Владимир Сергийчук: Әуелі украинның - нанын, қазақтың - малын, сонан соң миллиондап жанын алды

3564
Adyrna.kz Telegram

Владимир Иванович Сергийчук  –   Тарас  Шевченко атындағы Киев ұлттық университеті әлем украиндары тарихы кафедрасының меңгерушісі. Украина жоғары мектеп академиясының академигі. Тарих ғылымдарының докторы, профессор. Украинадағы ашаршылықты егжей-тегжейлі талдаған «Бізді қалай аштан қырды» («Як нас морили голодом») атты монографияның авторы. Елордаға сапары барысында ғалыммен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сол әңгімені назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

– Владимир Иванович, сіздің кандидаттық  және докторлық диссертацияларыңыздың тақырыбы украин халқы тарихының бірнеше ғасыр бұрынғы кезеңдеріне арнал­ған. 1932-1933 жылдардағы ашаршылық мәселелеріне бет бұруыңызға не нәрсе әсер етті?

– Еліміз тәуелсіздік алған тұста казачествоның бірден-бір маманы болдым. Жұрттың бәрі менің зерттеулеріме жүгінетін. Соны малданып жүре беруіме де болатын ба еді, бірақ архивтың қойнауынан көптеген беймәлім құжаттардың шеті қылтия бастады ғой. Ал өзім архив десе, ішкен асын жерге қоятын тарихшының бірімін. Сөйтіп, шаң басқан мүйістерді қуалай тінтіп жүргенімде, го­ло­доморға (Украинадағы ашар­шылыққа – А.Ш.) қатысты деректерге ұшырастым. Шұқшиған күйімде бас көтере алмай қалдым. Бұл нәубеттің жай-жапсарын сараптауға ішкі дайындығым да жоқ емес-тұғын. Тоқсанның үшеуіне келіп дүниеден озған қайран анам зұлмат аштық туралы үй ішіндегі бәрімізге сыбырлап қана әңгімелеп отыратын. Айтарын айтып алып, көлденең біреу естіп қоймады ма деп зәресі кететін. «Сібірге айдап жібергеннен» қорқатын. Әкемнің де, шешемнің де жағынан бірнеше кісі сол аштықтың аранына жұ­тыл­ған. Сондықтан голодомор жайындағы қолыма түсіп, назарыма іліккен алғашқы құжаттардың өзі-ақ менің есі-дертімді билеп алды. Жабулы жатқан тақырыпқа солайша ден қойдым.

– Дерек көздері Украинаның өзінде сақталған ба?

– Өзімізде толып жатыр, әри­не. Оның бәрін табу – өз алдына бір жұмыс та, қолма-қол қорытып үлгеру тіпті қиын. Сол себепті ең алдымен мұрағат мате­риалдарының бас-аяғын құ­рап, том-том жинақтарға айналдырдық. Көпшіліктің құпия мәліметтермен таныса бергенін қаладық. Санкт-Петербург архивтерінде ізденіс жасаудың сәті түсті. Бірақ кейінірек Мәскеудің тарихи қоймаларына жол ашылмады. Бұйыртқаны сол, Канаданың Торонто қаласындағы украин диас­порасы ондағы қажетті құ­жаттардың көшірмелерін сатып алыпты. Осының пайдасын көрдік. Қазақстан архивтерінің де жәрдемі көп тиді. Мемлекеттік мұрағаттарыңызда талай уақы­тымды өткіздім.

– Сонда Қазақстандағы ұлы зұлмат пен Украинадағы голодоморды салыстыра қараған боларсыз?

–  Әлбетте. Украинада диқандар қасіретке бөкті, Қазақстанда бақташылар қырғынға ұшырады. Отырықшы шаруашылығы өркен­деген біздің қара топырақты аймақ та, көшпелі тіршілігінің қаймағы бұзылмаған сіздің шүйгін далалы ел де большевиктердің басбұзар саясатының салдарынан шексіз азапқа душар болды. Біздерді наннан, сіздерді малдан айырды. Халқының проценттік мөлшеріне шаққанда – қазақтар көп жұтаса, адам санымен есептегенде – украиндардың шығыны басым.

– Қанша адамнан айырылдық деп жүрсіздер?

– 7 миллионнан 10 миллионға дейінгі сандар айтылады. Қара­ңыздаршы, 1926 жылғы санақ пен 1939 жылғы санақтың аралығында халықтың саны Ресей Федерациясында – 28, Беларусьта – 11,2 пайызға көбейсе, Украинада 9,9 пайызға кеміген.

– Ол кезде Қазақстанды қоныс­танған украиндар аз болмаған сияқты…–  Отызыншы жылдардың шамасында сіздердің республи­каларыңызда 860 мың украин өмір сүріп жатқан еді. Ал 1939 жылғы санақтың нәтижесі бойынша олардың саны 200 мыңға кеміді. Мұның ішінде аштықтан өлгені де, қуғын-сүргін құрбандары да бар.

– Ал енді Украинадағы го­лодо­мордың түп-төркіні неден бастау алды деп ойлайсыз?

– Жалпылама сипаттағанда, бұл бірінші кезекте украин шаруаларына сілтенген сойыл болды. Неліктен? Өйткені марксизм-ленинизммен сақадай сай қаруланған большевизм лидерлері кез келген мемлекеттіліктің материалдық іргетасын шаруалар қалайтынын білді. Нақ осы шаруалар қауымы меншікті жерлеріне табан тірей отырып, өзінен артылған өнімін ұлт-азаттық қозғалысының игілі­гіне бөлісе жұмсай алары анық еді. Әсіресе, Кубаньдағы украин шаруалары өздеріне күштеп та­ңылған совет өкіметінің тәртібіне қарсы өре түрегеліп, большевизмге батылдықпен доқ көрсетті. Кеңес­тік тарих бұл туралы ләм-мим деп ауыз ашпайтын. Әрі совет өкіметіне қарсы бағытталған шаруалар көтерілісін «бандитизм» деген ұғымның аясымен шектейтін. Сөйтсек, голодоморға дейін де украин шаруалары өз наразылықтарын іштеріне бүгіп ұстамапты. Бұрқ-сарқ мінез танытыпты. Украиндар өздері көп мекендеген Кубаньда ғана емес, аз ғана бөлігі көшірілген Қазақ­станнның терістігінде де жаңа билік­тің өктемдігімен қақтығысқа барыпты. Айталық, қазақстандық архив құжаттарына сүйенсек, Қостанай облысындағы олардың қозғалысына «махношылдық» деп айдар таңылған. Яғни, бүлік­тің сипатын Украинадағы атаман Нестор Махноның есімімен байла­ныстырған.

–  Большевиктердің украин шаруаларына соншама шүйліккені несі?

–  Өйткені, олардың ұрандарында ұлттық дербестіктің талаптары бар еді. Бұл, әрине, большевиктерді шошытты. Кубань архивінен жер­гілікті бір ұсақ шенеуніктің жоғары жаққа жолдаған жарамсақ хатын кезіктірдім. Ол «украиндандыру совет өкіметінің күйреуіне алып келеді» деп байбалам сала жазыпты. Осындай шағымдар бір арнаға құйыла келе, украин шаруаларын қатаң бақылауға алу ұйғарылған болар. Большевиктер партиясының 1923 жылғы ХІІ сьезінің шешімдерінен кейін ұлт аймақтарында ана тілін, ел мәдениетін өркендету мәселелері қызу қолға алына бастады. Украин зиялылары да белсенділігін бай­қатты. Бұл Мәскеудегі орталыққа жақпады. Сөйтіп, 1928 жылы «Шахтинск ісі» қозғалып, украин интеллигенциясына ауыр соққы жасалды. Алды атылды, соңы түр­меге тоғытылды. Интеллигенциядан соң, шаруалардың кезегі келді. Оларды жүгендеудің ең оңтайлы амалдары қарастырылды.

–  Ол қандай амалдар еді?

– Менің пікірімше, басы ноқ­таға сыймаған украин шаруаларын ықтырудың ең тиімді тәсілі – оларды аштан қатыру болды.  Неге? Өйткені аштан өлген адам­дардың сұрауы жоқ: бәле-жаланы егіннің шығымсыздығына, ауа райының қолайсыздығына жаба салып құтыласың. Тарихта талай аштық болғанын білеміз. Бірақ табиғаттан төтен келген ол аштықтарға қарағанда, голодмордың сипаты бөлек. Ол – қасақана ұйымдастырылған, халықтың тұтас бір бөлігін жоюды әдейі көздеген  сұм саясат. Яғни, бір сөзбен айтқанда, геноцид.

– Бұл төңіректе түрлі қарама-қайшы пайымдардың бар екенінен хабардармыз. Сіздіңше, голодоморды не себептен геноцид деп атаған жөн?

– 1932 жылы Украинада астық шықпай қалған жоқ. Бұл –  баршаға белгілі жайт. Оның бір бөлігі сауда-саттық жөнімен шет елдерге жөнелтіліп жатты, басқасы елде қалдырылды. Алайда аш адамдардың астыққа қолы жетпеді. Қолы жетпеді емес, жеткіздірмеді. Қарын тойғызар наны бар Ресейге, Белоруссияға, Закавказьеге оларды аттап бастырмады. Билік осыны көре тұра, мақсатты түрде қолдан жасады. Геноцидтің бір белгісі осы болса, екіншісі – аштан қырылып жатқан халықты азық-түлігі бар жерлерге жібермей қоюы. БКП(б) Орталық комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің 1933 жылғы 22 қаңтардағы қау­лысында: «Украина және Кубань округының шаруаларына тысқары кетуге тыйым салынсын» деп жа­зылған. Ол пәрмен екі етпей орындалды. Қазақтар секілді, босып та көше алмады…

–  Қазақтың ауа жүріп қырыл­ғаны қаншама…

–  Олардың қайда барса да, алды ашық болды ғой әйтеуір. Омбы, Орынбор, Новосибирск, Самара, Челябинск асты. Өзбек, қырғызды паналады. Қытайға қашты. Архив деректерін оқысақ, қазақтардың барған жерлерінде азды-көпті қамқорлық жасалғанын көреміз. Мысалы, Башқұртстанда босқын қазақтарды жұмысқа орналастыру жөнінде қаулы алынған. Тіпті қаныпезер Кагановичтің өзі қазақтарды Саратов облысынан қуып шықпаңдар деп нұсқау беріпті. Ресей тарихшысы Кондрашиннің жазуынша, Еділ бойындағы Сорочинск ауданында сол кезде  391 қазақ жұмысқа тұр­ғызылған. Голощекин мен Мир­зоянның қазақтар ауып барған жерлерде оларға тиіспеу туралы өлкелік және облыстық партия ұйымдарына жолдаған өтініш жеделхаттарын өз көзіммен көрдім.

– Қазақстанда «Кіші Октябрь»  жасап, «аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» саясатын жүргізген қандықол Голощекиннің аяқ астынан қазаққа жаны аши қалғандығына илана қоймаспыз. Қытаймен арадағы шекараға пулемет қойғызып, қашқан қазақтың жолын оқпен бөгеген…

– Мен архивтегі қағаз бетінен оқығанымды айтып жатырмын...

– Қазақтар – әрқашан пейіліне сенген халық.  Бірақ олардың ауа көшкеніне онша қарсылық білдірілмегенінде де ас­тар бар секілді. Өйткені қа­зақ­тың басы ауған жаққа кетіп, орны босап қалғаны келімсектерді әкеліп төгу үшін тиімді болды емес пе?

– Мүмкін… Ал украиндарға халықаралық ұйымдардан көмек сұрауға тура келді. Алайда совет өкіметі аштық туралы шындықты әлемдік қауымдастықтан жасырып бақты. Бұл – геноцидтің үшінші айғағы. Шетелдегі украин диаспорасы жағдайға қаныққан соң, жабыла қаржы жинады. Ұлттар лигасына өтініш түсірді. Басқа мемлекеттер де қол ұшын созды.

– Қазақтарға шеттен қара­сатын ешкім болған жоқ…

– Бірақ совет өкіметі украиндарға ұсынылған жәрдемді қабылдаудан бас тартты. Геноцидтің төртінші белгісі осында таңбаланған. Бір назар аударатын нәрсе, сол шақта Украинада 400 мыңдай неміс тұрып жатқан. 1933 жылы билік басына келісімен, Гитлер осындағы ашыққан немістерге көмек көрсету жөнінде тапсырма береді. Өз қалтасынан 1000 марканы салады. Ол немістер тұратын мекендегі украиндарға, поляктарға, гректерге, болгарларға да – араларында аштықтан алауыздық тумауы үшін – герман ақшасын бірдей таратуды талап етеді. Әр отбасына апта сайын 80 маркадан қаржы тиіп жатқандығы жайындағы хабар Лазарь Кагановичтің құлағына жетеді. Бұлқан-талқан болып ашу­­ланған ол: «біздің халқымыз тоқ», –  деп,  келген ақшаны про­­ле­тариаттың халықаралық ұйы­мының қорына аудартады.

– Фашистерге бергісіз құй­тырқы қатыгездік болған екен…

– Мен мұны аспаннан алғам жоқ – архив деректерін сөйлетіп отырмын. Геноцидтің бесінші белгісі – адамдардың көзін жойып қана қоймай, рухани тұрғыдан жаншу. Аштықпен немесе қу­ғын-сүргінмен ұлтты зәрезап қылу, еңсесін басу, болмысынан жаңылдыру, қосүрей ету. Бұл ретте украиндар не көрмеді дейсің?! Краснодар өлкесінде 1926 жылы 1 млн 581 мыңдай украин тұрып жатса, 1939 жылы олардың 144 мыңы ғана қалған. Сонда 1 миллион 438 мыңға жуық адам қайда кеткен? Олардың бір бөлігі депортацияға ұшыраған. Аштықтан көз жұмғаны бар…  Басқасының бәрін шегергеннің өзінде, 1 миллион украин қайда жоғалған? Ешқайда  да. Күнкөріс үшін орыс болып жазылып кеткен. Бұл – өз ұлтынан тірілей айырылғандар.

– Ассимиляцияға ұшыраған­дардың қайтып келмесі анық…

– Енді геноцидтің ақырғы – алтыншы белгісін көрсеткім келеді. Украиндарды ата қоныстарынан зорлықпен көшірген. Айталық, 1932 жылғы желтоқсанның ішінде Полтавская станицасынан запорожье казактарының ұрпақтары саналатын 10 мыңға жуық адамды арнайы эшелондарға тиеп жіберген. Оларды апарып төккен жерлердің бірі – қазіргі Қарағанды облысына қарасты Осокаровка деген елді мекен. Солтүстік Кавказда тіпті «Полтавская станицасы солтүстік аймақтарға неге жер аударылды» деген үгіт кітапшалары таратылып,  дөрекі депортацияны ақтап алуға тырысқан. Лезде украиндардан «тазартылған» Полтавская станицасының атын  «Красногвардейская» деп өзгерткен. Босаған жерге Орал бойынан, Мәскеу мен Ленинград облыстарынан, Белоруссиядан колхозшыларды, сондай-ақ байырғы қызыләскерлер мен ОГПУ арда­гер­лерін әкеліп жайғастырған. Сол сияқты, Уман және Медведовская станицаларының тұрғындары да түгелдей жер аударылған. Бұлар­дан бөлек, тағы да 12 станица совет өкіметі ойлап шығарған «қара тақтаға» жазылған. 1932 жылғы 14 желтоқсанда БКП(б) Орталық Комитеті «Украина­дағы, Солтүстік Кавказ­дағы және Батыс облыстағы астық дайындау туралы» қаулысын жариялады. Онда қаулыда аталған үш өңірдің де науқандық шаруаны ақсатып отырғандығы сыналады. Бірақ нәтижесінде қуғын-сүргінге тек Украина мен Кубань округінің егіншілері ұшырап, партиядан қуылады, сотталады, ішінара тіпті ату жазасына бұйырылады. Басқалары – дін аман. Мұны қалай түсінуге болады?! Сондықтан да біз бұл қаулыдан ұлттық нышан іздеуге мәжбүрміз. Өйткені оның алтыншы бабынан бастап оныншы бабына дейін «украиндандыруды» тоқтату мәселесіне арналған. Ол – ол ма, тура ертеңіне – 15 желтоқсан күні орталық тағы бір қаулы шығарып, енді бүкіл Кеңестер Одағы бойынша жаңағы айтылған «украиндандыруға» толықтай тыйым салды. Мектептеріміз жабылды, баспасөзіміз орыс тіліне көшірілді, тілімізге қысым жасалды…

– Бізге де таныс жайттар ғой. Әңгімеңіздің барысында Кагановичтің есімін теріс жағынан көп атадыңыз. Неге?

– Өйткені ол украиндарға қар­сы солақай саясаттың дем берушілерінің және жүзеге асыру­шыларының бірі болды. Мысалы, 1932 жылғы 4 қарашадағы Сол­түстік Кавказ партия ұйымының қаулысын шығаруға Лазарь Моисеевич Каганович тікелей өзі қатысты. Украин шаруаларына азық-түлік бермеу, оларды жер аудару осыдан басталды. Медведовский станицасына барғанында, ол алдынан құрақ ұшып шыққан қарияларға «саботажниктер» деп айқайлап, кеудеден итерген. Манағы айтқан «қара тақтаны» да қолданысқа енгізген – сол адам. Бергі заманда, өткен ғасырдың 80-90 жылдары голодоморға бай­ланысты шындықтың бетін ашу үшін әрекеттер басталды. Ішінде бірде-бір украин ұлтының өкілі жоқ, әртүрлі ел азаматтарынан құралған заңгерлердің халықаралық одағы кеңес билігіне сұрау салды. Ұмытпасам, 1988 жылы олар сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Николай Иванович Рыжковты сотқа шақырып, голодомор туралы деректер беруін өтінді. Бірақ Рыжков барудан бас тартты. Ал ол кісі – Донбастың тумасы, ұлты украин. Өзінің әулеті ашаршылықтың зардабын тартқан. Басқасы – басқа, осындай жағдайлар да болған.

– Кеңес Одағының барлық халықтары ашаршылықты бастан кешті деген пікірлер де жоқ емес. Бұған не дейсіз?

– Бір жиынның үстінде тарихшы отандасымның осылай дау көтергені бар. Сонда мен: «Айтыңызшы, чукоттар аштыққа ұшырады ма?» дедім. Ол мүдіріп қалды. Өйткені чукоттар аштықты көрген жоқ. Сол сияқты, грузиндер мен армяндар ашығып па екен? Әзербайжандар мен беларусьтар ше?  Сөз жоқ, өзгелердің бәрінен көп ауыртпалық көрген – украин мен қазақ.

– Сөз соңында сіздің ғылым жолындағы бастапқы қадамыңызға қатысты сауал қояйын. «Казак» пен «қазақ» сөз­дерінің төркіні бір дейді ғалымдарымыз. Сіз қалай ойлайсыз?

– Оған күмәнім жоқ. «Казак» – біздің тілімізге енген түркі сөзі. Ол бірте-бірте ұғымымызда әлеуметтік сипатына қосымша – саяси мәнмен көмкеріліп, мазмұн-мағынасын жаңалаған. Қазақ пен украинның тамырластығы – тереңде. Уақыт өткен сайын екі халықтың да мәртебесі биіктей беретініне сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан: Амантай ШӘРІП

 

Пікірлер