Н.Назарбаев қорының директоры Алматы облысына келді

2146
Adyrna.kz Telegram

Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева мен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жамбыл ауданына келді.

Әуелі олар аудан орталығындағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығымен танысты. Бұл орталық желтоқсан айында Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Елордада өткен «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты форум аясында ашылған болатын. Сол форумда Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында сегіз оңалту орталығының тұсауы кесілген еді. Елбасы бастамасымен ашылған «Қамқорлық» орталықтарында содан бергі төрт айда 1 186 бала оңалту курсынан өтті.

Дариға Нұрсұлтанқызын «Қамқорлық» оңалту орталығының жұмысымен оның меңгерушісі Әсел Саурықова таныстырды. Мәртебелі мейман қажетті құралдармен жабдықталған оннан астам бөлмені мұқият аралап шығып, онда емдік шаралар қабылдап жатқан балалармен және ата-аналармен тілдесті.

Аудандық орталық аурухана ғимаратының екі қабатында орналасқан орталықтың аумағы - 800 шаршы метр. Мұнда церебралды паралич, аутизм, эпилепсия, ақыл-ойы кем, сөйлеу тілі дамымаған, бронхөкпе мен жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар балалар ем қабылдайды. Инновациялық технологияларға негізделген сапалы әрі тиімді, кешенді оңалтудан өтуге жағдай жасалған. Балалар мен ата-аналар медициналық емдеу шаралары, түзету сабақтары, ойынмен сауықтыру бөлмелерімен қамтылған.
Мұнда қазіргі таңда Жамбыл және оған жақын маңдағы аудандармен қатар Алматы қаласынан және өзге де облыстан келген 50 бала ата-анасымен бірге оңалтудан өтіп жатыр. Осында церебралды сал ауруына шалдыққан бір жарым жастағы Батырханның анасы мекеме жұмысына дән риза екенін білдірді. Маңғыстау облысының тұрғыны бір кездері Ұзынағашта тұрған және «Қамқорлық» орталығының ашылуын білген әжесінің айтуымен арнайы келген екен. Келіншек Нұрсұлтан Назарбаев қорының директорына ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың ата-аналарына көрсеткен осындай көмегі үшін шын жүректен алғыс айтып, ұлының оңалтудан кейінгі жағдайын баяндады. Қазір баласы селқос жатуды қойған, төсектен өздігінен түсіп, аяғын жерге тірей алады, еңбектеуге тырысады.

- Мұнда үш апталық курстан өтіп жатырмыз, бізге бәрі өте ұнады. Барлық жерде ем-дом қабылдау ақылы әрі біз үшін өте қымбат. Ал тегініне ұзын-сонар кезектің кесірінен кіре алмаймыз. Ал бұл жаңа орталықта барлығы жоғары деңгейде әрі тегін. Ең әуелі орталықтың мамандарына алғыс айтамын. Талай жерде болдық, салыстырып айтарымыз бар. Бұл ең үздік орталық, - деп Аяланың анасы Жібек Қани да әсерімен бөлісті.

Жеті жастағы Нұрсұлтан Шерәлінің әжесі Фатима апай да кешен мамандарының жоғары кәсібилігіне тәнті.

«Немерем 15 күн бойы оңалту курсынан өтіп жатыр. Аяғын баса алмайтын. Қазір ем-шараның арқасында қаз-қаз басып келеді. Ревматолог, массаж, терапия сынды өте жақсы кешенді ем алуда», - деді ол.

- Бұл 2020 жылы Елбасының бастамасымен «Қамқорлық» жобасы аясында ашылған 8 оңалту орталығының бірі. Биыл Нұрсұлтан Назарбаев қоры осы бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыру барысында жинақталған тәжірибені қолдана отырып, оңалту моделін басқа аймақтарда пайдалануда. Шағын қалалар мен аудан орталықтарында қосымша 10 орталық ашу жоспарда. Оңалту қызметінің сапасын арттырып, орталық жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ететін мамандар даярлауға баса мән беріп отырмыз, – деді тілшілерге сұхбат берген «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова.

Жалпы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасын жүзеге асыру барысында 2020 жылдың желтоқсанынан 2021 жылдың наурызына дейінгі аралықта сегіз «Қамқорлық» орталығында 1186 бала ем-шара алды. Осы оңалту орталықтарында 98 бала басын ұстауды, 145 бала қолмен сүйенуді, 178-і ұстауды, 93-і отыруды, 112-сі қолын жерге тіреп жүруді, 111-і еңбектеуді, 139-ы тіреумен тұруды, 60-ы өздігімен тұруды, 91-і тіреумен жүруді және 30-ы жүруді үйренді.

Биыл Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында тағы 8 оңалту орталығы мен 2 ерте араласу орталығын ашу жоспарлануда. Жалпы, бұл бастаманың екінші кезеңін іске асыру жылына 11 000 баланы оңалтуға мүмкіндік береді.

- Бұл мекеме ашылғанға дейін осы аудандағы балалар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан ем алу үшін айлап-жылдап портал күтетін, - дейді Ұзынағаштағы орталық меңгерушісі Әсел Қанатқызы. – Енді олар үшін осындай қызмет үздіксіз қолжетімді. Орталық жаңа үлгідегі отандық және шетелдік үздік қондырғылармен жабдықталған. Ең озық цифрлық және проекциялық технологиялар қолданылған. Орталық үшін 29 маманнан тұратын топ арнайы дайындықтан өтіп, 30 қызметкер еңбек етуде. Мамандар әр баламен жеке жұмыс жүргізеді. Мұнда балаларға 30-дан астам қызмет ақысыз көрсетіледі. Жылына 600 баланы оңалту шараларынан өткізуге мүмкіндігіміз бар. Ауданда сал ауруларымен 126 бала тіркелген болса, орталық жұмысын бастаған төрт айда олардың барлығы осыннан емдеу курсынан өтті. Нәтижесінде, оның 17-сі аяққа тұрса, 3-еуі өз бетінше қимыл-қозғалыс жасай алатын жағдайға келіп, ата-аналарын қуантты. Мұның сыртында жүрек-қан тамырлары жүйесінде ақауы бар, отадан кейінгі кезеңдегі, сондай-ақ, өкпесі дімкәс және хромосомды ақаушылығы бар балаларға да қызмет көрсетіледі.

Дариға Назарбаева бальнеотерапия, логопед, физиотерапия, массаж, эрготерапия, дефектолог, емдік денешынықтыру, жаттығу және механотерапия, тұз, галоионотерапия, биокерібайланыс, қалпына келтіру терапиясы, бос терапия, шунгит, сенсорлық бөлмелерінің жабдықталуын көрді.

Одан соң аудан орталығындағы 100 орынды перзентханаға да ат басын бұрды. Елді мекен шетіндегі жаңа шағынауданда жаңадан бой көтерген үш қабатты заманауи нысанның сыртқы сәулеті келіскен, көркі көз тартады. Онда Нұрсұлтан Назарбаев қорының директорына алдымен ғимарат сыртында тұрған диагностикалық медициналық жылжымалы кешен таныстырылды.

Бұл – үлкен автобустың ішіне заманауи құрылғылар орнатылып, көшпелі жағдайда көптеген аурудың алдын алу жұмыстарын жүргізуге арналған. Электрокардиография, ультрадыбыстық диагностикалық жүйе, сандық рентген және флюорографиялық аппараттар және 12 арналы ЭКГ аппараты сынды қажетті медициналық құрылғылар орнатылған автобус-кешеннің мүмкіндігі мол. Онда созылмалы инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау мақсатында түрлі тексерулер жүргізеді. Сондай-ақ, аурудың дамуының негізгі қауіп-факторларын, созылмалы инфекциялық аурулары бар адамдар денсаулығының жай-күйін, қажетті алдын алу, терапиялық, сауықтыру шараларын анықтау мақсатында терең зерттеуге арналған.

Бұл, әсіресе, шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек. Облыста дәл осындай 17 кешен бар екенін айтты өңір басшысы. Әрбір медициналық автобуста жалпы қабылдау бөлмесі, акушер-гинеколог, сәулелік диагностика, жалпы тәжірибе дәрігерінің бөлімшесі, дәріхана, анализ қабылдау аймағы және портативті ультрадыбыстық эксперт сыныбы орнатылған. Әрі халықты вакцинациялауға арналған бекеттер де бар. Дариға Назарбаеваға жаңа алынған жедел жәрдем көлігі де көрсетілді.

Перзентхананың бірінші қабатында халық қалаулысының назарына облыстың денсаулық сақтау саласынан көрнекі ақпарат ұсынылып, істің жайын облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов баяндады. Өңір басшылығы құрылысы тез салынатын модулды медициналық кешеннің жобасымен таныстырып, халыққа қолжетімді амбулаторлық көмектің деңгейін көтеру, коронавирус бойынша ағымдағы жағдай, індетке қарсы екпе салу барысын мәлімдеді.

Өткен жылдың 1 маусымында іске қосылған перзентхананың ішін аудандық орталық аурухананың директоры Дамир Сұраужанов пен мекеме меңгерушісі  Бақыткүл Есімханова көрсетті. Перзентханада 49 медицина қызметкері жұмыс істейді, заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, халыққа сапалы қызмет көрсетуге мол мүмкіндіктер қарастырылған. Қызметкерлерді әңгімеге тарту кезінде 38 жылдық жұмыс тәжірибесі бар акушер Ұлту Жаябаева осында жұмыс істеуге барынша жағдай жасалғанына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, үш баланың анасы, төртінші перзентін күтіп жүрген Амангүл Жекей осындай заманауи перзентхананың  халық игілігіне берілгеніне ел басшылығына алғысын жеткізді.

Халық саны жылдан-жылға өсіп отырған ауданда 2019 жылы 4600 нәресте дүниеге келсе, өткен жылы бес мыңнан аса бала туған. Депутат үшінші қабаттағы жансақтау бөлімінің жұмысын көріп, ондағы сырқаттардың халін біліп, тезірек айығып кетулерін тіледі. Мамандандырылған бұл емдеу-алдын алу мекемесінде ана мен балаға жоғары білікті стационарлық дәрігерлік көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, диагностика жүргізіліп, әйелдерге акушерлік-гинекологиялық кеңес беріледі.

Дариға Назарбаеваның Жетісу өңіріне жасаған жұмыс сапары Шамалған ауылындағы спорт-сауықтыру кешені мен Тұңғыш Президент - Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралаумен аяқталды.

Пікірлер