram

2021 жылғы 23 маусымда «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші (Театр директоры: Ринат Заитов, Қоюшы-режиссер: Жұлдызбек Жұманбай) өтті. 

«Тіл жеткізбесті ән жеткізері де бар», – дейді Ғабит Мүсірепов. Әннің де өз құдіреті бар екені сөзсіз. Ұлтымыздың мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерлері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпаққа жеткен қазақтың дәстүрлі ән өнерінде орындаушылық, әуендік, құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты шартты түрде бірнеше мектеп қалыптасқанын білеміз. Бұл кеште бес мектеп бойынша (Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр, Алтай-Тарғыбатай) попури айтылды. Көкбай Жанатайұлының сөзіне жазылған Алаш Ордашылардың гимні де шырқалғанын ерекше атап өткен жөн:

Қазағым қақтықпа, қамалма,
Ел болар қамыңды амалда.
Партия, сұрқия, қым-қиғыш,
Пейлі арам, көп надан, сенде де.

Жатқа жем, бай едің, кең едің,
Қолыңда билік жоқ ел едің.
Қаны жат, діні жат, жат елден,
Таяқты жеп едің, жеп едің.

Қазағым біріңді бірің дос,
Көрмесең бұл істің бәрі бос.
Деді Абай, бұл қалай, шуламай,
Басың қос, басың қос, басың қос.

Сондай-ақ Театрымыздың толық шығармашылық тобы (70-ке жуық артист) қатысқан «Алтыбақан» ойын-сауық ән кешінде Алатау фольклорлық ансамблі мен «Көкбалақ», «Мереке-Думан» билерін орындаған бишілеріміз өнер көрсетті.

Дәстүрлі өнерді дәріптей білейік!

Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы,
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының
Әдебиет бөлімінің басшысы

Пікірлер