Депутаттар тағы да зейнет жасын төмендетуді ұсынды

4112

Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы мүгедектердің зейнет жасын төмендетуді ұсынды.

Депутат Ерлан Смайылов қазіргі кезде мемлекет тарапынан мүгедек адамдардың құқығы мен мүддесін қорғау мақсатында бірқатар шаралардың атқарылып жатқандығын айтты. Өкінішке қарай жұмыс істейтін мүгедек адамдардың зейнет жасын төмендету мәселесі қаралмаған.

«Мүгедектерді жұмыспен қамту және оларға толыққанды жағдай жасау маңызды басымдық екені даусыз. Сонымен бірге мүгедек ересек адамдардың физиологиялық жай-күйін, денсаулық жағдайын да ескеру қажет. Жас өткен сайын ауру күшейеді және мүгедек адамдарға 63 жасқа дейін жұмыс істеу қиынға соғады. Соған қарамастан олар жұмыс істеуді жалғастыра береді. Өйткені мүгедектік бойынша алатын жәрдемақы мардымсыз. Сосын зейнетақыны көбірек алу үшін зейнетке шыққанға дейін жұмыс істеуге мәжбүр», - деді Смайылов.

Сонымен қатар депутат мүгедектердің зейнет жасын төмендеткенде денсаулық жағдайын, диагнозды, еңбек сипатын және тағы басқа мәселелерді ескеру керектігін де айтып өтті.

«Бірақ олар көп балалы аналар секілді орташа 55 жаста зейнетке шығу керек. Зейнетке шыққан мүгедек адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру тетігі жеке пысықтауды қажет етеді. Мысалы бүгінгі күні мүгедектік бойынша төленетін жәрдемақыны және қосымша зейнетақының бір бөлігін алуға болады», - деді ол.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы