Мұғалім пара алушы ма, пара беруші ме?

3073

Білім саласындағы жемқорлық, мұғалімнің жұмысқа тұру үшін пара ұсынуы деген проблема елімізде әлі күнге шешімін таппай келеді. Қанша жерден жасырып, жапса да, қазіргі кезде мектепке ешбір тиын бермей, мұғалім болып орналасу қиямет-қайымға айналғаны рас.

Осы мәселеге байланысты Facebook әлеуметтік желісінде жиі талқылау жүреді. Мәселен, осы тақырыпқа қатысты Түркістан облысының мұғалімі  Света Алпамысова «Мұғалім пара алушы емес, пара беруші» екенін тарқатып жазды.

 «Ойлап қараңыздаршы.... мұғалім параны қай құндылығына алады? Параны қолында құзіреті бар адам алады емес пе?

Демек, бұл міндеттемені жариялы түрде жазуды әр мекеменің басшысынан талап етулеріңіз керек! Параның «паталогын» да мұғалім бермейді. Себебі, мұғалімнің талап тілегінің құны бес жүз мыңнан аспайды.... «Паталог»  деп есептелетін миллиондарды жаңадан жұмысқа орналасушы береді. Яғни, жұмыссыз халық.

Сосын, мұғалім жазатын міндеттеменің мағынасы өзгеруі тиіс.

Басшылықтың айтқанына көніп, айдауына жүріп, асылатын жібі сөмкесінде жүретін мұғалім толтыратын қағаздары мазмұны "Бастығым пара сұраса, төбесінен тас жаусын" дегендей мағынада шығуы керек. Олай, деуімнің себебі, жемқорлықпен күресетін, оны әшкерелейтін мұғалім ұжымнан шеттетіледі. Басшылық ол мұғалімнің соңынан тас боран үйіретінін де ескерулеріңіз керек. Сондықтан басшылықпен күресетін мұғалімде басшылыққа қарсы тұра алатын табандылық қалыптасуға тиіс....Айтайын дегенім...

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні.

Қоғамды мұғалім тәрбиелейді десек, ол мұғалімге бағыт бағдар беріп бағдарламамен жұмыс істететін басшылық екенін естен шығармағанымыз жөн!

Қандай ант болса да басшылық өзінен бастап ар мен намыстың шеңберінен шықпаса қоғам түзеледі!» деп жазады Света Алпамысова.

Расымен де, жұмысқа тұру үшін миллиондап ақша беру мұғалімге оңай тимейтінін ескерсек, «мұғалімді пара алады» деп айыптау қисынға келмейді. Әрине, бұл ретте жоғары оқу орындарының мұғалімдері туралы бөлек әңгіме айтылады. Ал қарапайым мектеп мұғалімі кімнен пара сұрамақ? Әлде мектепте де қатардағы мұғалім «ақша сұрайтын» жағдайлар бар ма?

Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар