Бір ай бұрын жоғалып кеткен кәсіпкердің мәйіті табылды

697

Қарағанды ​​облысында бір ай бұрын жоғалып кеткен кәсіпкердің денесі оның көлігі анықталған маңайдан төрт шақырым қашықтан табылды, деп хабарлайды Sputnik.kz сайты. 

"5 мамырда Нұра ауданындағы Тассуат ауылының маңынан Қарағанды ​​облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары 2021 жылы 8 сәуірде жоғалып кеткен Сүлейменовтің денесін тапты", – деді төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Ол 10 сәуір мен 5 мамыр аралығында Нұра өзені бойындағы іздеу жұмыстарына эхолот, квадрокоптер жұмылдырылғанын атап өтті.

"Іздестіру жұмысына тікұшақ та қатыстырылды. Сонымен қатар аэровизуалды зерттеу үшін моторлы парапландар қолданылды. Олар шамамен 30 шақырым аумаққа шолу жүргізді", – деді ресми өкіл.

Оған қоса, министрлік өкілі өзен арнасындағы су деңгейінің жоғарылығы мен жағалаудың күрделілігі, шұңқырлар мен су астының көрінбейтіндігі және өсімдік жамылғысының қалыңдығы іздеу жұмыстарына едәуір кедергі болды деп түсіндірді.

Мәйіттің жағалаудан 50 метр, ал көлік табылған жерден төрт шақырым қашықта жатқаны анықталды.

Қарағанды ​​облысы полиция басқармасы өкілдерінің айтуынша, туыстары мәйітті таныған және тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижесінде, процессуалдық шешім қабылданады.

Айта кетейік, бұған дейін Нұра өзенінен жоғалып кеткен шаруа қожалық басшысының көлігі табылғаны хабарланған. Суға батқан көліктің терезелері ашық болған. Осыдан кейін құтқарушылар жүргізуші көліктен шығуға тырысқан деп болжады.

Ал ауыл тұрғындары Нұрлан Сүлейменовтің көлігі өзен бетіндегі мұз үстімен өтіп бара жатқанда суға кеткен болуы мүмкін деп санайды.

Жергілікті билік өкілдері болса, мұндай уақытша өткелді пайдалануға тыйым салынғанын еске салды. Олар 30 шақырым қашықта сапалы әрі қауіпсіз көпір бер екендігін алға тартады.

Пікірлер
Редакция таңдауы