Алаш үкіметінің қазынашысы

4989
Adyrna.kz Telegram

(жалғасы)

Біз сөз етіп отырған Әнияр Қожабайұлы Әнет бабаның бесінші ұрпағы екен.

Әнет Кішікұлы (1623-1723) «Жеті жарғының» құрастыруға қатысқан атақты жеті бидің бірі. Жас кезінде Бұқар Шарифте үйсін Сарышуаш жыраумен бірге медресе бітірген, ислам қағидаларына, шарығат ережелеріне жүйрік болған. Әділдігімен, білімділігімен аты шыққан – деп Қазақ Энциклопедиясында жазылыпты.

Әнет баба сүйегі Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне жерленген. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы Қалқаман-Мамыр поэмасында:

Әнет бабаң – Арғынның ел ағасы,

Әрі би, әрі молла ғұламасы.

Орта жүзде үлгі айтқан ғаділ екен,

Сол кезде тоқсан беске келген жасы. – дейтін.

«Әнет бабаң емес пе менің атам» деп әруақты би Кеңгірбай сыйынатын қасиетті адам осы кісі. Әнет баба Кішікұлы өз заманында «Билердің биі», «Ұлылардың ұстазы», «Баба» атанған, оқымысты ғұлама, мемлекетаралық мәмілегер болған, көрнекті тарихи тұлға.

Академик Әлкей Марғұлан  Әнеттің Бұхарадағы ең жоғарғы діни оқу орнын бітіріп, ғұламалық яғни академиктік дәреже алған құжаты сақталған деген. Ол кезде дүниенің Бұхарадағы «Көгелташ» медресесіне төрт бұрышынан талантты шәкірттер келіп білім алып, оқуды тауысқан соң әрбір шәкірттің қабілетіне қарай құжат беріледі екен. Әнет баба өзімен қатар оқыған шәкірттердің бәрінен үздік шығып, ғұлама-дамуллалардың батасын алып жолға шыққалы тұрғанда, Бұхараның дін басы  - шейх ұл-ислам баба оған былай деп сұрақ қойыпты:

Әнет, міне сен ғұлама болдаң. Қадамың құтты болсын! Енді Түркістанға жүргелі отырсың. Бірақ онда біз сайлаған мүфти бар. Ол бір қасиетті адам. Саған муфтиліктен басқа лауазымды лайық көрмей отырмыз. Не істеген жөн?

-Әміріңізге құлдық, шейх-ұл-ислам. Мен Түркістанға барғанда лауазым іздеп бара жатқаным жоқ.

- Енді не іздеп барасың?

-Елімді іздеп барамын. Ен сахараны ен жайлаған қазақ деген халық бар. Сол халқыма қызмет етемін, - депті Әнет баба.

Шынында, ол Түркістан, Сауран, Қарнақтағы мың сан мешіттің ешқайсының муфтиі болмаған. Қандай уақытта да халық арасында жүрген, елімен бірге болған. Соның үшін елі оны төбесіне көтеріп, әз әулие тұтқан.

Әнет баба Әз Тәуке заманының іргелі биі, әрі хан ордасындағы кеңес мүшесі ретінде әйгілі «Жеті жарғыны» жасаушылардың бірі екені тарихи деректерде де, халық жадында да сақталған. Осы қабылданған әдет-ғұрып, тұрмыстық заңы негізінде халқымыз ел арасындағы дау-дамайды, ішкі-сыртқы саясат, дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеп отырған.

biler

Халқымыздың танымдық түсінігі, ізгілік қасиеттері, әлем сырын, табиғи құбылыстарды танудағы қасиетті 7 санымен шамаланатын. «Жеті жарғымен» қатар «жеті шәріп», «жеті қазына», «жеті жұрт», «жеті ғалым», «жеті хақ», «жеті қат көк», «жеті қат жер».... сияқты жұмбақ сырлы сөз тіркестерінің көбі Әнет бабаның есімімен тығыз байланысты.

Дүниеде неше жетім бар? деп сұрағанда Әнет бабаң:

Дүниеде жеті жетім бар. Олар мыналар:

Сөз жетім – ынтаменен тыңдамаса,

Бөз жетім – киілместен тозған болса.

Жер жетім – иесі жоқ қалған болса,

Ел жетім – жақсы басшы арман болса.

Көл жетім – қаз қонбаса, құстар ұшып,

Ер жетім – жеке қалса тізе құшып.

Болмаса замандасың тойға барма,

Басыңа жалғыздықтың торы түсіп, -

деген екен.

Қазақ «жеті жоқ» деп Әнет бабаның тұсынан мына нәрселерді айтады:

Аспанда тіреуіш жоқ,

Жерде өлшеуіш жоқ,

Таста тамыр жоқ,

Аллада бауыр жоқ,

Аққуда сүт жоқ,

Жылқыда өт жоқ.

Әнет бабаңнан «жеті қазынаға нелер жатады?» деп сұрағанда ол кісі:

- Әйел, ер жігіт, ілім-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, алғыр ит, - дегенде біреу тұрып:

-Баба қазақта «бала белде, қатын жолда» деуші еді ғой. Ер жігіт қатынды жаудан барып олжалап алады, айттырса қалың малына қырық жетіні айдап апарып береді. Бұл – шығын. Қазақтың тағы бір мәтелі «Қойныңдағы қатыныңа сенбе, астыңдағы атыңа сенбе» дейді. «Атың жаман болса сатып құтыласың, қатының жаман болсай қайтып құтыласың?" деген де сөз бар. Соған қарағанда «Әйелді жеті қазынаның бірі» деу дұрыс бола қояр ма екен?

Әйел жеті қазынаның бірі ғана емес, біріншісі болуға лайық, - депті Әнет баба сонда. – Дүниедегі бар тіршілік атауының анасы – әйел. Ананың жаманы болмайды. Сондықтан оған тіл тигізуге де, қол көтеруге де болмайды. Пайғамбарымыздың өзі әйелдерді қатты құрмет тұтқан. Ал бірді-екілі ауылдың бепілауызы әйел туралы жаман сөз айтар болса, ол халықтың пікірі емес. Ондайларға тыйым салу керек, - депті.

Әнет бабаның осы сөзінен кейін әйелдің жеті қазынаның бірі екеніне күмән келтіру қазақ арасында мүлдем тиылыпты. Әнет бабаның өз басының өнегелі үлгіс, билікте, кеңес, жиында айтқан кестелі сөз өрнектері,  ой толғамдары, түйінді тұжырымдары халқымыздың мақал-мәтелдеріне айналып, рухани байлық қазынасын молайта түссе керек. Әлі де болса Әнет баба айтқан екен дейтін «Тауына қарай  - қыраны, жеріне қарай құланы», «Ұлысына қарай – ұраны, ұранына қарай – ұланы», «Сабасына қарай – піспегі, мұрнына қарай – іскегі» деген сөздері көп.

Қазақ баласы Түркістанды астана етіп, шалқып-тасып дәурені жүріп тұрған заманда алаштың бас биі үйсін Төле биден біреулер: -Уа Төле би, біз адассақ сізден ақыл сұраймыз, сіз адассаңыз кімге жүгінесіз? – деп сұрапты.

Әнет бабаң бар емес пе? – деген екен сонда Төле би.

t-le-bi

Төле би төбе би болып сайланған соң өзін сынатайын деп Әнет бабаға келеді. Келсе Әнет баба он екі қанат ақбоз үйдің қақ төрінде төрт қабат төселінген көрпенің үстінде, көкірегіне көк құранды қойып шалқасынан жатыр екен. Төле амандасып, жәй күйін айтқан соң, Әнет баба Төле биге арнап төбел бие сойғызып, төрткілдеп ошақ қаздырып қонақасы беріпті. Кететін кезінде қасына шақырып алып, керегеге ілініп тұрған қорамсақты нұсқапты:

-Төлежан, анау қорамсақтан бір жебе суыршы – депті.

Төле Әнет бабаның айтқанын істеп, қозы жауырын қу жебені суырып алып, бабаға ұсыныпты.

-Жоқ бұл жебені өзің ал, Төле. Ал дағы ортасынан сындыр, - депті Әнет баба.

Төле тізесіне қойып, басып қалғанда жебе ортан белінен морт сыныпты.

- Енді тағы үш жебе сындыр, - дейді Төле.

Төле үш жебе сындырып, алты шыбық жасапты.

-Енді осы алтауын сындырып көрші, - депті Әнет баба.

Төле алты шыбықты әрі майыстырады, бері майыстырады, сындыра алмаған соң, қорамсағына салып алыпты да, Әнет бабадан қол жайып бата сұрапты.

-Жорытқанда жолың болсын, Қыдыр ата жолдасың болсын! – Әнет баба батасын беріп, қонағына шапан жауып шығарып салады.

Былай шыға бере, Төленің жанындағы жолдастары түкке түсінбей:

-Төке, Әнет бабаның мұнысы несі? Бізді жебе көрмей жүр дегені ме? – деп сұрапты.

-Жоқ, сендер түсінбедіңдер. Әуелі жалғыз жебені сындыртқан себебі, жалғыз болсаң, кез-келген қарулы қол беліңді сындырады дегені. Алты бірдей шыбықты сындыр дегені – егер басың бір, ауызбіршілігің бір, тобың бір болса, алты алаштың баласына ешкімнің шамасы келмейді. Көптің аты көп, бірліктің аты бірлік. Ай, әруағыңнан айналайын Әнет бабам-ай, бір күні сен де кетерсің-ау бұл қу дүниеден, - деп Төле би көкірегі жалын атып күрсінген екен деседі.

Әнет баба қартайып, жасы 90-ға келгенде ел дауы, жер дауы, жесір дауына көп араласпай «Кәләм Шариф, Қожа Ахмет Яссауи, Сопы Аллаяр, Нұрнама» секілді кітаптарды оқып оңаша жатады екен. Қоржын-қоржын кітаптарды ақтарып, кейде көзінің жасы сақалын жауып жылап алады екен, кейде балаша мәз болып күледі екен. Кейде тұңғиық ойға батып, орнынан тұрып  ешкімге ештеңе айтпай қыр асып қыдырып кетеді екен.

-Әнет баба, не іздеп жүрсіз, кімді іздеп жүрсіз? – деп сұрапты бірде ауыл сыртында жолығып қалған Қазыбек би.

-Өзімді іздеп жүрмін, шырағым, - деп жауап беріпті Әнет баба.

Жас Қазыбек ештеңе ұға алмай аңтарылып тұрып қалыпты.

-Түсінбегеніңді біліп тұрмын. Өзімді іздеп жүрмін дегенімнің мәнісі мынау, шырағым. Адамның баласы Алланың әмірімен жарық дүниеге келгенде пәк, адал, таза күйінде келеді. Өсе келе әрнені көреді, әрнені естиді, жақсыға да, жаманға да бой ұрады. Баяғы пәктігін жоғалтады. Қым-қуат, қызыл-жасыл дүниенің қызығы басылған соң баяғы адал күйіне қайта оралады. Мен қазір қартайдым. Су жорғаны мініп көрдік, сұлу әйелді құшып көрдік, өзен судай тасып та көрдік, өткел бермес дариядан асып та көрдік – бәрі жалған екен. Енді маған ештеңенің керегі де жоқ. Баяғы күнәдан адал жүрегім керек. Өзімді іздеп жүрмін дегенім осы.

azyibek-bi

Кейін Қаз дауысты Қазыбек би Әнет бабадан ғибрат үйреніп, кеңес сұрап, ақыл алу үшін көшіп келіп қатар қонып, екі-үш жыл іргелес жүріпті. Қазыбек биден:

-Би, сен бұл дүниеде кімге қарыздарсың, - деп сұрапты бірде Әнет баба одан.

-Аллаға қарыздармын, - деп жауап беріпті Қазыбек би.

- Сосын кімге қарыздарсың?

- Анама, ол мені жарық дүниеге әкелді.

- Сосын кімге қарыздарсың?

-Атама, ол мені тәрбиеледі, өсірді, оқытты.

- Тағы кімге қарыздарсың?

- Халқыма, ол менің қадіріме жетіп көтере білді.

- Тағы кімге қарыздарсың?

-Әнет баба, сізге қарыздармын. Сіз менің көп нәрсеге көзімді аштыңыз, - деп жауап беріпті Қазыбек би.

Әнет баба өзін ұстаз санап іргесіне көшіп келеген Қазыбек биден ештеңесін аямапты. Ақыл сұраса айтыпты, кеңес сұраса беріпті. Ел дауы, жер дауы, жесір дауымен шаруа көбейіп, Қазыбек би Ордабасы, Күлтөбеге аттанайын деп жиналып жатып Әнет бабаға кіріп бата сұрайды.

-Жорытқанда жолың болсын, Қыдыр ата жолдасың болсын! – деп бата беріпті Әнет баба.

Қазыбек «әумин» деп бетін сипап, орнына қайта отырыпты.

- Әнет баба, бір сұрағым бар еді. Үзеңгіге аяғымды салып тұрып сұрағаныма кешіріңіз. Ат жалы, атан қомындағы елміз ғой, - депті Қазыбек би.

- Сұрай ғой шырағым, ақыл-кеңес, ілім-білім үйренудің ерте-кеші дегені болмайды, - депті Әнет баба.

- Ендеше маған мынаны айтып беріңізші, баба:

Біріншіден дүниені не бұзады?

Екіншіден, адамды не аздырады?

Үшіншіден, күнә неден болады?

Сонда Әнет баба оң жағында жатқан «Құран-Кәрімді»  қолына алып, ақтарып отырып айтқан екен:

- Мынау «Құран». Бұл араб тілінде. Арабтың тілінде «хәкім деген сөз бар. Қазақта «әкім» деген сөз бар. Осы сөздерді екі қайталашы.

Қазыбек бабаның айтқандарын екі қайталайды.

-Міне, көрдің бе, - дейді сонда Әнет баба, - екі рет айтқаныңда, екі «а», екі «к», екі «м» шықты. Алты сөзге меңзейтін алты әріптің мәнісі мынау:

Әйел, алтын, кек, кесір, мақтан, мансап.

(жалғасы бар)


Ардақ Беркімбай

Пікірлер