Жетісуда кәсіп ашамын дегендерге мол мүмкіндік бар

901

Биыл Алматы облысында «Бастау Бизнес» оқыту жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша 3 мың адамды оқыту жоспарлануда. Бірінші лекті оқыту сәуірдің 26-сынан басталды. Бұл туралы «JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңында өткен брифинг барысында облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Сәния Наурызбаева мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017­­­-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Бастау Бизнес» жобасы азаматтарды кәсіпкерлік дағдыларға үйретуге бағытталған. Өткен жылы жоба бойынша өңірдің 3022 жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кәсіпкері бизнестің қыр-сырын үйреніп, 2039 адам жалпы сомасы 1,8 млрд.теңге қаржыландыруға қол жеткізді.

– Оқыту 5 бағыт бойынша ұйымдастырылып, осы жылдың қыркүйек айына дейін жалғасады. Карантиндік шараларға байланысты оқыту онлайн форматта жүргізіліп, 21 күн ішінде өткізіледі, – деді Сәния Наурызбаева.

Жобаға Халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар, зейнеткерлікке жетпеген 50 жастан асқан адамдар, NEET санатындағы жастар, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасы мүшелері, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүшелері, қоныс аударушылар мен қандастар қатыса алады. Жазылу үшін үміткерлер тұрғылықты жері бойынша Халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгіну керек. Кейін берілген жолдама бойынша «Атамекен» өңірлік палатасына немесе оның филиалына жүгінеді немесе atameken.co сайты арқылы тіркеледі. Ары қарай «Атамекен» қатысушылар арасында оқыту жүргізіп, оның қорытындысы бойынша сертификат тапсырады. Осы сертификатпен жоба түлегі 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант немесе 6 пайыз жеңілдетілген несие алуға мүмкіндігі болады.
Айта кетейік, 2017-2020 жылдар аралығында облыста «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 13 505 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқып, оның ішінде 5 137 жоба 74,2 млрд.теңге сомаға қаржыландырылды. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Әлия Есімжанованың айтуынша, биыл 49 979 жұмыс орнын, оның ішінде 26 258 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылған, оның ішінде 11,6 жұмыс орны мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылды.

Ағымдағы жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін 17,8 млрд.теңге бөлінді. Бұл қаражат кәсіптік оқытуға, шағын несиелендіруге, гранттарға, әлеуметтік жұмыс орындарын құруға бағытталатын болады

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар