Бүгін — Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні

1293

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 68 жасқа толды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы. 1953 жылы 17 мамырда Алматыда туған.

Әкесі Тоқаев Кемел Тоқайұлы (1923-1986), Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қазақ жазушысы болған. Анасы Тұрар Шабарбаева (1931-2000), Алматы шет тілдер педагогикалық институтында жұмыс істеген. Ұлы жүздің Жалайыр тайпасының Күшік руынан шыққан.

Еңбек жолын 1975 жылы КСРО-ның Сыртқы істер министрлігінде бастап, Кеңес Одағының Сингапур Республикасындағы елшілігіне жұмысқа жолданған. 1979 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің аппаратына оралады. 1984-1985 жылдар аралығында КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарып, кейіннен Кеңес Одағының Қытай Халық Республикасындағы елшілігіне жіберілді. Онда 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарында қызмет істейді.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалады. 1993 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды. 1994 жылы еліміздің Сыртқы істер министрі болып тағайындалады. 1999 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болды. 1999 жылғы қазанда Парламенттің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Премьер-Министр болып тағайындалды. 2002 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі болды. 2003-2007 жылдары – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі. Бұл қызметте жаһандық ядролық қару-жарақты таратпау үдерісіне белсенді атсалысты.

2007 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы болып сайланды. 2008 жылы Қазақстан Парламентінің жоғары палатасының спикері ретінде ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының вице-президенті болып сайланды.

2011 жылғы наурызда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, сондай-ақ Қарусыздану жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі болып тағайындалды. Сонымен қатар Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын атқарды. ТМД-ның және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы болып сайланды.

2013 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы болып қайта сайланды.

2019 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ант қабылдады.

2019 жылы 9 маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында 70,96 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. 2019 жылы 12 маусымда ҚР Конституциясының 42-бабына сәйкес ант беріп, ресми түрде сайланған Президент ретінде Мемлекет басшысының лауазымына кірісті.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы