Тәтті сусындарға салық көбейтілмек

492

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тәтті, газдалған сусындарға биыл салықты 7 пайызға көбейтуді ұсынып отыр деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «Qazaqstan» ұлттық арнасына сілтеме жасап.

Себебі құрамында қанты көп сусындарды тұтыну салдарынан елімізде қант диабеті, семіздік және жүрек қан тамыры аурулары көбейіп барады. Мәселен, тек қант диабетіне шалдыққандар соңғы бес жылда 31 пайызға өсіп, науқастар саны 400 мыңға жуықтаған. Егер бұлай жалғаса берсе 2030 жылға қарай науқас саны 1 миллионнан асады деп болжап отыр мамандар.

Соңғы жыдары бұл ауру «жасарып» барады. Қант диабетімен қарттар ғана емес, кішкентай балалар да ауырады.

— 3 жастан бастап қант диабеті диагнозы қойылған балалар бар. Бұл біздің Қазақстан үшін жақсы көрсеткіш емес, - дейді дәрігер-терапевт Ақтолқын Нұрмаханқызы.

Дәрігерлердің айтуынша, мұның себебі, елдегі әр екінші бала тәтті сусынға әуес. Тәтті, газдалған, энергетикалық сусындар, шырындар мен салқындатылған тәтті шайларды көп тұтынудың салдарынан балалардың тісі шіріп, семіздік белең алып барады. Елдегі 6 млн баланың 3,2 пайызы семіздікке шалдыққан. Халықтың 20 проценті артық салмақпен күресіп әлек. Соңғы 5 жылда жүрек-қан тамырлары аурулары 16 процентке өскен.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі салықты көбейтіп, қолжетімді тауарды қымбаттатқанда ғана тұтыну азаяды деген үмітте. Сол себепті 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» бағдарламасы аясында биыл 17 пайыз, ал 2025 жылға дейін салықты 45 пайызға жеткізуді ұсынып отыр.

— Әлемнің 40 елі осы акцизді көтерді. Қазақстанда осы мәселені зерттеуде. Ұсыныс ретінде жасалып жатыр. Өйткені ересектер мен балалардың арасында семіздік пен қант диабеті артуда, – деді  ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жанар Қалмақова.

Ал алкогольсіз сусын өндірушілер қауымдастығы бұған қарсы. Себебі, акциз енгізілсе, сусын өндіретін кәсіпорындар дағдарысқа ұшырайды. Елде мұндай компания саны 400-ден асады.

— Біз қарсымыз. Себебі бұл кәсіпкерлерге үлкен соққы. Өздеріңіз білесіздер, қазір бәрі қымбат. Қант бағасы, шикізат, электр энергиясы артып жатыр. Егер 20 пайыз енгізілсе шағын және орта кәсіп 26 пайызға қысқарады. 12000 адам жұмыстан айырылады. Қанттың зияны әлі толық зерттелмеген тақырып. Сондықтан ақылға қонымсыз. Барлығын таразыға салу керек, – дейді алкоголсіз сусын өндірушілер қауымдастығының президенті Алия Мамытбаева.

Ұсыныстың нүктесін қоятын ұлттық экономика министрлігі істің әлі қаралып жатқанын айтып, қандай да бір түсініктеме беруге әлі ерте деп отыр.

Егер осы сусындарға қосымша тағы 7 пайыз салық салынса, онда олардың бағасы 7 есе қымбаттайды. Демек бір құтының бағасы 1000 теңге болуы мүмкін. Әзірге бұл ұсыныс қана.

 

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы