Қазақстаннан білім миграциясын қалай тоқтатуға болады?

2751
Adyrna.kz Telegram

Соңғы жылдары қазақстандық түлектер жаппай шетел асуда. Көршілес Ресейдің өзінде ғана 70 мыңнан астам түлек білім алып жатыр.   Сарапшылардың айтуынша, отандық жоғары оқу орындары ресейлік университеттерден кем емес. Осы орайда, білім миграциясын  қалай тоқтатуға болатыны туралы Академиялық адалдық лигасы Жалпы Жиналысының мүшесі Талғат Нәрікбаев мәлімдеді.

Студенттердің шетелге кетуінің негізгі себебі — шет елдерде білім сапасы жоғары деген пікір әрі отандық ЖОО-ларға деген сенімсіздік.  Білім мен тұратын орын тегін болғандықтан қазақстандықтар Ресейді таңдайды.

Бірақ ол жақта бәрі біз ойлағандай керемет емес.  

«Ресейдің білімі сапалы деген стереотипке менің күмәнім бар. Негізінде жоғары деңгейлі университеттері Мәскеу мен Санкт-Петербургте шоғырланған. Ал басқа оқу орындарының көпшілігі сапалы білім бермейді, кейбірі тіптен нашар»,- дейді М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің Басқарма басшысы.

Оның айтуынша, елімізден кетуге тыйым салу мүмкін емес, бірақ мемлекет азамттардың қалуы үшін бар жағдайды жасауы қажет.

«Әрине, әрбір жас бай, табысты, кәсіби маман болғысы келеді. Сол себепті жастарды елімізден кеткісі келмес үшін мемлекет оларға барлық жағдайды жасауы тиіс, еңбек нарығында жалақы мөлшері жоғары болуы қажет. Сондай-ақ мамандарды жұмысқа алу процесі ашық жүргізілуі керек.  Жастар жұмысқа танысы, туысы арқылы емес, кәсіби біліктілігінің арқасында адал жолмен орналасуы тиіс», - деп қорытындылады Талғат Нәрікбаев.

Коронавирустық пандемияға байланысты елдер арасындағы қозғалыс шектеулі болғанына қарамастан, Қазақстанда оқығысы келетін шетелдіктердің саны  артып келеді. Мәселен, 2020 жылы елімізде білім алып жатқан  шетелдік студенттер саны 34 452 адамды құрады.

Анықтама. Академиялық адалдық Лигасы - бұл 11 жоғары және  жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдар бірлестігі. Білім беру сапасын арттыру және академиялық адалдық принциптерін қолдау Лиганың миссиясы болып саналады.

Академиялық адалдық лигасының баспасөз қызметі

Пікірлер