Талдықорғандағы мешіт имамдары қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда

2795
Adyrna.kz Telegram

Сәуір айының 13- жұлдызы күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының алғашқы күні. Жүрегіне ізгілік пен иман ұялаған әрбір жан 30 күн ораза тұтуға ниет етіп, жаратушы жалғыз иемізден елімізге, жерімізге, дінімізге, тілімізге бар жақсылық тілеп жатқаны анық. Осы бір қастерлі айда елдегі індетке байланысты шектеулерді сақтай отырып Талдықорғандағы мешіт имамдары түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда.

Атап айтсақ, Рамазан айының қарсаңында ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкілдігінің мұрындық болуында демеушілердің қолдауымен, Талдықорғандағы орталық «Иман» мешіті және қалалық «Жетісу» мешітінде «Рамазан сыйы» атты акция ұйымдастырды. Онда тұрмысында қиыншылығы бар 300 отбасына 8 тоннаға жуық азық-түлік себеттері таратылды. Азық-түлік салынған әр қорапта 10 келі ұн, 5 келі күріш, 5 келі кеспе, 5 литр май және 1 келі тұз бар.

Арнайы ұйымдастырылған шараға, өңірдің бас имамы Ардақ қажы Нүсіпханұлы қатысып, жалпы Жетісу жұртын Рамазан айымен құттықтады. Әрі мешітке өтініш жазған мұқтаж жандардан тыс, мешіттердегі 5 уақыт намазға келуші жамағаттардың жұбайларына және мешіт қызметкерлеріне,  күзетші, тазалықшыларға дейін азық-түлік себеттерін өз қолымен табыс етті. Сонымен бірге Рамазан айының алғашқы күні мешіт жанашырлары имамдармен ақылдасып, 150-ге жуық ораза ұстаған адамға жеміс-жидек және ауызашар тағамдарын ұсынды. Аймақтағы карантин талаптарына сай ас мәзірі мешітте дайындалып, еріктілер ораза ұстаған жандардың үйлеріне жеткізіп берді.

— Мұндай игілікті істер тек мұнымен шектеліп қалмақ емес, Алла бұйырса, алдағы уақытта ауызашар тағамдарын күнделікті дайындап тарату жоспарланса, басқа да қайырымдылық шаралары аймақтағы жомарт жандардың көмегімен әлі де жалғасын табатын болады, — дейді өңір имамы.

Оразаң қабыл болсын ұстаған жан!

 

Пікірлер