«Ақ жол» 2 министрлікті отандық өндірушілерді қорғауға қатысты әрекетсіздік танытты деп айыптады

2210
Adyrna.kz Telegram

«Ақ жол» партиясы азық-түлік өнімдерінің бағасы мәселесіне алаңдаулы. Тиісті депутаттық сауалды фракция жетекшісі А.Перуашев бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.В.Склярға жолдады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары

Р.В. Склярға

Мемлекеттік органдардың картоп пен сәбіз сияқты маңызды азық-түлік өнімдерінің бағасы мәселесі бойынша дәрменсіздігі халықтың ең аз қамтамасыз етілген топтарына ауыр тиюде. Сондай-ақ ел экономикасында отандық өндірушілер үшін шикізат пен материалдар бағасына қатысты да қиын жағдай орын алуда.

Наурыз айынан бастап «Ақ жол» партиясының депутаттарына отандық кәсіпорындар шикізат пен материалдар бағасының күрт өсуіне байланысты өтініштер келіп түсуде. Атап айтқанда, бұл проблеманы құрылыс компаниялары, машина жасау зауыттары мен металл өңдеу кәсіпорындары өндірісті тоқтатуға алып келетін шешілмейтін проблема ретінде қарастыруда.

31.03.2021 жылы жарияланған депутаттық сауалда біздің фракция металл илегі нарығында қалыптасқан жағдайды қарастыруды сұрады.

Мәселен, бүгінде бейінді құбырдың құны тоннасына 735 мың теңгені құрайды, ал құрылыс сметаларында бюджеттен ол 198 мың теңге, болат электрмен дәнекерленген құбырлар бойынша ағымдағы құны 580 мың теңге, ал сметада 172 мың теңге бөлінген, яғни осы екі позиция бойынша ғана қымбаттау 280%-ға дейін көтерілген.

Орташа алғанда, құрылыста материалдардың қымбаттауы 60%-ға, машина жасау мен металл өңдеуде 80%-ға дейін жетеді. Осы орайда, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі жобалық-сметалық құжаттама 3 жыл бойы жұмыс істейді. Сондықтан отандық қайта өңдеушілер мен құрылысшылардың сметаны қайта есептеу туралы өтініштері нәтижесіз болып қала береді.

А.ж. 31 наурыздағы жоғарыда көрсетілген сауалымызға жауап бере отырып, Үкімет бұл мәселе мемлекеттік органдардың қарауында екенін айтып, 25 маусымға дейін жауап беруге уәде берді.

Бүгін 23 маусым, бірақ әлі шешім қабылданған жоқ.

Мемлекеттік органдар немесе ұлттық компаниялар үшін тапсырыстарды орындайтын кәсіпорындар оларды келісімшарттың бағасы бойынша объективті түрде орындай алмайтын жағдай қалыптасты. Ал шартты орындаудан бас тарту немесе оны орындамау оларды жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізуге және бұдан кейін мемлекеттік және корпоративтік сатып алу нарығына қол жеткізуден айыруға әкеп соғады.

Біліктілік бойынша електен, байқаулар мен тендерлерден өткен неғұрлым бәсекеге қабілетті отандық өндірушілер оларға байланысты емес жағдайлар бойынша экономикалық айналымнан шығып қалатыны белгілі болды.

Сонымен қатар, материалдардың кейбір топтары бойынша мұндай жағдай нарықтың конъюктурасына байланысты ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдардың ыңғайсыз әрекеттері салдарынан да орын алды.

Ағымдағы жылдың 30 сәуірінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі цемент импортына тыйым салды. Нәтижесінде кеден органдары құны төленіп қойған цемент салынған көліктерді кері қайтарды, ал ішкі нарықта баға бірден 35%-ға өсті. «Артық қыламыз деп, тыртық қылдық» деген осы шығар.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ақпараты бойынша құрылыс материалдары бағасының алыпсатарлық өсуі байқалады. Осыған байланысты құрылыс материалдары нарығының субъектілеріне бағаны төмендету қажеттілігі туралы 26 хабарлама жіберілді. Бірақ нәтижелер көз қуантарлық емес.

Оның үстіне, «Ақ жол» фракциясы бағаны бұйрықтармен емес, нарықтық механизмдермен, ең алдымен – бәсекелестікті күшейту арқылы тежеу керек деп есептейді.

Атап айтқанда, цемент нарығы үшін құрылыс маусымы қызған кезде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне импортқа тыйым салуды дереу алып тастау, ал қажет болған жағдайда отандық зауыттардың мүдделерін қорғау үшін тыйым салуды бәсекелестікті болдырмайтын емес, қолдайтын кедендік баждармен алмастыру талап етіледі. Министрлік басшылығымен үш апта бұрын әңгімелескенбіз. Содан кейін БАҚ тыйым салуды жою туралы хабарлады, бірақ мұндай бұйрықтың жобасы әлі де келісілуде. Құрылыс үшін әр жоғалған ай жаңа қаржылық шығындарға және алаңның қымбаттауына айналатынын ұмытпау керек.

Біздің меморгандарымыз әзірге металл прокатына қатысты ойланып жүргенде, көрші Ресей Үкіметі (осы өнімнің негізгі импортын жасайтын ел) нарықты қанықтыру және өндірушілердің сөз байласуын шектеу бойынша шұғыл шаралар қабылдауда. БАҚ-тың хабарлауынша, Федералды монополияға қарсы қызмет (ФМҚ) металл прокаты нарығындағы тергеу аясында үш негізгі металл өндірушіге қарсы іс қозғады.

Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырысты орындауға қатысты өндірушілерді жоспарланған құны бойынша металл прокатымен қамтамасыз ету тапсырылды.

Біздің пікірімізше, бұл Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі бірыңғай экономикалық кеңістік өзінің практикалық пайдасын көрнекі түрде дәлелдеуге тиіс жағдай.

ЕАЭО-на мүше елдердің өндірушілеріне мемлекеттік тапсырыс беру мақсатында Ұлттық (яғни тең) режимге кепілдік берілгендіктен, «Ақ жол» парламенттік фракциясы Сауда және интеграция министрлігінен, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссиядағы қазақстандық өкілдерден қазақстандық мемлекеттік тапсырыс берушілерге белгіленген бағалар бойынша металл прокатын қамтамасыз етуде осындай қолдау шараларын ұсыну туралы Ресей тарапымен келіссөздерге шұғыл кірісуді талап етеді.

Бұдан басқа, ұлттық компаниялар мен «Самұрық-Қазына» қорының машина жасау өніміне баға саясатын түзету бойынша а.ж. 31 наурыздағы біздің депутаттық сауалымызға жауап беруді жеделдетуді сұраймыз.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Пікірлер