Азаттығым - айбыным

2651
Adyrna.kz Telegram

Мен қазақтың ұлттық бірегейлігін, ұлттық болмысын, рухани ерекшелігін сақтап қалуға мол мүмкіндк беріп отырған ел Тәуелсіздігінен 14 жылдан кейін 2005 жылы сол кездегі Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында дүние есігін ашыппын. Көзімді ашып көргенім - көк аспан, осы аспан түстес көгілдір ту. Ес біліп, оң мен солымды танығанда Тәуелсіздік символы -  Мемлекеттік Туымызды, Әнұранымызды, Елтаңбамызды жақынырақ білдім. Туы жығылған елдің рухы жығылатынын, туымыз ұлттың бірігуіне ықпал ететінін, ұлттық сананы биік ететінін бертінде сезіндім. Спортта әлемдік деңгейде жеңіске жеткендердің құрметіне Мемлекеттік Ту көтерілгенде төбем көкке жеткендей қуанамын.

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған еліміздің өткені, қазіргісі және болашағы туралы сөз болған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласы жастарды жаңа бел-белестерді бағындыруға, жаңа серпінде дамуға жігерлендіреді. Мемлекет басшысы осы мақаласында: «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі»-дей келе, жастарға үлкен үміт артатынын білдірді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғарыда аталған еңбегінде тәуелсіздіктің мәңгілік үштағаны ретінде кең байтақ жерімізді, қастерлі тілімізді, береке-бірлігімізді атады. Шын мәнінде де жеріміздің тұтастығы, тіліміздің мәртебесі, еліміздің бірлігі-біздің ұлтымыздың бүгіні мен болашағы. Біздің үкілі үмітіміз де, салмақты сеніміміз де, барлық арман-мақстымыз да осы үшеуінің үстінде. Сондықтан мен де бұл шығармамда үштаған туралы ой-пікірімді ортаға саламын.

Ежелгі аңызда күші басым көршілесі жүйрік атын, сұлу әйелін қалағанда меселін қайтармаған бабамыз жерін сұрағанда қатуланып, қасқайып, атойлап қарсы шығыпты да, бір сүйем жерін бермепті. Ата-бабамыз бізге аманат еткен атақонысымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі керек. Президент Қ.Тоқаев айтқандай: «Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді». Бұл-өзін осы жердің перзентімін, осы елдің патриотымын деп есептейтін әрбір азаматтың құлағына да, көңіліне де майдай жағатын сөз. Күні ертең заң жүзінде бекитін Жер-анаға деген құрметіміз - Тәуелсіздігіміздің нәтижесінде жүзеге асатын басты құндылығымыздың бірі және бірегейі.

Кезінде Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деп келешекке алаңдаған болатын. Бүгінгі таңда қазақ тілі әлемнің ешбір тілінен кем емес. Сөздік қорының молдығын ғалымдарымыз салыстырмалы түрде дәлелдеп келеді. Біздің міндет-оның аясын кеңейте отырып, мемелекеттік тілімізді жетілдіру. Бұл үшін басқа тілде сөйлегенді артықшылық көретін қандастарымыздың намысын оятып, туған тілдің жыртысын жыртуға жұмылдыруымыз керек. Туғанда сәбиді ана тілімен ауыздандырып, өсіп- өнетін ортасын қазақиландыру арқылы еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін ана тілімізбен жан дүниесін ақтаруға жол ашылады. Мемлекеттік тілді білу қарапайым қазақтың ғана емес, шенді-шекпенділердің, мемлекеттік қызметкерлердің парызы.

Би-бағландарымыздан қалған аталы сөздердің бәрі де біздің санамызда ұмытылмастай жатталып келеді.

-Бетеге кетсе-бел қалады,
Бектер кетсе-ел қалады,
Берекең кетсе- нең қалады?- дейді сондай қанатты сөздердің бірі. Халық ұғымында ырыс-дәулет ынтымағы бар жерге барады. Сондықтан да еліміздегі бүкіл ұлыстардың береке-бірлігі Қазақ мемлекетінің табысын тасқындатады. Көпшіліктің пікірінше бір тілде сөйлемеген қоғамда бірлік болмайды. Қазақстанның тұрақтылығын сақтау үшін еліміздегі бүкіл ұлттар мен ұлыстар өзара мемлекеттік тілде түсінісуі қажет. Ата-бабамыздың аманат етіп қалдырған басты құндылықтарын, ғасырлар бойы аңсаған арман-мұратына айналған Тәуелсіздігін қорғау - өскелең ұрпақтың еншісінде. Аманатқа адал болайық!

Ерсайын ТҰРСЫН,
Н.Островский атындағы
мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы

Пікірлер