Cәулетті сексен

1067
(Портрет-эссе)
Үндісті аялаған үрдіс
Тілімді өрге сүйреді,
Тексіздерді түйреді.
Бірақ үндіс жұртына,
Бұрып тұрар бүйрегі...
(Тақырыптың тұздығы)
1990 жылдардың басында «Жас алаш» газетінің редакциясына тосындау бір қонақ келді. Тосындау дейтініміз, әдетте мұнда қазақтың танымал тұлғалары, әсіресе белгілі өнер адамдары жиі бас сұғатын. Ал мына кісі жер түбінен жетіпті. Азуын айға білеген Америка Құрама Штаттарының тұрғыны. Әлде ғалым, әлде жиһангез. Не кәсіп істейтіні есімізде қалмапты. Тірі америкалықты көру үшін бәріміз бас редактордың бөлмесіне жиналдық. Мұхиттың арғы жағын мекендейді демесең, екі иығы қушиған, көзге қораштау біреу. Оның есесіне әлгі мейманды осында ертіп келген келбеті келісті азаматқа көбірек назарымыз ауды. Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, жанындағыларға ыстық ілтипаты зиялылардың зиялысы екенін аңғартып тұр. Өзі сондай салмақты. Ол тек АҚШ-тан келген кісіні ертіп жүру міндетін ғана атқармайтын сияқты. Белгілі тілші-ғалым, оған қоса кәсіби аудармашы көрінеді. Мұны америкалық қонақ өз тілінде келген сапарының жайын аз-кем мәлімдеген соң, оның сөзін бірден қазақшаға аударып, көсіле жөнелгенде байқадық. Өте көркем сөйлейді екен. Демек, соның бәрін алдымен өз тілінде айтып отырған анау мейманың да мықты болды ғой. Біз сол сәтте америкалықтардың ішінде де аузымен құс тістеген шешен жігіттер бар екен ғой деп ой түйдік. Оның бәрі аудармашы шеберлігінің арқасы екенін қайдан білейік?!
Мұхит асып келген мейманның әр сөзін әсерлі жеткізген жігіт ағасының есімі Әділ Ахметов екен. Алматы шет тілдері институтын бітіріп, сонда оқытушы болыпты. Енді АҚШ-тың Аризона штатының Тусон қаласында қызмет істейтін көрінеді. Ұмытпасам, ол кісі жанындағы серігін жастар басылымының журналистерімен жүздестіріп, бірер күн ел аралатқан соң көп ұзамай Аризонасына аттанып кетті-ау деймін. Әйтеуір, сол жолы бәрімізге жақсы әсер қалдырды.
Көп ұзамай Әділ ағаның америкалық үндістер, олардың түркілік тегі, тілдік ерекшеліктері туралы мақалалары белгілі басылымдарда жиі жарық көре бастады. Бірінен-бірі қызық. Жазуы сондай тартымды. Шетінен қиып алып сақтай бердік. Ақыры осы тақырып сәл кейінірек жақсы ағаның жанына жақындауымызға себепші болды. Бертінде өзіміз де мұхит астық. Үндістердің резервациясын аралап көрдік. Әділ ағаның талайды елеңдеткен танымдық мақалаларынан соң олардың тағдырына өзгеше көзбен зер салдық. «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған ғалымның АҚШ-тың байырғы тұрғындарының тегінен түркіліктің белгілерін іздеуі заңдылық сияқты көрінді. Ақыры осы ізденістері «Азия – Америка – Берингия немесе америкалық «үндістердің» азиялық тегі» атты ғылыми зерттеуге айналды. Бұл кітап қазақ және орыс тілдерінде бірнеше рет басылып шықты.
АҚШ-қа барғанымызда жанымдағы серігім үндістердің бір өкіліне «Сендер бізге ұқсайсыңдар», – дегені бар. Сонда қанша жаншылса да, рухы тапталмаған әлгі үндіс: «Жоқ сендер бізге ұқсап тұрсыңдар!», – деп жауап берді. Менің серігім де ежіктеп қояр емес: «Дегенмен бәрібір арамызда бір жақындық бар екені рас қой...». Сонда үндіс былайша асқақтықпен тіл қатты: «Мүмкін! Өйткені, аспан – біреу, жер – біреу!». Ал енді сол асқақтықтың сырын білгіңіз келсе, Әділ Ахметовтің аталған ғылыми-танымдық кітабын қайыра оқып шығыңыз. Кітапты парақтап отырып, «Қайран үндістерім-ай, қазақ жұртында қандай қамқоршыларың бар екенін білмейсіңдер-ау», – деп күрсінесің.
Жалпы, шетелде қызмет істеген қазақ қаламгерлерінің бағы бар. Өзгелер тек өзіне тиісті міндетін ғана атқарса, ол мыңдаған адамдармен жүздесіп, алуан тағдырларды саралап, шығармашылығына азық іздейді. Адамның жан дүниесіне үңіледі, басқаларға байқала бермейтін түйткілдерді табады. Деректерге тіл бітіреді, фактілерді қалағанынша ойнатады. АҚШ-та болған әр күнін ұтымды пайдаланған ғибратты ғалымдардың бірі – Әділ Ахметов. Ол үндістердің арғы тегіне ден қойып, жан-жақты зерттеу жүргізіп, көпшілікке батыл болжамдарын ұсынды.
Кейіпкеріміз жер түбіндегі үндістерге ғана емес, кез-келген қандасына, қаймана қазақтың бәріне құрметпен қарайды. Үлкенге де, кішіге ілтипат пен ізет көрсетеді. Ал дос-жаранға адалдығы айрықша бағалауға лайық. Дос-жаран демекші, соңғы жылдарда қазақтың елге қадірлі үш азаматының риясыз сыйластығына куә болып жүрміз. Олар – Әділ Ахметов, Қуаныш Сұлтанов және Бақберген Досманбетов. Үшеуі де көрнекті қоғам қайраткері. Үшеуі де ғылым докторы. Ең бастысы, ел-жұрт арасында қазақтың үш биіндей беделді. Бірін-бірі бұрын да қадірлейтін абзал ағалардың жолы Парламент Сенатының қабырғасында тоғысты. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететін жылы үш әріптес Еуропаға жиі сапарға шықты. Еуропарламенттің тыныс-тіршілігімен танысты. Сол сапарлардан Сенаттың түрлі деңгейдегі отырыстарына мәселе дайындады. Бұл сыйластық олардың Сенаттағы мерзімі аяқталғаннан кейін де жалғасып келеді. Енді ел ішін бірге аралайтын болды. Олар әсем Астананың төрінде жиі жүздесіп тұрады. Ал енді осы үштіктің биресми жетекшісі Әділ аға секілді көрінеді маған. Елге танымал екі інісі оның жасы үлкендігін сыйлайды. Алдынан кесе өтпейді. Мәселен, аңшылығы аңызға айналған Бақберген Досманбетов Африкаға аю атуға аттанар кезде Әділ ағаға айтып кетеді. Келген соң қара құрлықтың қалың жынысынан қаншама аң аулағаны жөнінде ол кісіге есеп береді. Артық-кемі джунглидегі саят қызығының тасасында қалатын аңшының жырдан қызық әңгімесін үшеуі бірге отырып тыңдайды. Кәдімгі әйгілі картинаның кейіпкерлері секілді. Тек атақты суретші Василий Перовтің баршаға танымал әйгілі үш аңшысының орнына біздің үш ағамызды қоя салыңыз...
Ұстадан – тәлім,
ұстаздан – тағылым
Шуағы оның – ілімде,
Шырағы оның – білімде.
Шабыттанып сөйлейді,
Шекспирдің тілінде.
(Тақырыптың тұздығы)
Кейіпкеріміздің ілім-білімге жолы қалай басталып еді өзі? Ең алдымен, оның ауылындағы орта мектептің мұғалімдері мықты болды. Соғыстан соңғы уақыт. Білімге құштар ұрпақ. Әсіресе, география пәні қызықты оқытылады. Бала біткен мұхиттар мен аралдардың, түбектер мен шығанақтардың, өзендер мен көлдердің атын жатқа біледі. Жер түбіндегі ұсақ мемлекеттердің елеусіз қалаларына дейін ұмытпайды. Әділ аға кейін шетелдерге сапар шеккенде кейбіреулердің өз елінің астанасын білмейтініне қайран қалды. Жалғыз география ғана емес, қазақ тілі, ағылшын тілі, математика, химия пәндерінің мұғалімдері де сабақты жан-тәнімен беріле түсіндіретін. Осындай іргелі білімді тіпті университетте де алмаған шығар. Сондай тегеурінді ұстаздардан өнеге көрген мектеп түлегі Әділ Ахметов Алматыға оқуға келді. Оның оқуға келу мәселесі де оңайлықпен шешілген жоқ. Мектеп бітірген соң комсомолдық жолдамамен ауылда еңбек етуге қалған-ды. Бірақ бригадада ұзақ аялдай қоймады. Қабылдау емтиханына екі-үш күн қалғанда астанаға аттанды.
Мұғалімдерінің қай-қайсысы да өз пәнін зердесіне жақсылап құйғанына қарамастан «нақ осыған түсемін» деп ен тағып келген оқуы жоқ еді. Сол мәселені кешкілік ақылдасып отырғанда ағасының досы Талдыбай деген жігіт былай деді: «Мына жерде КазПИ-дің шет тілдері факультетінің корпусы бар. Сен осыған түс! Тұратын үйіңе жақын». Сол тұста Ішкі істер министрлігінде жұмыс істейтін жігіт әп-сәтте болашақ ғалымның бүкіл тағдырын айқындап берді. Қазір қайда екені белгісіз осы Талдыбайдың теориясы оның бүкіл өміріне жол нұсқады. Шет тілін терең білген соң, алдынан мүмкіндік көздері көбірек ашылды. Шет елдерде қызмет істеді. Ел дипломатиясының көшбастаушыларының бірі болды. Тәртіп сақшысы Талдыбайдың аузына құдай сөз салып тұр екен! Бұдан соң оны әулие демей көр! Кейде ойлаймыз: ал сол шет тілдері факультеті Әдекеңнің уақытша тұрған үйінен едәуір алысырақта болғанда қайтер еді?!
Сабақты салғаннан жақсы оқыды. Ағылшын тілін терең меңгеруге ден қойды. Жас өреннің көзінен от байқаған ұстаздары жүректерінің жылуын аямай төкті. Оның болашағына сеніммен қараған оқытушыларының бірі Александр Рогач еді. Ата-бабасы Ресейден АҚШ-қа ауған Александр Павлович ағылшыншаны да, орысшаны да өте жетік білетін. Ол санасы сергек, танымы бөлек студентке үнемі қамқор болды. Шамасы келгенше түрлі әділетсіздіктен қорғап бақты. Өзіміздің оқытушылар ара-тұра тоңмойын мінез көрсетіп, бағасын төмендетуге тырысса, Рогач үнемі араша түсетін. Мемлекеттік емтиханда да жанын салып қорғады. «Сендер болмашы нәрсеге бола жөнсіз қитықпаңдар! Оның айрықша ынта-ықыласын, жыл бойғы еңбегін неге ескермейсіңдер? Бір сөз үшін бағасын кемітуге болмайды ғой», – деп басу айтатын. Оқу орнының ректоры Мәлік Ғабдуллиннің де бұған деген көзқарасы ерекше болды. Бүкіл студентті бауырына сыйғызатын батыр ректор Әділ ағамызды жақсы көретін. Бәлкім, зерделі шәкіртінің кейін өзі секілді ректор болатынын жүрегі сезген шығар?!
Шет тілдері институтына айналған факультетті үздік бітірді. Ұстаздары оны оқу орнына алып қалды. Шынында да, институттың қатардағы оқытушысынан ректор қызметіне дейінгі даңқты жолдан өтті. Талай адам армандайтын тағылымды ғұмыр осындай-ақ болар!
Тілді терең игеру мақсатымен көркем дүниелерді ағылшыншадан қазақшаға тікелей аударуға кірісті. Әйгілі детектив шебері Агата Кристидің таңдамалы шығармаларын ана тілімізде сөйлетті. 1973 жылы Алматыда өткен Азия-Африка жазушыларының халықаралық конференциясы қарсаңында сырт елдердің бірқатар танымал өкілдерінің әңгімелерін тәржімеледі.
Тек талантты ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде ғана танылған жоқ. Парасатты педагог, ойлы оқытушы екенін де сан рет дәлелдеді. Өз әдістемесін қолданып, балаларды тілді тезірек игеруге баулыды. Оларды жұпқа бөліп оқытты. Қысқа әңгімелер жаттатты. Бір-біріне сұрақ қойдырды. Жұптарын ауыстырып, тағы да қайталатты. Бұл тәсіл көп ұзамай жемісін бере бастады.
Студентерге үнемі кітап оқуды міндеттеді. Өзі де жас күнінен кітапты көп «кемірген» баланың бірі еді. Әділ ағаны кітапқа қызықтырған туған нағашысы Ахмет ұста болатын. Темірден түйін түйетін ол білезіктен бастап арба-шанаға дейін жасай беретін. Сұңғыла Ахаң мықты ұста ғана емес, мықты ұстаз екенін де таныта білді. Ол ұғымтал жиені мен өз ұлы Әбдібек екеуіне үзбей кітап оқытты. Сол кездегі ең тәуір деген құндылықтардың бәрінен қалыс қалдырған жоқ. Ауылға жаңа кітап келсе, қолдарына ұстата қояды. Күндіз оқыған дүниесі түнімен баланың түсіне кіреді. Әйгілі «Мың бір түнді» бұлар мектепте жүргенде-ақ тауысты.
Өмірде адамды ширықтырып, жеңіске жігерлендіретін сәттер болады. Шешесінің төрт ағасының кішісі Сүгірбек тентектеу адам еді. Сол кісі жиенінің оқуға барамын дегенін онша құп көрмей, «Шешеңді кім бағады?», – деп біраз қитықты. Ол аздай «Кейін күніңді көре алмайсың, қоңыз теріп кетесің», – деп кейістік білдірді. Арада жылдар өтті. Біздің кейіпкеріміз биік белестердің бірінен соң бірін игере бастаған. Ел таныған ардақты азаматқа айналды. Бір күні нағашысы Алматыдағы үйіне қонаққа келе қалсын. Бәрі үстел басына жиналды. Осы арада Әдекеңнің нағашысымен ойнауға аңсары ауғаны. Дастархан үстіндегі тағам түрлерін меңзеп, «Мына қоңыздан алып отырыңыз», – деп қалды. Нағашысы риясыз күлді. «Өй, сен әлі ұмытпай жүр екенсің ғой...», – деді сосын. Жай аяқ астынан тіліне орала кеткен әзілі ғой. Нағашыға наз айтпайтын жиен бола ма?! Әйтпесе, өткенді қозғап, үлкен кісіні тығырыққа тірейін дейін деген ойы жоқ-ты. Дегенмен, осындай қамшы боп тиер салмақты сөздердің алдағы асуларды алу құлшындырғаны рас...
Саясат саңлақтарымен сырласу
Ли Куан Юмен мұңдасып,
Альберт Гормен қырға асып...
Збигневке жүгінер,
Киссинджермен сырласып...
(Тақырыптың тұздығы)
Осы кезге дейін жүзге тарта елдің топырағына табаны тиіпті. Ең алдымен көрген елі Германия болатын. Кеңестік кезеңде социалистік жүйенің мемлекеттеріне ғана жолың түсетін. Әділ Ахметов 1985 жылы Шет тілдері институтының проректоры болып жүрген кезінде ГДР-ге делегация бастап барды. Өзі қызмет істейтін оқу орнының бірнеше оқытушысы бірге аттанды. Әдекең сапар барысында Германия көшесінде өздеріне үнемі бірер көліктің ілесіп жүретінін байқады. Содан соң жанындағылардан: «Бұлар кімдер, сіздердің туыстарыңыз емес пе?», – деп сұраған. Олар үнсіз бас изеді. Сөйтсе, елден қоныс аударған жергілікті немістер ағайындарымен бір тілдесіп қалуға зар болып жүр екен ғой. Делегация басшысы бауырластардың жүздесуіне рұқсат берді. Тіпті әріптестерін соларға ілестіріп жіберді. Екі елдің немістері бір-бірімен қазақ дәстүрі бойынша қауқылдасып, мәз болып қалды.
Осылай басталған жол кейін тәуелсіздік алған соң дүние жүзінің талай еліне жетеледі. Еуропадағы ең мықты мемлекеттердің бәрін армансыз аралады. Әсіресе, бұған ЕҚЫҰ төрағасы болған кезде мол мүмкіндік туды. Әділ Ахметов ұйымның мұсылмандарды шеттету және кемсітумен күрес жөніндегі жеке өкілі болып тағайындалды. Қызмет барысында ЕҚЫҰ Парламентік ассамблеясының төрағасы Жоао Соарештен көп нәрсе үйренді. Оның әкесі – Португалия Президенті болған Мариу Соареш. Өзі Лиссабонның мэрі болған. Жоао Соареш елімізге үнемі қолдау көрсетті. «Қазақстан 2010 жылғы саммитке аса тиянақты дайындықпен келді. Төрағалыққа мұндай асқан жауапкершілікпен әзірленген ел болған емес», – деп жоғары баға берді.
Әділ ағамыз бала күнінен қалыптасқан, қолынан кітабы түспейтін дағдысынан жаңылған емес. Әлі де көп оқиды. Өзіне ұнайтын жаңа кітап жарық көрсе, қашан оқып шыққанша тағат таппайды. Әсіресе, халықаралық тақырыптарға айрықша ден қояды. Мұндай дүниелерге түпнұсқадан қаныққанның жөні бөлек. Кейінгі оқыған кітаптарының бірі «Бақыт пен позитивтілік туралы ойлар» деп аталады. Авторы – Дубайдың шейхы Мұхаммед бен Рашид әл-Мактум. Автордың елдік ұстанымы жүрегіне жылы тиді. Ол: «Әрбір арабқа пайдасы тимейтін келісім-шартқа қол қоймаймын», – дейді екен. Жеке басы көпке үлгілі адам. Он бір жылдан бері телефон нөмірін өзгертпепті. Оған кез-келген араб ыңғайлы уақытта қоңырау шалады. Осы үрдісті жас буынның санасына сіңіру үшін танымал қайраткердің кітабын қолға алды.
Кейіпкеріміз әлемге әйгілі тұлғалардың жазған дүниелерін оқып, оны талдап-таразылаудан әсте жалықпайды. Өйткені, мемлекет басқарған, ой-танымның биігіне көтерілген саңлақ саясаткерлердің үлгі-өнегесі жеткілікті болады. Мәселен, бір кезде ми батпақтың төсінде іргесін қалаған Сигапурды азғантай уақытта ертегілер еліне айналдырған Ли Куан Юдің тағылымды тәжірибесіне қалайша көңіл қоймасқа?! Немесе алпауыт мемлекеттің саясатын саралап, бедерлі болжамдарымен танылған идеолог Збигнев Бзежинскийдің «Strategic Vision: America and the Crisis of Global Power» («Стратегиялық көзқарас: Америка және әлемдік биліктің дағдарысы») атты монографиясын ойланбай оқу мүмкін бе? Әйгілі саясаткер Генри Киссинджердің «On China» («Қытай туралы») атты кітабы ше?! Тағы бір тұғырлы тұлға Альберт Гордың «An Inconvenient Truth» (Қолайсыз шындық») туындысы да назарыңды еріксіз аударады.
Ол осының бәрін түпнұсқадан оқиды. Тегінде оқырман кітапты әртүрлі мақсатпен қолға алады. Бірі тақырыпқа қызығады, екіншісі өзіне қажет мәлімет іздейді, үшіншісі танымын кеңейту үшін зер салады, төртіншісі тек уақыт өткізеді... Ал Әділ Ахметов мұндай дүниелердің біздің елімізге пайдалы тұстарын жан-жақты қарастырады. Тек кітапты оқып қана қоймайды. Өзіне ұнаған тұстарына арнайы белгі соғады, ой салатын салиқалы сөйлемнің астын сызады. Рухани әлемде құбылыс саналатын осындай құндылықтарды елге таныстырғанды жөн көріп, қолына қалам алады. Көп ұзамай өз толғаныстарын баспасөз бетінде жариялайды. Онда Қазақ елінің мүддесі алғашқы кезекте тұрады. Әлемдік саясат сардарларының ой өрнегінен, пікір-пайымынан ұлтымызды ілгерілетуге септігі тиетін титімдей нәрсе байқаса, соған ерекше мән береді. Ана сүтімен дарыған қадыр-қасиеті осыған міндеттейді.
Қазақ халқының ұлт ретінде ілгерілеуіне әркім әр түрлі жолмен үлес қосады. Бұл тұрғыдан Әділ Құрманжанұлының атқаратын рөлі өзгелерге ұқсамайды. Ол үш тілдегі құндылықтарды мейлінше игеріп, соның бәрін ұлтының мүддесіне бағындыра біледі. Әлемнің озық мемлекеттеріндегі ұтымды үрдістерді қазақ жұртына үлгі етіп ұсынады. Халықаралық сарапшы ретінде ел дамуының бағыт-бағдарларын ой елегінен өткізіп, өз пікірлерін ортаға салады.
Әділ аға бірнеше елдердегі елшілікті қоса атқарған қызметінде де жарқырай көрінді. Парасат-пайымы, биік деңгейі, көркем мінезі халықаралық саясаттағы талай түйткілді мәселелердің оң шешілуіне жол ашты. Осы жылдарда ел мен елді жақындастырып, ұлт пен жұртты табыстыра білетін білікті дипломат болып қалыптасты. Оның ілгеріде қолға алған алған ғылыми нысанасы – табу мен эвфемизмдердің табиғаты да қазақ халқы сан рет сүзгіден өткізген дала дипломатиясының талаптарымен толық үндесетін еді. Астарлап айту, тұспалдап аңғарту, жұқалап жеткізу Әділ Ахметовтің өз шаңырағынан алған ұлттық тәрбиесінің жемісі болса, тыйым сөздерді саралаған ғылыми еңбегі оның тынымсыз зерделеген қастерлі қисындарын бекемдеп берді. Осындай бір емес екі даналық мектебінен өткен кейіпкеріміз халықаралық дипломатияға үлкен дайындықпен келді. Ұлысаралық қарым-қатынастарды ұдайы ұлттық мүддемен ұштастырды.
Егер тілші ғалым болмағанда, журналист болуы әбден мүмкін еді. Бірақ ол кезде де халықаралық журналистиканың шырқау биігіне шығары анық-ты. Парасатты профессор Әділ Ахметовтің «Хабар» агенттігінің басты студиясында әлемді алаңдатқан мәселелерді жілікше шағып, құрлықтар құлақ түрген оқиғаларға таза ағылшын тілінде талдау жасап отырғанын көргенде осындай ой келеді.
Сабыр сақтайтын сауыт
Үлгі-өнеге аламыз,
Үйлесімін табамыз.
Үйіріп түр үш тілді,
Үш тұғырлы ағамыз
(Тақырыптың тұздығы)
Қазақта «әдемі қартаю» деген сөз бар. Бұл жасы ұлғайған сайын қадірі арта түсу дегенді білдіреді. Сыртқы сипаты сымдай тартылған генералды көзге елестететін, сымбатты Әділ ағамызға мейлі әдемі болсын, мейлі әсем болсын, «қартаю» деген ұғымды үйлестіре алмай отырғанымыз. Сондықтан абыройлы ақсақалдық немесе үлгілі үлкендік дегеніміз дұрыс шығар.
Қазір ағылшын тіліне жете мән беріліп жатқаны белгілі. Бұл тілді білмейтін жастар некен-саяқ. Бірақ келешекте ағылшын тілін жетік білетін қазақтың рухани келбеті қандай болмақ деген сауал туындайды. Жұртшылық көбіне соған алаңдайды. Бұған ұсынатын дайын үлгіміз бар. Ағылшын тілінде сөйлейтін қазақтың қоғамдағы бейнесі Әділ Ахметовтей болуы керек. Қазақшасы қалың елді ұйытады, орысшасы орыстың жүрегін жылытады, ағылшыншасы ағылшынды қуаныштан жылатады. Бәрібір ұлттық рухы алдыңғы кезекте тұр. Қазақшасы – оның мұхиттан өтер қайығы. Қалған екі тіл – сол қайықты алға жетелейтін егіз ескегі. Қазір өзіміз қайталап айта беретін үштұғырлы тілдің Әділ аға негіздеген қарапайым формуласы да осы. «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін», – деп Қадыр ағамыз айтқандай, көп тіл үйренгендердің көп нәрсеге қол жеткізе алатынын көріп отырмыз. Әділ Ахметов те осы қағиданы жастай серік еткен. «Өзге тілді білсең – өрге шығасың, Өз тіліңді білсең – төрге шығасың», – деген де сол Қадыр. Біздің кейіпкеріміз бірнеше тілді жетік меңгергенінің арқасында өрге де шықты, төрге де озды. Бірақ үнемі ана тілін Хантәңіріндей биігім деп санайды. Барлық еңбектері қазақ тіл білімінің мәселелеріне арналды. Қалған екі тілді де өгейсіткен жоқ. Өйткені, орыс тілі әр елге, ағылшын тілі әлемге есік ашады. Ұлт перзенті Әділ Ахметовті осы екі тіл өзге жұртқа кеңінен танытты.
«Тіл – тек адамға ғана тән аса құдіретті құрал» дейді көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов. Сол құралды Әділ аға өте ұқыпты пайдалана білді. Соның арқасында қазақтың сөз өнерінің зергеріне айналды.
Бүгінгі алмағайып заманда ұлтқа қажеті – көркем мінез. Оның да үлгісін іздесеңіз де, алысқа бармай-ақ Әділ ағаның болмысына зер салыңыз. Көп сөйлемейді. Бір айтқанын мың қайталау әдетінде жоқ. Кейбір шалдуар әрі шақар шалдар секілді сәл нәрсеге ашу шақыру – оның табиғатына мүлде жат нәрсе. Абай: «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады», – демеп пе еді?! Ұлы ақын айтқандай, мінезінің құтысын сабырға толтырып, соның өзін тұндырып қойған ба дерсің! Тұнық ойы, терең толғамы сені бірден баурайды. Орнықты пікір айтады. Ой-тұжырымдарының бәрі елді біріктіруге арналады. Айтқанын санаға сіңіресің. Айтпағанын да қас-қабағынан аңғарасың. Сені үнсіз отырып-ақ тәрбиелей біледі. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген деген кісінің тілін кесер едім», – деп тағы да Абай атам айтқандай, мінезіңіздің кедір-бұдырын жөндеймін десеңіз, үйренетін адамыңыз жырақта жүрген жоқ. «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз», – деп ұлы ақынның меңзеген толыққанды тұлғасының бүгінгі бейнесі Әділ Ахметов десек, қателесе қоймаспыз.
Ал қазақтың үлкенді-кішілі кеңселеріндегі бастықтың келбеті қандай болуға тиіс? Алуан түрлі бастық бар. Бірінің түсі суық, бірінің іші суық. Бірі күліп тұрып, күйретіп жібереді. Керісінше, енді бірі түксиіп тұрып, тілеулестік танытады. Біздің кейіпкеріміз де талай мекемені басқарған адам. Қазақтың Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің, кейін Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры, Білім комитетінің төрағасы, еліміздің Ұлыбританиядағы елшісі, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды. Басшы болу бақыты бұйырған адам осындай-ақ болсын. Бірақ ол бюрократияға бой ұрған жоқ. Ешкімге дауыс көтермеді, қарапайымдылығынан танбады. Алдына келген кісінің меселін қайтарған жоқ. Қызметкерлерін қадірлей білді. «Бұл менің қарамағымда істейді», – деген ұғым ол кісінің лексиконында жоқ. Қанына сіңген дипломатияның үрдісімен «Біз бірге қызмет істейміз», – дейді. Сондықтан оны бүкіл ұжым жақсы көреді. Міне, дәл осындай бастық болғыңыз келе ме? Ендеше, Әділ ағадан үлгі алыңыз.
Тағы бір бақыты – шаңырағының шаттығы. Сән-салтанаты келіскен апайымыз Дариға Кінәзбекқызы екеуі қатар келе жатқан кезде қай-қайсысынан да арғы аталарынан дарыған ақсүйектіктің белгілері байқалып тұрады. Жарасымды жұп Хантәңіріндей асқақ, Шалкөдедей көрікті. Бір-бірін толықтыра түседі. Үйлесімнің үлгісі отбасының алтын діңгегінде айналған. Ақсүйек демекші, бірде Әділ аға Елизавета Екіншіге Сенім грамотасын тапсырған сәтте Ұлыбритания патшайымы Қазақ елшісінің жанындағы зайыбының ағылшыншасына ризашылық білдіріпті. Қаламгер-қайраткер Қуаныш аға Сұлтанов өз мақаласында осылай деп жазды. Ақсүйектердің ақсүйегін сүйсіндірген текті әулеттің анасы өнегелі перзенттерді тәрбиелеп өсірді. Сіздің де осындай ешкімге өкпе артпайтын, шаңырақта ұрыс-керіс шығармайтын, қария мен кейуана болғанша бір-бірін аялайтын жайдары жұп болғыңыз келе ме? Ендеше, тәрбиенің талбесігі саналатын осы отбасының өмір жолын зерделеңіз.
Сосын... елуіңізде ентігіп, алпысыңызда алқынып қалмай, сексеніңізде де сымдай тартылған жас жігіттей болып жүргіңіз келе ме? Әрине, келеді. Ендеше, сергектікті серік еткен Әділ Ахметовтің салауатты өмір салтын ұстаныңыз.
Қадыр ақынның «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» деген өлеңі баршаға белгілі. Ал сол шетелдіктеріңізге мақтанышпен көрсетуге болатын келісті қазақтың бірі – Әділ аға. Ол – ұлтымыздың ең тәуір қасиеттерін бойына жинақтаған азамат. Қазақтың жақсысын асырып, жаманын жасыра біледі. Жас ұрпақты тектілікке тәрбиелеп, үздік үрдістерді үйрете алады. Қысқасы, ол – ізгіліктің бәрін жүрегіне тоғыстырған үйлесімнің үлгісі. Әйтеуір, мақаламыздың кейіпкері ұлы Абай айтқан «толық адамның» бейнесіне бүкіл болмысымен бір табан жақынырақ тұратын секілді көрінеді бізге...
* * *
Сыныңызды бұзбай, сырыңызды алдырмай жеткен сәулетті сексеніңіз құтты болсын, ардақты Әділ аға!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар