Вакцина салдырған адам ұшаққа мінбейді - қаншалықты рас?

3163
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желіде коронавирусқа қарсы вакцина алғандарға ұшақпен ұшуға болмайтыны туралы видео тарады. Себебі тромбоз немесе қан кету қаупі бар. Stopfake.kz сайты бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Өйткені, коронавирусқа қарсы екпе салдырған адамдар үшін ұшу қаупі жайында дәрігерлер де, ғалымдар да ешқандай мәлімдеме жасамаған.

"Медицина өкілдері вакцинаның екінші дозасын алған адамдарға, тек екі-үш аптадан кейін ұшақпен ұшуға кеңес берген. Себебі, осы уақыттың ішінде ағзада антиденелер қалыптасады. Сондай-ақ, мамандар екпе салдырған туристерді сақтық шараларына немқұрайлы қарамауға шақырады. Вакцина салдырса да бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет", – делінген ақпаратта.

Ал ұшу кезінде вакцинацияланған адамдарда тромбоз немесе қан кету қаупі артатыны туралы ешкім айтқан жоқ. Бұл миф ағылшын тілді желілерде шыққан. Атап айтқанда, "әуе компаниялары жаппай өлімнің алдын алу үшін екпе алған адамдарға ұшуға тыйым салады" деген қауесет тарады. Бірақ тәуелсіз фактчекерлер оны жоққа шығарды. Әуе тасымалдаушы компаниялар да ондай шектеулерді енгізу жоспарда жоқ екенін мәлімдеді.

Мәселен, биыл 8 сәуірде Qatar Airways бортында болған барлық жолаушы мен қызметкер екпе алып шыққан. Сол күні ұшу кезінде және қонғаннан кейін тромбоз немесе қан кету жағдайлары тіркелген жоқ.

Басқа әуе компаниялары да коронавирусқа қарсы вакцина алған туристерді тасымалдауға дайын екендігін хабарлады. АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығы вакцинацияланған адамдарға ұшуға ресми түрде рұқсат берді.

Еуропа одағына кіретін мемлекеттер де COVID-19-ға қарсы екпе алған туристерді қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

 

 

Пікірлер