Әкесі бай болғаны үшін штрафбатта соғысқан қазақ қызы

4698
Adyrna.kz Telegram

Соғыс кезінде байдың қызы болғаны үшін штрафбатта соғысқан қазақ қызы туралы білесіз бе? Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы хабарлайды.

Халида Есенғұлқызы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жер аудару салдыранан барлық отбасы мүшелерінен байланыс үзген.

Өзінің жігерлігі мен қажырлығының арқасында Алматы медицина институтын бітіріп, соғыс батальонының қатарында соғысып, кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғап, АММИ-де жоғары білім берудің оқытушысы болып жұмыс істеді және ондаған, тіпті жүздеген оқушылар мен ізбасарларды тәрбиеледі.

Сонымен бірге, өмірінің соңына дейін ол әрдайым өз ісіне және өзінің туған халқына адал болды.

Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы медициналық университетте осыдан екі жыл бұрын Халида Маманованың 100 жылдық мерейтойы атап өтілген еді.

Халида Маманова әйгілі қазақ меценаты, қазақ жерінде алғашқылардың бірі болып, мектеп-медресе ашқан. Маман бидің немересі, Есенқұлдың қызы.

Маман би - сонау, ХІІІ ғасырда Баян ханнан басталып - Матай-Бөрібай батыр, Қаптағай батыр, Қыдырәлі би, Қалқабай Досетұлы, Тәнеке батырлармен жалғасып жатқан, ұлы тұлғалардың жалғасы болатын.

Әлеуметтік желілкрдегі мәліметтерге сүйенсек, Халиданың бар болғаны 10 жасында, әкесінің мал-мүлкін, ағаш, киіз үйлерін , қызылдар тәркілеп, өздерін Ресейге жер аударып жібереді. Әкесі мен екі інісі сол жақта туберкулезден қайтыс болып кетеді. Жер аударудың мерзімі біткеннен соң, анасы екеуі Алматыға оралады. Елге келгеннен соң да, “Байдың қызы” деген жағылған таңбаның кесірінен, жоғарғы оқу орнына түсе алмайды. Әупірімдеп жүріп техникумға түседі. Содан кейін медицина институтына түсудің де сәті түседі.

Оны бітірген жылы соғыс оты лапылдап жатқан кез еді. Cоғыс кезеңінің тәртібі бойынша, медицина институтын бітіргендер, лейтенант атағын алып, соғысқа аттанулары тиіс еді.

Бірақ, Халидаға “Халық жауының” қызы ретінде соғысқа, тіпті, жәй медбике ретінде де баруға рұқсат берілмей қояды. Амалсыздан Халида Сталинге :

“Штрафбатқа барып, ата-анам мен өзімнің ешқандай да ,”халық жаулары” емес екендігмізді дәлелдеу үшін, неміс басқыншыларымен қасық қаным қалғанша соғысқым келеді”- деп, өтініп хат жазады.

Ол хаттың Сталинге жеткен-жетпегені белгісіз, бірақ Халидаға штрафбат құрамындағы кілең еркектерден тұратын қаптаған “халық жауларымен” бірге қоян-қолтық, фашистермен шайқасуына тура келеді.

Штрафбаттағы “халық жаулары” жалғыз қызды көздерінің қарашығындай қорғаштап, жау ұшақтары әуеден оқ пен бомба жаудырғанда, оны өз денелерімен жауып, барынша қорғап қалуға тырысты. Кейінірек, Халиданы бір авиаполкке, медбикелікке ауыстырады. Жанқиярлық батырлығы мен дәрігерлік білгірлігі арқасында , соғыс соңына қарай, бақандай, 5 майданның Бас гинекологы деген қызметке тағайындалып, медицина қызметінің капитаны атағын алады.

Соғысты Берлинде аяқтайды. Жақын маңда жарылған бомба жарықшағы денесіне тиіп , Қазақстанға қайтады. Кеудесіне көптеген, медальдар мен “Қызыл Жұлдыз” орденін мақтанышпен тағып, елге келеді.

Бейбіт өмірді аңсап келген Халида өзі таңдаған медицина мамандығы бойынша , Медицина институтында қызу еңбекке араласады. Кейінірек, “ленинградтық дәрігерлердің ісі” атты жазалау науқаны басталғанда Халиданың , “байдың қызы” деген таңба, тағы да, аяғынан шалады. Кандидаттық, докторлық атақтарын Қазақстаннан тыс қалаларда қорғайды. Соған қарамастан Алматыда қызмет істеу - қауіпті бола бастайды.
1959 жылы бір курстасы Ақтөбеде, жаңадан ашылған медициналық институттың ректоры болып тағайындалады. Курстасы Халидаға осы институттың бір кафедрасының меңгерушісі қызметін ұсынады. Халида оған келісімін береді. Ол институтта Халида патология кафедрасын өзі ұйымдастырып, өмірінің соңына дейін оның меңгерушісі болады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын да, қоса алып жүріп, небір , еңбектер жазды. Ол еңбектер бірнеше шетелдік трибунада, әлемнің әр түкпірінен келген ғалым-медиктер алдында таныстырылып,жоғары бағасын алыпты.

Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қызметкерлері Халида Маманованың институтта қазақтың ұлттық аспаптар оркестрін ұйымдастырмақшы болғаны үшін, “ұлтшыл” деген айып тағып, тағы да сұрақтан сұрақ сұрап, әбден әуре-сарсаңға түсіреді.

1977 жылдың тамыз айында “үш әріп” қызметкерлері неге екені белгісіз аяқ астынан кеңпейілді бола қалып, Болгарияның “Алтын құм” жағалауында өтетін дәрігерлердің халықаралық конференциясына баруына рұқсат береді. Халида апамызды ол жерде ажал күтіп тұрғанын ешкім де білмеді. Болгарияның қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері оның өлі денесін кешкі ымырт кезінде теңіз жағасынан тауып алыпты. Денесінің бір жерінде алақандай көгерген дақ болған. Болгарлық мамандар ол дақтың қатты теңіз толқынының апамызды тасқа апарып соққанынан пайда болған деп істі жаба салған.

4 жыл бойы кескілескен ұрыс даласында мыңғырған оқ пен құлақтың жарғағын жарып жіберердей гүрсілдеген бомба қопарылыстарынан өлмей, аман келген жауынгер қыз керсінше елдер рахаттанып, шомылып, дем алатын теңіз жағасында толқыннан қаза болды дегенге сенгің келмейді!

Пікірлер