"Бір ел - бір кітап"

4065
Adyrna.kz Telegram

Биылғы жылдың «Бір ел -бір кітап» республикалық акциясы аясында «Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназия» КММ кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына - 30 кітап» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы 2007 жылдан бері Қазақстан  Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Республикасының кітапханалық қауымдастығы  бастамасымен  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 15 жыл бойы өткізіліп келеді.

Акцияның мақсаты – халық әдебиетін насихаттау, тарихи, мәдени  және  рухани мұраны сақтау, жастарға адамгершілік-патриоттық тәрбие беру, ана тілін құрметтеу. Акцияның міндеті – қазақ әдебиетін кеңінен насихаттап, халықтың оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге деген қызығушылықты дамыту, сонымен қатар жас ұрпақтың интеллектуалды және рухани дамуына үлес қосу.

Жыл сайын «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында еліміздің барлық кітапханаларында көптеген іс-шаралар мен кітап көрмелері ұйымдастырылып, акция мен таңдаулы авторлар, олардың кітаптары туралы ақпарат беріледі, сондай-ақ Қазақстанның көрнекті жазушыларының шығармалары оқырмандар назарына ұсынылады.

Қазақстанда 2021 жыл Тәуелсіздік жылы деп жарияланды. Осыған орай «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Аталмыш акция аясында «30 кітап - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына» атауымен танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік шығармасы жалпыхалықтық оқуға іріктелді.Мектеп кітапханасында поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы авторлардың 30 ең үздік жұмыстары  қойылып,  жұмыс   жоспары бекітілді. Ақиық ақынымыз М.Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында, бір ел бір кітап акциясы аясында ақынның «Өмірдастан» кітабына онлайн кітап көрмесі ұйымдастырылып, өлеңдері оқырмандарға ұсынылды. Сонымен  қатар  Ж.Нәжімеденов «Менің Қазақстаным», Б.Соқпақбаев «Жекпе-жек», Ы.Алтынсарин «Өнер-білім бар жұрттар», Даурен Куат «Бөрісоқпақ» - кітаптарына библиографиялық шолу жасалынды.

Мемлекет басшысы карантин кезінде оқуға 30-кітаптың тізімін  ұсынды.Осы аясында аудандық мектеп кітапханашыларының арасында «Оқуға құштар мектеп» атты эстафета  челленджі  өткізілді. Аудан мектептеріне «Оқуға құштар мектеп» атты стендтер беріліп, «Оқуға құштар ұстаз», «Оқуға құштар ата-ана», «Оқуға құштар кіші қызметкерлер», «Оқуға құштар оқушы» атты аудан аралық челлендж эстафеталар өткізілді.  Кітап оқуды дағдыға  айландыру мақсатында басталған бұл бастама оң нәтиже  беруде.

 

А.  Дүйсенова,

 М.Бұғыбаева.,

«Б.Момышұлы атындағы

 мектеп-гимназия» коммуналдық

 мемлекеттік мекемесінің 

мектеп кітапханашылары.

Пікірлер