Жүкті әйелдерге арналған перинаталды орталық ашылады

470

Қазақстанға ресми сапармен Қатар Сыртқы істер министрлігінің басшысы, шейх Мухаммед бен Абдулрахман Әл Тәни келді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз орталғы хабарлады. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді екеуі келіссөздер жүргізіп, екі жақты қарым-қатынастың мәселелері мен даму барысын талқылады. Кездесу барысында сауда-экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді.

Келіссөздер кезінде Қатар даму қорының (Qatar Development Fund) қаражатына Алматы облысының Іле ауданындағы Өтеген Батыр кентінде перинаталдық орталығының құрылысы туралы меморандумға қол қойылды. Бұл орталық жүкті әйелдерге босану және босанғаннан кейін жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетуге арналған. Алматы облысы тарапынан меморандумға Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов қол қойды.

Айта кетерлік жайт, Қатар сыртқы саяси ведомствосы басшысы Қазақстанға алғаш рет келді.  Келіссөздер барысында, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы Қазақстан-Қатар қатынастарының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективалары қаралды. Сонымен қатар алдағы уақытта ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі және банк ісінде бірлескен жобалар қолға алынады.

Тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау және тау-кен өнеркәсібі, көлік және логистика, сондай-ақ қаржы және банк қызметі саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделілік расталды. Тараптар сондай-ақ екі елдің халықаралық және өңірлік ұйымдар, соның ішінде БҰҰ, АӨСШК, ИЫҰ және т.б. шеңберіндегі өзара іс-қимылының жоғары деңгейін атап өтті.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар