Өнерде шек жоқ!

2271
Adyrna.kz Telegram

 

  Дарындылық – назарды талғампаз таңдауға лайықты объектілерге аударта білу, жадтан әсерлерді алып шығу, оларды шығармашылық қиял ұсынатын ассоциация мен байланыстар жүйесіне енгізу. Әр адамның бойында түрлі дарын бар. Десе де оны толық ұстай алу – өнер. Нағыз ісмер, #kairataisulu брендінің негізін қалаушы Айсұлу Құрманбекқызының бойындағы талант жайлы кейіпкеріміздің өзімен әңгімемізді жалғастырсақ.

- Бұл бренд басында жай ғана хобби ретінде басталды. Негізгі мамандығым – инженер. Үйде декреттік демалыста отырған кезімде сөмкелерді қызығушылық ретінде тігіп бастадым. Міне, 4 жылдан аса уақыт өтті, қазір Нұр-Сұлтан қаласында кішігірім шеберханамыз бар. Сол жерде сөмкелерімізді сатамыз. Әлеуметтік желіде инстаграм парақшасын жүргіземіз. Тапсырыс қабылдап, Қазақстанға әйгілі, атақты әншілермен, тележүргізуші, блогерлермен жұмыс жасаймыз. Қасымда бірге қызмет атқаратын екі көмекшім бар.

  Сөмкелер бізде эксклюзивті, қазақша нақышпенен, оюмен, винтажды және заманауи стильде. Сондай-ақ, сөмкелер бастан-аяқ қолдан тігіледі.

- Шабыт – ойдың анықтығының, жұмысының қарқындылығының, өмірлік және көркем тәжірибенің қуатты түрде «сыртқа шығарылуының» және оның тікелей шығармашылыққа қосылуының айрықша шығармашылық ахуалы, форманы ерекше сезінуіндегі асқан шеберлік. Бұл да өнердің бір түрі болғандықтан міндетті түрде шабыт керек. Әртүрлі эскиздерді жасар алдында неден шабыттанасыз?

- Қолым тисе, табиғат аясына шығуға тырысамын. Шабыт деген қызық дүние ғой. Шабыт келген кезде сен ұйықтап жатсаң да мейлі, қандай іспен айналыссаң да қиялдың жетегіне еріп кетесің. Мысалы, мен өзім шабыттанып тұрсам бірден қалам менен қағазды қолға алып, сол ойға келіп тұрған, еске түсіп тұрған сөмкелердің бейнесін немесе тігістерді нақтылап қағазға түсіріп алуға тырысамын. Біз сөмкенің бетін әрлейтін болғандықтан, көз алдыма келген түстерді есіме бірден сақтап алуға бар күшімді саламын.

- Сөмке модельдерінің пішінін, көлемін тапсырыс берушілердің өздері айта ма, әлде сіздерден ұсыныс күте ме?

- Сөмкенің өлшем бірлігін әрине тапсырыс беруші айтады. Алайда, біз ол сөмкеге профессионалды көзқарасымызды білдіріп отырамыз. Қалай жасаған дұрыс болады деп, жұмысымыздан шет қалдырмаймыз. Сол себепті, тапсырыс берушімен әрдайым ортақ шешімде боламыз.

- Сөмке үшін түстерді бір-бірімен үйлестіре біліп, матаны дұрыс таңдау – үлкен шеберлік. Мата, әшекейлерді арнайы тапсырыспен алдырасыздар ма?

- Иә, арнайы дүкендерден маталарды тапсырыспен алдырып жатамыз. Мысалыға, әрлеу үшін «кишма» деген дүние керек болады. Ол – фурнитура. Кейде Индиядан арнайы алдыртамыз. Қолөнері болғандықтан, көбінесе барлығын өзіміз жасаймыз.

- Өзге қалаларда мастер-класс сабақтарын өткізіп тұрасыз. Қатысу үшін өтініш хаттар да жиі келетін шығар. Қазір пандемияға байланысты сабақтарды онлайн жүйеде өткізесіз бе, әлде тоқтатып қойдыңыз ба?

- Бұрын өзге қалаларда мастер-класс өткізген болатынмын. Ол – көбінесе сұраныс бойынша: Алматы, Шымкент қалалары. Бірақ пандемияға байланысты, өкінішке орай, ешқандай мастер-класс өткізіп жатқан жоқпын. Онлайн мастер-кластар да уақытша тоқтатылып қойды.

- Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар? Шеберхана санын көбейту секілді?

- Әрине, алдағы уақытқа жоспарлар өте көп! Алдымен ішкі нарықты қамтамасыз ету керек. Одан кейін шет елдерге шығу. Қазағымыздың ою-өрнегін әлемге паш ету.

- Жауаптарыңызға көп рахмет! Ұлттық құндылығымызды әр қырынан дәріптейтін өзіңіздей жандар көбейе берсін демекпіз.

 

Айдана БЕЙСЕН,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер