Ашығудың пайдасы һәм Оразаның зияны

9545
Adyrna.kz Telegram

Жыл сайын қасиетті саналатын Рамазан айы басталғанда ораза ұстаудың адам денсаулығына мол пайдасы туралы түрлі ақпараттарды естиміз. Ораза ұстаудың пайдалылығын анау елдің ғалымы дәлелдеді, мынау елдің ғалымы дәлелдеп айтты деп, ислам дініне қатысы жоқ адамдардың еңбектерін мысалға келтіріп қосып ақпарат таратады. Осы айтылып жүрген ақпараттар дұрыс па, бұрыс па, талдап көрейін.

Арабтың «рамазан» деген сөзі қайдан шықты?

Рамадан (араб. رمضان‎ [ra.ma.dˤaːn]) – араб күнтізбесіндегі 9-шы ай атауы, жаз мезгілінің шілде айына сәйкес келген. Түбірі рамад (араб. رمض [ra.ma.dˤa]) – ыстық дегенді білдіреді. Бұл түбірден тағы мынадай сөздер шығады: рамида (араб. رَمِضَ [ramiḍa]) – ыстық болу, қызу; армада (араб. أَرْمَضَ [ạảr̊maḍa]) – (күннен) күйдіру, өртеу; ауырту, азаптау; рамадун (араб. رَمَضٌ [ramaḍuⁿ]) – күнге қыздырыну; рамдау (араб. رَمْضَاءُ [ram̊ḍāʾu]) – шыжыған ыстық. Сонымен «рамазан» сөзінде ыстықта қиналу деген мағына жатыр.

Арабтардың Ислам дініне дейінгі күнтізбесі бойынша рамазан айы жаздың ыстық шілде айларына сәйкес келіп тұрған. Ол айлар ыстық болуына байланысты отыз күн ораза ұстаудың түбі ертедегі арабтардың шаруашылық-тұрмыс жағдайының қиындығына байланысты туындаған. Негізі мұсылман күнтізбесі дұрыс есептеліп жазылса Рамазан айы Шілде айымен тұста -тұс келіп «ораза» ыстық шілде айында ұсталуы керек. Бірақ, күнтізбенің қате есептелуімен байланысты жыл сайын он күнге жылжи береді. Ислам дінінен көп бұрын таяу шығыстағы халықтар ыстық шілдеде күн бұрын нәр тартпай көкке қарап, жаңбыр тілеумен болған. Тіршіліктің қамын кешке және түнде ғана ойлап, жетімсіз азық-түлікті тек түнде ғана ішкен. Арабтарға күннің ыстық көзінен, түндегі айдың сәулесі жақсы көмектескен. Яғни, айға табынған халық болған. Сондықтан мешіттердің күмбезінде айдың (айшық) белгісі тұрады. Арабтарда шөл далада күннің көзі өте ыстық болғандықтан тозақта ыстық, от, адам жанының қиналуы деген азаптар бар. Тозақта суық аязбен қинау туралы жоқ, сол кездегі кітап жазушылар суық, аяз, боран туралы білмеген болар.

Құранда оразаны «ас-саум» (араб. الصوم‎) дейді. Ораза сөзі (руза) парсы тілінен енген, мүмкін ежелгі түркі тілі де болар. Бірақ, оразаны бұрынғы қазақтар астан ауырған кезде ұстаған деседі. Оған Алаш ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына өлеңі де дәлел:

Молдеке, сізге бір арыз,
Ораза деген не парыз?
Ауырмай астан қалғанда,
Өтейтінің не қарыз?

Аш жүр деп алла аяса,
Жарылқар еді кедейді.
Көпке бірдей қараса,
Жақсы, жаман демейді.

Күнәдан адам қорықса,
Кісі ақысын жемейді.
Біреу жалшы, біреу бай,
Қай кезде кім теңейді?

Тамақтан тыйылу исламнан бұрынғы діндерде де болған және әр дінде ұстану бір-біріне ұқсамайды. Ал, Ислам діні оразаға жаңаша мән беріп, бұрынғы арабтардың ыстық шілде айында күндіз демалып, түнгі салқында ішіп-жейтін салттарын (ас-саум) енгізді. Осылай оразаның мәні адамдарды бір Аллаға құлшылық етуге, тірі өмірдегі жалған өмірге қызықпай, келешек мәңгілік «О дүниенің» қамын ойлауға баулитын болды.

Сонымен, исламша ораза ұстау денсаулыққа пайдалы ма, әлде зиян ба? Құранның «Бақара» сүресінің 187-аяты, 7-ші сөйлемінде былай айтылады: «Және таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) айрылғанға дейін ішіңдер, жеңдер де соңсоң оразаны кешке дейін толық орыңдандар» (Халифа Алтай аудармасы). Түсініктілеу болу үшін орысша аудырамасын ұсынайын: «Ешьте и пейте, пока вы не сможете отличить белую нитку рассвета от черной, а затем поститесь до ночи» (Смысловой перевод Корана на русском языке (Э. Кулиев)). Яғни, таңғы қараңғыда қара жіппен ақ жіп қатар тұрғанда, ақ жіптің сәулесі қараңғыдан көрінетін кезге дейін ішіңдер, жеңдер, содан-соң түнге дейін ауыз бекітіңдер деп тұр. Бұл, арабтардың ежелгі дәстүрі рамазан айында (шілде) күндізгі ыстықта демалып, түнгі салқында тіршілігін жасап ұстанған салтынан алынып тұр.

Қазіргі уақыттың өзінде оразаны түнімен ішіп-жеп, күндіз демалып, ұйықтап өткізу де исламның шарттарына қайшы емес, тек міндеттелген құлшылықты Аллаға жасап жүрсе болды. Осы орайда, қолы бос мұсылмандар рамазан айында түнде ояу жүріп тамағын жеп алады, есесіне күнімен түнде ұйықтамаған ұйқысын қандырып жүреді. Ал, күндіз жұмысы бар ораза ұстаушылар денсаулықтарына және жұмыстарына қандай зиян тигізіп жүргендерін біледі ме!? Күндізгі шаршағаннан демалып қалпына келіп жатқан адам ағзасын қараңғы 4-5 терде оятып алып оған тәбетің болмаса да тамақ жегізу, одан кейін күндіз шөлдеп қаламын деп тамақтың артынан көбірек су ішіп алып қайта төсекке жату адам денсаулығына өте көп зиян болатыны белгілі. Күндіз шөлдегеннен ағзаның сусыздануы болады. Адам денесінде су жеткіліктіз болғаннан клеткаларда зат алмасу құбылысы тежеліп қалады, содан адамның денесі де, миының ойлау қабілеті де қызметін толық атқармай күндізгі жұмысының нәтижесі осал болып тұрады. Сусыз асқазан, бауыр, бүйрек, ішектер де өз-өзін тазалай алмай денеде керексіз боқат (шлак) пен жалқықтар (слизь) көбейеді. Бұлардың адам денсаулығына зиян екені айтпаса да белгілі, алдымен иммунитетті түсіріп кейін «рак» онкологиялық ауруларға дейін алып барады. Ал, кешкі ауыз ашарда тағы да тамақты тойып жейді, тоймай жеу мүмкін емес, өйткені мида күндізгі аштықтан және сусыздықтан күйзеліс болды, мида бөлінетін допамин арқылы қиналғанның орнын толтыру керек, оның үстіне ауыз ашарда суды бір ұрттап қойып тамақ жеуді бастап кетеді. Күнімен сусыраған денеге алдымен су керек. Адам асқазаны тамақ сұраса да су сұраса да миға баратын бір сигнал «қарын ашты» деген, аш қарынға алдымен жылы су ішіп шөлді қандырып кем дегенде 30 минуттан кейін тамақ жеу керек. Ал, 30 минуттан кейін жейін десе ауыз-ашарға келген адамдар күтіп отырмайды, оның үстіне түнгі ұйықтайтын уақытта жақындап келеді, жатар кезде жеген тамақ сіңбей қалады. Ораза кезінде түнімен атқаратын сауабы көп «тарауих» намазы бар. Жалпы, күндіз жұмысы бар адамға рамазан айы ұйқыны қандырмай, аштықтан және сусыздықтан миға күйзеліс алып келіп быт-шытты шығарады. Адамның ойланып шешім шығару қабілеті де азаяды, өйткені судың жетіспеушілігінен адам ағзасындағы клеткалар, әсіресе мидағы клеткалар қалпына келмей тұрады.

Өзім жастайымнан ораза тұттым, жас кезімде ауырлығы білінбейтін. Бірнеше жылдан кейін денсаулықты күтіну үшін кешкі сағат 17.00 ден кейін тамақтанбауды ұстандым, сол кезде кешкі тамақты жемеу денсаулықтың пайдасына қандай үлкен үлес қосатынын білдім. Кешкі тамақты жемеген соң дене жеңілденіп, кешкі серуенге шығып физикалық жаттығуларды жасап алуға қиындық болмайды екен. Ал, кешкі тамақты жей қалсаң денедегі қуат тамақты қорытуға бағытталады да, денеңгі көтеруге зауқың болмай жата қалып телевизор көресің. Түнде ұйқыға аш жатқан соң, ұйқы қанып жақсы демалып тұрады екенсің. Таңертең ерте тұрып аламын, өйткені миым тамақ болады деп қуанып тұратын.

Кезекті ораза айы келген тұста, ораза тұтқанымнан денсаулыққа кері әсері байқала бастады, жұмыс істеу қабілетіме де әсерін тигізгенін байқадым. Сол кезде «неге жаратушы құдай 30 күн оразаны түсте бір мезгіл ғана тамақтанып қалған 23 сағат аш жүріңдер десе жеткілікті ғой» деп ойлайтынмын. Оның үстіне Жердің солтүстігі жағындағы елдерде (мыс. Скандинавия) түннің қысқалығы 2 сағаттай ғана, тіпті түні жоқ мезгілдер болады, ол елдегілер оразаны қалай ұстамақ!? Иә, рамазан айындағы ораза ұстау шарттары ежелгі арабтардың шілде айының ыстық күндізінде ұйықтаумен, түнгі салқында ішіп-жеумен тіршілігін жасайтын дәстүрінің бірі деп пайымдаумен шектелдім.

Ал енді, ашығудың пайдасы туралы жаза кетейін. Орта мектепті бітірген кезім. Әкем маған қазақшаға аударылған Пол Брэггтің «Ашығудың құдыреті» атты кітабын оқуға берді. Өзі оны оқып шыққан болатын. Мен де бір сыпыра оқып шықтым. Ол кітапта аурудың көбі астан болатындығы және ашығу арқылы адам өзі денсаулығын түзеп алуына болатыны туралы жазылған. Сондай-ақ, қалай ашығу, аптасына, айына, 3-айда, 1-жылда неше күн ашығу туралы жазылған, бірақ барлық ашығуларда қайнатылған немесе дистилденген жылы су ішу керектігі айтылады. Сол кезде 1999 жыл болатын 3-тәуліктік ашығуға дейін жасадым. Әсерінің бірі – үнемі тісімнің еті қанайтын да жүретін, 2-ші тәулікте тісім өзінен-өзі қанай берді, шыққан қанды түкіре бердім, кейін тісім мүлде қанамай кетті. Ал, әкем 8-тәуліктік ашығуға дейін жасады. Сол жылдары әкем қазірге қарағанда жас болса да денсаулығы нашарлап, қолын жоғары көтере алмай қалған, жүрегіне де көп шағым айтатын. Ұзақ ашығудан әбден азды, есесіне денсаулығы мықты болып кетті, тойларда қолын аспанға көтеріп билеп алатынын да көрдім. Иә, Пол Брэгг ашығу арқылы дене клеткалары жаңарып, жас баланың денесіндей жасарып қаласың деп жазып еді. Ол кісі 1976 жылы 96 жасында АҚШ-тың Флорида штатында қайтыс болады.
Жапонның биолог зерттеуші ғалымы Есенори Осуми аутофагия саласын зерттеп 2016 жылы физиология және медицина саласында ең мәртебелі жүлде Нобель сыйлығына ие болды.
Аутофагия – өзін-өзі қоректендіру деген мағына береді, яғни адам ағзасына сырттан ас түспеген кезде, ағза денедегі ескі және артық клеткалармен қоректене бастайды. Аутофагия процесін алғаш рет зерттеп ашқан кісі – Бельгиялық Кристен де Дюф. Олда өзінің ашқан ғылымы үшін 1974 жылы Нобель сыйлығын алған. Аутофагия құбылысы адам ашыққан жағдайда белсенді бола бастайды.
Адамға бастапқы кезде ыңғайлы жолы сумен ашығу әдісі. Ең алдымен, ағзаларыңыздағы иммунды қуат көбейеді. Бұл қуат бойыңыздағы барлық ауруларға қарсы тұратын, адам денсаулығын қорғайтын қуат. Адам ағзасы тазарады. Ас қорыту сияқты ауыр бейнеттен құтылған ағзалар тынығады, соған орай психикалық тынығу, яғни уайым-қайғыдан арылып, жүйкенің тынышталуы байқалады. Артық салмақтан зардап шегіп жүргендер үшін ашығудың ең үлкен нәтижесі: бойдағы жиналған майдан арылу, артық салмақтан құтылу болып табылары анық. Ғалымдар бір күнгі ашығу адам ағзасын үш айға жасартады дейді, яғни, адам неғұрлым көп ашықса, соғұрлым жасара түспек.

Сумен ашығудың емдік және профилактикалық түрлері болады. Адам тамақтанғаннан кейін миының 95% қуаты ас қорытуға жұмсалады. Содан адамзат миының 5% ғана пайдаланып жүр. Ал, астан тыныққан кезде, ойлауға, дамуға жұмсала бастайды екен. Бұл жағдайды тек ашығуды жасап көрген кісілер жақсы сезінеді. Сумен ашыққан кезде ескі клетканың орнын жаңа клеткалар толығымен алмастырады. Осындай зат алмасу құбылысы болған кезде ғана адамның тәні жаңарып жасара түседі.
Мақаламның соңын мына сөзбен аяқтайын. Ораза тұтқан кезде күні бойы сусырап оны ішпей жүру қанды қоюландырып ағзаға қажет қорек жетпей және ағзадан шығу керек зиянды қалдықтар шықпай қалып, оразаның аяғында кейбір адамдар денсаулығын нашарлатып алады. Қанның қоюланып кетуінен қан қысымы бұзылып, көп адамдар жүрек-қан тамыр ауруларынан көз жұмып жатады. Оған біреулер «ораза кезінде өлген адам жәннәтқа барады» деп қуанып жатады. Бұл адамның білімсіздігінен деп пайымдаймын.

Бегалы Сапаралыұлы,

«Адырна» ұлттық порталы

(Ескерту: Автордың көзқарасы редакция көзқарасын білдірмейді. Бейтарап бағыттағы портал қарсы тараптың да материалын жариялауға әзір).

Пікірлер