Ауыз су қайда, билігім?

3103
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан жер көлемі үлкен болғандықтан әр облыстың табиғи ерекшелігі әр түрлі. Кей өңірде жарты метр жерді қазсаң су шығады, кей өңірде мүлде су жоқ. Мал ішетін суды ішуге мәжбүр болып отырған ауылдар да жоқ емес. Бұл алуандықты теңестіріп, ауыз су мәселесін түбегейлі шешу мақсатында Қазақстан билігі 2011-2020 жылға арналған "Ақ бұлақ" бағдарламасын қабылдады. Бағдарламаның мақсатын еліміздегі ауыз су мәселесін шешу болатын. 

"Ақ бұлақ" бағдарламасы екі кезеде іске асрылды. Ол I кезең - 2011 - 2015 жылдар, II кезең - 2016 - 2020 жылдар аралығында. Құжаттық сипатта бағдарламаның индикаторлық көрсеткішінде 3000-нан астам ауылдық елді мекенді жер асты суларының қорларымен қамтамасыз етеміз,  қалалар мен ірі елді мекендер үшін қорларды қайта бағалау мақсатында жер асты суларының 165 кен орнын және топтық су құбырлар үшін 15 кен орнын толық барлауды іске асырамыз, 86 қала мен 6943 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау және су бұру жобаларын мониторинг жүйесімен қамтамасыз етіп, халықты тәулігіне 24 сағат ауыз сумен жабдықтауды іске асырамыз деп жазылған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 24 мамырдағы № 570 қаулысымен бекітілген "Ақ бұлақ" бағдарламасының құжатында дәл солай көрсетілген. 3 мыңнан астам ауыл жер асты суымен қамтамасыз етіліп, 24 сағат үздіксіз су беру қаншалықты іске асып жатыр?

"Ақ бұлақ" бағдарламасын іске асыру үшін алғашқы кезеңде 335 млрд теңге бөлінген еді. Бағдарлама аяқталды, бірақ ауыз су мәселесі шешілген жоқ. Анығы құжат жүзінде шешіліп, шынайы тұрғыдан мәселелер қалды. Бағдарламаның құжаттық жүйесі бойынша 2020 жылы барлық қалаларда ауыз су мәселесі 100 пайызға ал ауылдық аймақта 80 пайызға шешілуі тиіс болатын. Бұл мақсатта 2011-2019 жылдары 692 миллиард теңге қаражат та бөлінді.  2020 жылы су құбырларын салу үшін тағы 111 миллиард ақша бөлінген. Сансыз миллиардтар құжат түрінде тамаша игеріліп жатыр. Ресми статистикаға сенсек  6321 елді мекеннің 4078-інде орталықтанған су жүйесі бар. Бұл 87% дегенді білдіреді. Неткен көрсеткіштер, тіпті судың ортасында тұрған елдер де мұндай көрсеткішке ие емес шығар.  Алайда тиынның екі жағы болатындай, мәселенің де ресми және бейресми жағы болады. Құжаттағы "Ақ бұлақ" пен өмірдегі "Ақ бұлақтың" айырмашылығы қандай? Оны білу үшін алысқа барудың қажеттілігі жоқ. Қазір халықтың ойын білдіріп, пікірін сұрастыратын әлеуметтік желі мен интернет атты құдірет бар. Міне, сол құдіретке бізде жүгініп, "Сіздің ауылыңызда, қалаңыз бен ауданыңызда ауыз су мәселесі шешілген бе" дедік. Солардың ішінен бірқатар жауапты осында келтірсек.

Бижан Садибеков есімді азамат "Шешілмеген. Түркістан облысы, Келес ауданы әкімдігіне қарасты Бірлесу ауылдық округінде суды тасып ішеміз" депті. Ал Манат Үмітбай деген желі қолданушысы "Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Капан бұлақ ауылында ауыз су мәселесі шешілмеген" деп жауап қалдырыпты. Ауылдың атына қарап, өзі бұлақ бойында орналасқан елді мекен екенін түсінуге болады. Ауыз судың 70% қоры шоғырланған шығыста осындай жағдай болса, өзге аймақты айтудың өзі қиын. Тіпті өткен жылы Зайсанның жанында тұрған Тұғыл ауылында ауыз су мәселесі бойынша дау болғаны әлі есімізде.

Алматы маңының тұрғындары да ауыз су мәселесінің толық шешілмегенін айтуда. Мысалы Әсел Кәрім есімді азаматша "Алматының шеті. Қарабұлақ ауылы, новостройка (Панфилов, Ключи). Талғар ауданы. 360 үй бар, су жоқ. Әкімшілік әне-міне деп, өтірікті соғуда"  дейді. Нұрсұлтан Оразгелді есімді Фейсбук пайдаланушысы "Алматы облысы, Қарасай ауданы, Долан. Шешілмеген" деп қысқа қайырыпты. Журналист Жарас Кемелжан болса "Алматының түбіндегі Тұздыбастау ауылында күндіз су болмайды. Түнде ғана сыздықтап ағады" дейді.  Музаффар Насыров есімді азамат "Созақ ауданы, Созақ ауылы. Халық саны 10 мыңнан асады. Ауыл халқы тұзды су ішіп отыр, ауыз су мәселесі шешілмеген" деген жауабын қалдырған.

Бұл жүздеген азаматтардың ішіндегі санаулысы ғана. Ауыз су мәселесі шешілмей, суды алыстан тасып ішетін немесе ішуге жарамсыз суды тұндырып, еріксіз қолданатын ауылдар саны жетерлік. Оны қысқаша сауалнамамызда байқадық. Қағаз түрінде мәселенің бәрі "оңтайлы шешілетін" елімізде шынайы түрде қашан солай болады?! Ауыз су мәселесін түбегейлі шешуге арналған "Ақ бұлақты" қабылдаған Үкіметке, оны іске асыруға тиіс болған құзырлы органдарға қарап "ауыз су қайда, билігім" деген сауалды қойғың келеді. 

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер