Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмыр ай десеңші...

5328
Adyrna.kz Telegram

Күні кеше ғана өлшеулі ғұмырда шексіз мейірім иесі, жанашыр әріптесіміз, ұлағатты ұстаз Майра Ғилақызы өмірден озды.
Майра Ғилақызы 1940 жылы 26 қыркүйекте Гурьев (Атырау облысы, Теңіз, Құрманғазы) ауданында дүниеге келді. 1957 жылы сол ауданның Абай атындағы орта мектебін бітіріп, 1957-1962 жылдары Алматы шет тілдері институтының неміс факультетінде оқыды. 1967 жылдан бастап Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеттің физика-математика факультетінде неміс тілінен аға оқытушы, академиялық доцент қызметтерін атқарды. Университеттің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, университеттің қыздар кеңесінің төрайымы, физика-математика факультетінің партия ұйымының хатшысы болды. ҚР «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін 2009 жылы «Ы.Алтынсарин», Х. Досмұхамедов атындағы төсбелгілерімен, облыстық және қалалық әкімшіліктердің алғыс хаттарымен марапатталған.
Майра апай тек білім мен ғылым саласында ғана жетістіктерге жетіп қоймай, жылы ұядай өзінің отбасында да бақытқа кенелген жан. Құдай қосқан қосағы, Атырау ғалымдарының көшбасшысы, ұзақ жылдар бойы университет ректоры болып абыройлы еңбек еткен Хисмет Бозанұлы екеуі ұрпақ өсіріп, биікке жетелеп жеткізді, орнымен оқытып адам қатарына қосты.
Бар ғұмырын білім саласының өркендеуіне үлес қосуға арнаған абзал жан, аяулы ұстаз, Майра Ғилақызының жарқын бейнесі жадымызда әрдайым сақталады. Жаны жәннатта болғай!

Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Идрисов Саламат Нұрмұханұлы.

Майра апамыздың қазасына

Армысың Атыраудың қаралы елі,
Торлады ауыр қаза сананы енді.
Алтайдан Атырауға келгенімде,
Сипаған маңдайымнан Анам еді.
Аңырап келдім жоқтап орныңды,
Амалсыз көтереміз қазаны енді.
Майра апам, еркелеткен бір ұл едім,
Балам деп кім айтады маған енді.
Секілді туған анам көрінетін,
Түзетіп беретұғын жаға-жеңді.
Еске алып еңірейміз нұрлы жүзін,
Шақырып дұғамызға тамам елді.
Анамыз жатқан жері жарық болсын,
Алагөр Хақ Құдайым панаңа енді.
Мейірімді бар жұртына асыл Ана,
Мәңгілік ұмытылмас ғасыр Ана.
Хисмет атамызға асықты ма,
Ертерек барғысы кеп қасына да.
Амал не басқа түскен қиындыққа,
Қарамайды ажал көздің жасына да.
Жүрегі қандай жұмсақ сол Ананың,
Бөленген алғысына көп адамның.
Мейірі күндей нұрлы күліп тұрған,
Анасы секілді еді бар баланың.
Күрсіне еске аламыз енді Ананы,
Жүректен сағыныштың арнап әнін.
Езілді естігенде ет жүрегім,
Еңсемді басып қайғы кетті менің.
Амал не басқа түсті, көнеміз де,
Жәннаттық болсын Ана деп тіледім.
Аяулы Бейбіт, Сақтаған, Ерлан ағаларым
Сабыр ет, асыл туған тектілерім!
Төгілген мейіріне разымыз,
Сөнбейтін кеудедегі шырағымыз
«Қарағым, айналайын» деген сөзін, естірдей елеңдейді құлағымыз
Амал не Асыл Ана қимасақ та,
Сағынып көзден ағар бұлағымыз.
Ешқашан ұмытпаймыз, аяулы Ана
Бейіште болсын бақи тұрағыңыз!

Қазақстан ұлттық мұрағат қорының қызметкері
Ахат Расул

МЕЙІРІМДІ МАЙРА АПАЙ

Атырау жұртшылығы жаны жайсаң жақсы адам Майра Гилаева апамызды қадір тұтатын. Университеттегі ұстаздығы бір бөлек, адамшылығы бір бөлек жаны жомарт апамыз еді. Атырау университетін ұзақ жылдар басқарған ректор, белгілі тарихшы ғалым Хисмет Табылдиевтың жары Майра апайдың әр ісі өнеге, үлгі болатын. Хисмет ағаның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында кітап шығару, ұйымдастыру ісіне көмек берген едік. Майра апай «Мынау Фаризаның ертеректе жіберген өлеңі еді маған арнаған, соны кітапқа кіргізу керек сияқты» деген еді. Фариза апайдың өлеңі Майра апайға деген риза көңілден жазылған екен.
Майра Гилаеваға
Айтқызбай - ақ ойыңды түсінетін,
Әзілдейтін, алдыңда кішіретін.
Жаны жұмсақ, жарасты сұлу Майра
Жайдарысың, жақынсың кісіге тым.
Майра сенсің үлгі етер мақтанымыз,
Енені де мәпелеп баптадыңыз.
Қос батырды мұра ғып Хисағаға
Өзін жігіт қалпында сақтадыңыз.
Ақылды әйел...
Ерге берген бағы ғой бір Алланың,
Ана -тұғыр ұшырар қырандарын.
Хисағаның 60 жас тойы күні
Майра , саған алғыс пен жыр арнадым.
Фариза Оңғарсынова

Майра апай кітапты көп оқитын және сөзге мән беретін. Әр сөздің астарына үңіліп отыратын. Жасы үлкен болса да кішірейтпей сырласып, кейде ақылын айтып, әзілдесіп отыратын. Мен ол кісіге «Сізге әйелдердің данышпаны» деп ат қойдым десем, Майра апай күлетін де қоятын. Менің Атырауға барғанда , амандасып кететін жақсы көретін апаларымның бірі -Ділдә апай болса, екіншісі Майра апай болатын.Өкініштісі, енді арамызда жоқ. Еланасы атанған Ділдә апай да, мейірімді Майра апай да өмір жолы өнегелі жандар. Міне Майра апай да келмес керуенге ілесіп ,артына сонылы-соқпақты із тастап кете барды. Алдынан жарылқасын дейміз. Артында қалған ұрпақтарына қайғырып көңіл айтамын.

Ақын, драматург, аудармашы, прозаик, сатирик -
Ершу Маржан Аманқосқызы

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер