Алматылық оқушы Халықаралық Менделеев олимпиадасының жүлдегері атанды

3614
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11- сынып оқушысы Азамат Жақсылықов химиядан 55-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасының қола медалін жеңіп алды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жеңімпаздар есімі 26 сәуірде белгілі болды. Халықаралық олимпиадаға әлемнің 28 елінен келген 140-тан астам оқушы қатысты.

Биыл қазақстандық команданың намысын он оқушы қорғады, оның төртеуі - Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары. Ұлттық команда құрамы: Қаирбек Хайдар, Кибриянур Абдугафарова, Әйгерім Тұрысбекова, Азамат Жақсылықов, Мадияр Қасымалы, Әмір Әлмуханов, Санжар Бисенәли, Ерназар Қуан, Бақдаулет Сейсенқұл және Асанәлі Сәлем. Отандық оқушылар 2 күміс, 8 қола медальды қанжығалап, Қазақстанның туын биікте желбіретті.

Айта кету керек, Менделеев олимпиадасы мектеп оқушылары арасында химия пәнінен әлемдік деңгейдегі ең маңызды екі жарыстың бірі саналады. Биыл ол қашықтан ұйымдастырылып, екі теориялық турдан тұрды. Сарапшылар атап өткендей, Олимпиада тапсырмалары жарты жыл дайындалған. Өйткені, Менделеев олимпиадасының тапсырмалары күрделілік деңгейі бойынша кейде Дүниежүзілік олимпиаданың тапсырмаларынан асып түседі.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер