Бүгінгі таңда Ақмола облысы Аршалы ауданы Жібек Жолы ауылында Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектеп бар. Аталған оқу ордасында дарабоз тұлға атында шағын музей жұмыс істейді. Оған Раушан Нұрханқызы жетекшілік етеді.
- Әкем маған: «Бірінші, атамның сүйегі жатқан жерін анықта, екінші, суретін тауып ал» деп аманат жүктеп еді. Екеуі де орындалды. Атам ақталғаннан бері соны елге таныту, мұраларын жинақтап кітап шығару жұмыстарымен айналысып келемін. Мектеп музейі де ашылды. Мұнда атамның көптеген дүниелері бар. Өз қолымен баласы Нұрханға жасаған ертоқымы, атының жүгені, жабуы бар. Ол кісі жайында жазылған қаншама деректер жинақталды. Туған-туыстарының суреттері сақталды. Егер қаржы табылып жатса, осы музейді одан әрі көркейтіп, ел аяғы үзілмейтін орталыққа айналдырсам деймін. Біздің әулетіміз де қуғыннан көз ашпады. Әкем атамнан он жасында жетім қалады. Одан кейін бас сауғалап Өзбекстанға өтеді. Сол жақтан елге 1946 жылы оралады. Содан әкесінің туыстарын іздейді. Әйтеуір, оларды іздеп табады. Әкесінің жазықсыз екенін айтып, жоғарыға хат жазады. Соның барлығы менде сақтаулы. Иманжүсіптің қызы Күләнда әжеміз жасы 102-ге келіп, дүниеден озды. Солардың естеліктерін жазып алдым. Қаншама көрнекті тұлғалардың көмегін көрдім. Идея көп. Соның барлығына қаржы қолбайлау болып тұр. Ауылдық іргеде біздің әулеттің зираты бар. Соны әкімдік қоршап береміз деп отыр. Енді айта берсе атқарылмақ жұмыс көп. Соның барлығы да - атам үшін жасалып жатқан тағылымды іс, - дейді тектінің тұяғы.
KAZMUSEUM.KZ