Тоқтар Серік: «Екпе салдырмаймын!»

6689
Adyrna.kz Telegram

Әлемді әуреге салған коронавирус індеті әлі де тоқтамады. Осы вирустың алдын алу үшін ғалымдар арнайы вакцина ойлап тауып жатқаны да мәлім. Бұл күнде еліміздің дәрігерлерінен бастап, шенеуніктер, мұғалімдер жаппай екпе алуда. Әйтсе де, екпе алу мәселесіне қатысты өнер адамдарының пікірі түрліше екен.

31 арнаның «Жұлдыздар жарқырайды» бағдарламасының хабарлауынша, ковидке қарсы екпе алудан әнші Тоқтар Серіков түбегейлі бас тартуда. Тілшіге берген сұхбатында ол: «Бірден айтайын, бұл екпені салдырмаймын. Өзіме де, балаларыма да салдыртпаймын! Алланың берген жасын жасаймын.  Өлсем, өлермін. Салдырмаймын!» -дейді. Ал осы сұраққа әнші Өмірқұл Айниязов: «Бұл вакцина дұрыс вакцина болса, алу керек деп ойлаймын. Салып бастады ғой енді. Көреміз, егер ешқандай шағымдар болмаса, халық жағынан ондай жаман нәрселер тіркелмесе, міндетті түрде алу керек деп есептеймін»,-дейді.

ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұлова әзірге екпеге қатысты сырттай бақылау позициясында екен. «Жастар салғызса, оларға бәрібір ғой. Олардың организмдері көтере береді. Ал біз 60-тан асқан әншілер ойланамыз, жан-жағымызға қараймыз. Көпшілікпен бірге көреміз ғой. Бірақ әзірге салдыруға ойым жоқ»,-дейді.

Танымал репер Жан Ахмадиев болса, екпе егуді ең алдымен шенеуніктер мен әншілерден бастау керек деген пікірде. «Осыған дейін де әншілер үлгі болып келді ғой, «шетелге көшейік», «вирусқа сенбейік» деген сияқты дүниені айтып көш бастап берді ғой. Бұл жолы да екпе алуды бастап берсін әншілер»,-дейді репер.

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер