Ресей Федерациясында Аралды құтқару халықаралық қорына қолдау көрсету бойынша арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл туралы Ресейдің Қазақстандағы елшілігі хабарлады.
Бұл бағыттан бөлек, жоба су шаруашылығын дамытуға және 2021-2030 жылдары Орталық Азия елдерінің климаттық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.
"Бұл Ресейдің тиісті өңірлік жобаларды іске асыруға қатысу арқылы Қазақстанмен экология саласындағы диалогты одан әрі кеңейтуге мүдделі екендігін білдіреді", - делінген елшіліктің сайтында жарияланған хабарламада.
Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасында экология және қоршаған ортаны қорғау саласында сындарлы диалог құрылғаны аталып өткен.
"Біздің елдеріміздің президенттері екіжақты ынтымақтастықтың осы бағытына ерекше назар аударады. Салалық ведомстволар тұрақты байланыс орнатқан, қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі Ресей-Қазақстан аралас комиссиясы, Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі Ресей-Қазақстан комиссиясы табысты жұмыс істеп жатыр", - делінген хабарламада.
Күн тәртібінде трансшекаралық өзендердің бассейндерін жақсарту, ақбөкен мен Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау, жасанды қорғаныш орман белдеулерін құру, өрт сөндіру ұйымдарының бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу, ауру ошақтарының алдын алу мен жою бойынша өзара іс-қимыл мәселелері тұр.
Сонымен қатар, 2020 жылдың желтоқсан айының соңында 2021-2024 жылдарға арналған Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру бойынша Ресей-Қазақстан ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.
Құжат экожүйені қалпына келтіру, ластану көздерін анықтау, су өткізгіштерді қайта құру, су объектілерін тазарту және қалпына келтіру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеуді көздейді.
"Ертіс өзені бойынша да осындай келісімдер жасалды, сарапшылар бассейннің гидрохимиялық және гидрологиялық жағдайыне талдау жасайды. Бұл бағдарламаларға қол қою Ресей-Қазақстан қатынастарының маңызды кезеңі деп санаймыз", - деп мәлімдеді дипломатиялық миссия.