Ақеділ Тойшанұлы. Жаңа күн жарығы

4190
Adyrna.kz Telegram

Ежелгі түркілердің ұғы­мында Ұлыстың ұлы күні – ең ал­ғашқы күннің көкжиектен тууы, ең алғашқы бәйшешектің гүл атып қауыз жаруы, ең тұң­ғыш төлдің шарананы жарған қа­сиетті сәті, табиғат ананың буса­нып, бүкіл ғаламды, өмірді жарат­қан ілкі мезеті болып санала­тын. Ерте, ерте, ертеде таби­ғат ана толғатып, күллі өмір-тір­шілікті жаратқанда әлем ал­ғаш қалыптаныпты, сол кезде алып бәйтерек кішкентай ғана шілік екен, түпсіз мұхит шал­шық екен, заңғар таулар бір уыс балшық екен, қара тас сәби­дің еңбегіндей балқып жатыпты, алғашқы шыққан күннің нұрын бойына сенген түйе көре алмай, ойына сенген айлакер тышқан көріпті, сол кезден бері жылқайыру пайда болыпты дейді түркі әпсанасы.

Түркінің он екі жылдық мүшелінде бірінші жыл неге тышқан болды? Күлдір-күлдір кісі­неген жылқы, қоңыр мінез қой, алғыр барыс, сахара кемесі түйе неге алға шық­па­ды бәйгеде? Себебі, мифологиялық-ерте­гілік эстетика ұдайы әлсіз кіш­кен­тайды дәріптеп, жеңістен же­ңіске жеткізіп, зорекер алып күштіні сүріндіріп, үнемі уто­пиялық әділеттің салтанат құ­руын жақтайды. Ендеше дала­дағы ең алып хайуан түйе мен ең кішік жануар тышқан бәсекелеседі де, нәтижесінде аңқау да көмбіс Ойсылқара оңбай жеңіліп, санаттан шығады, ал денесі әлсіз болғанымен, ақылы мен айлакер қулығы үстем шыққан тышқан Жылбасы мәртебесіне ие болады. Әйткенмен, ұлық мал түйені түркі-моңғол халықтарында он екі мүшелден қалдырмайтын әпсана да бар. Ол бойынша, мүшелдегі хайуандар бәрі жиналып, түйенің мүшелерін бөлісіп алған. Шынында да түйенің құлағы тышқандікіндей, тұяғы сиырдікіндей, кеудесі барыс­тікіндей, еріні қояндікіндей, мойыны жыландікіндей, шу­да­сы жылқының жалындай, жо­ны қойдікіндей, бөксесі мешін­дікіндей, төбесі тауықтікіндей, сандары иттікіндей, құйрығы доңыздікіндей емес пе!

halyh-ani

Сол он екіні біріктірсек, тұтас түйе құрастырылады. Осылайша түркі күнтізбе жүйесінде түйенің бөлшектенуінен он екі мүшел пайда болған деген тұспал, сырлы астар аңғарылады.
Ұлыстың ұлы күні түркілер кілең жаңа ақ киім киетін, ақ боз атқа мінетін, ақсақал абыздан бата алып, ағарып атқан таң нұрына маңдайын тосып тәу ететін, ақ тағамдарды ішетін. Малшылық мәдениетті тірек еткен Тұран халықтарының бұл жаңа жылы кейіннен диқаншылықты негіз ететін түстіктегі сақ жұрағатынан таралған іргелес елдермен, әсіресе Иран өркениетімен араласып-құраласып, Наурыз деген халықаралық бірегей мейрам болып бүгінге жетіп отыр.

Түркі Жаңа жылы қыс пен жаздың, өмір мен өлімнің тартысқан түйінді сәті ретінде рәмізделеді. Махмұд Қашқаридың «Қыс пен жаздың айтысы», ел ескілігіндегі «Қар мен қоянның айтысы», қыс иесі Зымыстан мен жаз иесі Табысқанның күресі – мұның бәрі ескінің құлап, жаңаның жалғасуын тұспалдайтын бейнелер. Алай-дүлей ақ түтек бораны ақырған қаһарлы қыс дала халқы үшін өлім иесіндей көрінген, құрт-құмырсқасы қыбырлап, гүл бәйшешек өнетін, қазы қаңқылдап келетін шуақты көктем шаруалар үшін өмірдің бейнесіндей сезілетін. Мифологиялық зұлымдық иесін «Қарабасқын» десе, толассыз жауатын ақ кіреуке қарды «Ақбасқын» деп атаған. Әлбетте, малды аяқ жайылым, ауыз жайылымға қойып аспан қабағын баққан көшпелі қауым сары аяз қысқан қысты жұт, алтын күрек самал ескен ақжарылғап көктемді құт деп ұққан.

Сол себептен де Наурызда жастар Әз мырза мен Үт бике болып қолдұзақ ойнап, жаздың тез оралуын тілеген. Қыс иесі Зымыстан, Қалтырауық қамыр кемпір, Ақ боран секілді кейіпкерлер ойында жеңіліп тұра қашатын болған. Мұндағы Қалтырауық қамыр кемпірді өзбек, тәжіктер Аямажүз, Азиз-мома, Аджуз Калтирак деп атаған. Аджуз Калти­рак қолында таяғы бар ызғар шашып қал­ты­рап-дірілдеп жүреді, таяғымен кімді нұқып қалса, ол қалтылдақ болып қалады деп қорыққан. Хамал айында өліара мезетте күн райын бұзып жел соқтыратын боран иесі – Қалтырауық кемпір, ал оның екі ұлының аты Ақпан, Дақпан деседі.

Құрбанғали Халиди «Отамалының желсіз, борансыз өтуі сирек болатын оқиға. Қыстың шығар мезгілі, суықтың әлсіреген уақытына тура келіп, оны арабтар «аяма жуз», «барды ажуз» әлсіреген күндер, әлсіз суық деп атайды» деп түсінік берсе, Мәшһүр Жүсіп Көпей бұл күндерді қазақ «Кемпірдің желі» деп атайтынын жазады. Алып дорбасына ызғарлы жел толтырып алып Наурыздың алдында сойқан салатын кесірлі кемпірдің бораны туралы хикая біршама халықтарға ұласып таралғаны байқалады.

Мінеки, Наурыздың келуін қасиетті Күн салтанатының жеңісі, тіршілікке нәр берген көктем иесі Табысқанның үстем түсуі, ал оған қарсы шыққан, алты ай қыстай Ақбасқынмен төпеп, «жұт шашқан» Зымыстан бастаған неше алуан кесірлі күштердің жеңіліс табуы деп ұғу – негізінен Орталық Азия халықтарының танымына тән тәмсіл.

Жайнаған көктеммен бірге қайта түлеп жаңаруды тілеген ел «Ұлыс береке берсін, бәле-жала жерге енсін» деп ырым жасап, ескі кетік ыдыс-аяғын сындырып, өртеп те жіберетін болған. «Ескі ыдыс-аяқтың, түтіні шығар будақтап» дейтіні сол. Күн менен түн теңелген жаһан жаралған қасиетті шақта адамның бәрі теңдікке ие болған. «Күң құтылар сырықтан, құл құтылар құрықтан» дегендей бұл күні құл патшаның тағына отырып, бір күн билік етуге де рұқсат берілген дейді кәріқұлақ әңгіме. Ел көріскенде «Бір жасың құтты болсын!» деседі. Себебі, бұл күн адамдардың ғана емес, бүкіл ғаламның туған күніне саналады. Мұны жыл сайын қайталанатын, қазіргі адамдар әлем жаралған атамзамандағы ежелгі уақытқа саяхат жасап, ілкі бабалар мез­гі­лі­мен тоғысып, өзіне күш-қуат алу мүм­кін­дігіне ие бола алатын мифологиялық-ғұрыптық қасиетті нөлдік уақыт десек болады. Әлбетте, түркінің мифологиялық күнтізбесі – тарихи күнтізбедей сызық бойым­ен жалғаспалы емес, шеңбер тәріздес жыл сайын қайталанатын, мәңгілікпен үндесетін ұласпалы құндылық. Ол «Ата-баба не істесе, біз соны қайталаймыз» деген ғұрыптық-салттық жосынға арқа сүйейді.

Самалық,самалық!
Самарқанның көк тасы,
Жібіді ме, көрдің бе?
Самалық, самалық,
Қап тауының көк құсы,
Жүгірді ме, көрдің бе?

Иә, бұл күні жер алғаш жарал­ған­да­ғы­дай, күн алғаш туғандағыдай өмір-тіршілік дүр­кіреп қайта түлейді. Жаһан жаралғанда қара тас та был­қыл­дап еріп, мидай балқып жатқан дейді әпсанада. Сол ілкі асыл сәт жыл сайын ұлыстың ұлы күні қайталана бермек. Ендеше заңғар Қап тауының көк құсы көзін ашып, сеңгір биіктен ұлыстың ұлы күнінің нұрын көріп, Самарқанның көк тасы да бусанған табиғат ананың мейіріне балқып еруі тиіс. Мұндай асыл сәтті «судағы балық сезіп аунап түседі, қо­ра­дағы мың қойдың бірі түйсінеді» дейді ел аңызы.

Бүгін ескірген самалық деген сөз ізгі жаңалық, алғашқы леп, перзент, кейде ұзақ сапардан қайтқан жолаушы алдынан жүгіріп шыққан балаларға арналған сәлем-сауқат деген мағына да береді. Құр­ғақ­шылық кезде аспаннан бұлт кө­рінсе, балалар кейде «Самалық» айтып, жауын шақыратын да болған.

Самалық жырының кейбір шумағы өзбек балалары сандуғаш тұқымдас сайрауық пайыз торғайды алғаш көргенде айтатын мына өлеңге ұқсас: «Пайыз торғай, пайыз торғай! Есен-аман келдіңіз бе, Көзіңіз ашылды ма, бөстегіңіз шешілді ме?». Мұның мәні – пайыз торғай қыстай қой терісінен жасалған жылы бөстекке оранып ұйықтап жатып, көктем келгенде ғана көзін ашады екен-мыс. Қадым заманда халықтардың көбі жыл құстары қанатымен жадыраған жазды, жылы лепті әкеледі екен деп сенгендіктен құс пен шуақты көктемді байланыстырып, осылайша неше алуан аңыз-жырлар туғызған.

Сахарадағы қазақ көк­тем­нің шуақ тө­гіп елжіреуін «Самарқанның көк тасы еруі­­мен» бейнелесе, Самарқанның ірге­сін­­­дегі өзбектер дәл мұндай әпсана айт­па­ған. Олар болжамы мүлт кетпейтін Қо­­лыжұмық деген ғажайып есепші күн мен түн теңеліп, Наурыз келгенін сезіп май­­дай жібіген қолындағы көк тасты пы­ша­ғымен тіліп елге көрсететін болған де­седі. Екі халықтың арасында айтылатын көк тас туралы арналы аңыздардың төр­кі­нінде жұлдыздарды бақылап, салдама жа­сайтын Ұлықбек расытханасының ке­реметінің көркемделген жұрнағы бар де­генді көптеген зерттеушілер айтады.

Түркі халықтарының ұғы­мында ха­лық­тың жадында сақталған Әз Наурыз­дың бас кейіпкерінің бірегейі Қыдыр ата деуге бо­лады. Бұл кейіпкер кейде Қызыр-Ілияс деп қосарланып айтылады. Негізінен, Ілияс теңізде, Қыдыр құрлықта сапарда жүрген жолаушыларды жебейтін рух-ие деседі.

Қазақтың мифологиялық түсінігінде бақ пен құттың иесі – Қыдыр ата. Сол себептен де ақ батада оның есімі жиі ауызға алынады:
Асың, асың, асыңа,
Берекет берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа…
Қыдырың қияласын,
Шаңырағыңа
Бақ құсы ұяласын!

Кейбір деректе Қыдыр ата, кейде кері­сінше Бақтың көзі жабық, соқыр кейіпкер ретінде бейнеленеді, себебі олардың қасиетті жанары оқыстан түскен пендеге таусылмас дәулет бітеді-мыс делінеді.

Қыдыр ата халық түсінігінде ақ киім­ді, ақ сақалды қария, немесе кезбе ке­дей, дәруіш кейпінде суреттеледі. Ол адам­дар­ға өңінде кездеспесе, түсінде аян арқы­лы көрінуі мүмкін деген наным бар. Кей аңыз­да оның көзі соқыр, ол сондықтан жа­рыққа құштар, сондықтан ел Қыдырмен жо­лығу үшін Ұлыстың ұлы күнінде жұп шырақ жағып, ырым жасайтын бол­ған. Ол мәңгілік жасайды, себебі өліп қай­та тірілген, немесе Ескендірмен бірге өлмес­тің суын іздеу сапарында киелі суды тау­ып ішкендіктен ажалсыз қаһарманға ай­нал­ған деген әпсана бар.
«Қырықтың бірі Қыдыр» дейді халық. Күніге қырық адамға кезігіп сәлемдескенде соның бірі Қыдыр болуы да ықтимал. Қыдырдың бармағы сүйексіз. Сол себепті қазақ баласы бір-біріне амандасқанда қос қолын қатты қысып, ыстық қауышып, құшақтасады. Өйткені, бармағы сүйексіз былқылдаған Қыдырдың қолын сәтін салып ұстап қаламын деп те ел ырымдайды.

«Ертеде Бақ пен Қыдырдың тау бөк­те­рін­де келе жатқанын көрген жетім-жесір, ға­ріп-кәсір, бай-манаптар барлығы ол екеу­інің алдын орап, шапағат сұрапты» – дейді ел аңызы – «Көзін жабағы қасы жап­қан Бақ тұқырайып тұрып, қалың қа­сын жалп еткізіп, басын жоғары көтеріп қалғанда, тау басындағы кемтар қызға көзі түсіпті. Қыдыр ақ таяғын қолына алып, жылап тұрған қызға қарата бір нұсқап қалыпты да екеуі де көзден ғайып болыпты. Көп өтпей әлгі қыз сауығып, күйеуге шығып, үйлі-баранды болып, басына дәу­лет дарып, барша мұратына жетіпті. «Бақ қараса – Қыдыр дариды» деген тәмсіл осы­дан қалған екен-мыс».

Тағы бір аңызда: «Қыдыр әр адамға өмі­рінде үш мәрте кездеседі екен.Тек сол шапағатты сәтті сезініп, тілек тілеген адам­ға бақ қонады екен» делінеді. Кейде «Қыдыр атаның қолында қамшысы бар. Ол қа­сиетті қамшысын күн мен түн теңескен Ұлыс­тың ұлы күні көкке бір мәрте ғана к­ө­­тереді. Сол сәтте күн кенет қызып, тең­ге­дей мұз, тебінгідей тоң қалмай бал­қып еріп, табиғат жадырап, бусанып кетеді» дей­ді. Кейде «Қыдырдың қамшысы жерге түскенде дариялардың мұзы шарт-шарт сы­нады» деп иланады халық.

«Пәленнің үйіне бір жаяу мүсәпір адам қоныпты. Нашар, жаяу қонақты үй иелері жөнді елемепті. Ертең ерте елең-алаңда тұрып, әлгі қонақ үй иесі кемпірге: «Бәйбіше, не нәрсеге мұқтаж, ділгірсіз?» деп сұрапты. Бәйбіше: «Байқұс, не нәрсеге ділгір болайық, тек бір-екі күннен бері ошағымның бір бұты түсіп қалып, сол ғана ділгір болып тұр» депті. Қонақ қош айтып, шығып кетіпті. Қонақ кеткен соң қараса, ошақтың түсіп қалған бұтының орнына алтын бұт бітіп қалыпты. Үй-іші жүгірісіп, аузын ашып аңқиып, санын бір-ақ соғып қалыпты. Қонақ Қыдыр екен» деген әңгімені бала күнімізде естіп, тамсанып, нанып, көзімізді шарадай қылушы едік», – деп жазады Сәкен Сейфуллин.

Ендеше, алтын айдарлы тауық жылы барша шаңыраққа бақ қонып, Қыдыр дарығай!

Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,
фольклортанушы ғалым, 

"Егемен Қазақстан".

Пікірлер