Рухани жаңғыруға бастайтын тың қадам

3536
Adyrna.kz Telegram

«Жетісу – оқырмандар мекені» жобасының ресми тұсаукесері  Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің бас ғимаратында өтті.

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі директоры Дана Дюсенова мен жоба жетекшісі, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі директорының орынбасары Ержан Дармышев бұл жобаны іске асыру барысына, мақсаттары мен міндеттер турасында егжей-тегжейлі айтып берді.

Қазіргі заманауи қоғамда ақпараттық және цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында дәстүрлі рухани құндылықтардың жандануы ерекше мәнге және өзектілікке ие болуда. Сондықтан, Қазақстанда әсіресе, жас ұрпақтың арасында оқырман қоғамын қалыптастыруға басымдық берілуде, - дейді спикерлер.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында көптеген жұмыстар қолға жүзеге асуда.

Биылғы  Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында Алматы облысының ішкі саясат басқармасымен және «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесімен «VIP ZHETYSU» зияткерлік клубы, «ZHETYSU QUEST» және «IQ DODA» зияткерлік ойындары, «ЗЕРДЕ» телевизиялық ток шоуы сияқты зияткерлікті дамытуға бағытталған бірқатар жобалар әзірленді.

Биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі — оқырман ұлттың имиджін қалыптастыруға, сондай-ақ тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Жетісу — оқырмандар мекені» вендинг аппараттарын енгізу жобасының әзірленуі. Жоба — цифрлық технологиялар мен әдеби-рухани мұралардың синтезі болып табылады.

Жобаның мәні — сандық технологияларды қолдана отырып, кез-келген адамға таңдалған кітапты ойын арқылы жеңіп алуға мүмкіндік беретін кітап оқуды танымал ету. Сонымен қатар бұл кітап электронды емес, дәстүрлі қағазға басылған кітап.  Автомат сенсорлық экранмен жабдықталған және қатысушыларға Тәуелсіз Қазақстанның тарихына, мәдениетіне, географиясына байланысты танымдық сипаттағы сұрақтар қоятын бірегей бағдарламалық жасақтама орнатылған.

Ұсынылған сұрақтарға дұрыс жауап берген кезде вендинг-аппарат автоматты түрде алдын-ала таңдалған кітапты шығарады.  Ойынды бастамас бұрын, құрылғыда бар әдебиеттер тізімін білуге мүмкіндіктер жасалған.

Айта кетерлігі, жоба «IT QUIZ» және «Сколково» технопаркінің дамуына қатысып, үлес қосқан Ресей мен Украина елдерінің IT мамандарының көмегімен жасалды.
Осылайша, жобаны әзірлеушілер цифрландыруды ескере отырып, заманауи цифрлық технологияларды пайдалану есебінен оқырмандар санын арттыру міндетін басшылыққа алады.

Пікірлер