«Ермахан, кет!»: Белгілі боксшының үстінен арыз түсті

9982
Adyrna.kz Telegram

Парламент сайлауында алаңға шыққан жұртпен жаға жыртысқан боксшы, 2000 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Ермахан Ибраимовтың үстінен арыз түсті, – деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Newsroom+ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Белсенділер сайлау күні өздеріне қоқан-лоқы көрсеткен Ермахан Ибраимовтың үстінен полицияға арыз беретінін мәлімдеді.

“25 қаңтарда сағат 10.00-де заңгер Ерлан Қалиевпен бірге Алматы полиция департаментіне Ермахан Ибраимовке арыз беруге барамыз”, – деп жазды Facebook-те “Демократиялық партия” құру жөніндегі бастамашыл топтың белсендісі Әйгерім Тілеужан.

Боксшы Алматыдағы Жанболат Мамай бастаған белсенділер ұйымдастырған ереуілге арнайы барғаны және олардың өз пікірін білдіруіне қарсы екенін айтқан.

“Жанболат Мамай мен оның жақтастары”президент – кет! Нұр Отан – кет!”- деген осы тектес сөздермен плакат ұстап тұрды. Яғни, бұл адамдар біздің отыз жыл бойы құрған қоғамымызға және оның бірлігіне қол сұғуды ойлаған. Жанболат Мамай деген кім?! Ол отыз жастағы әлі өмірде ештеңеге қол жеткізе алмаған боқмұрын. Ал мен өз елім үшін күресіп, мемлекеттің даңқын асырып, түрлі жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап, Олимпиада чемпионы атандым. Сондықтан мен кейбір адамдар осындай қорлайтын ұрандармен сөйлей бастағанда, жай қарап тұра алмаймын”, – деген болатын боксшы.

Айта кетелік 10 қаңтарда билік оппоненті Жанболат Мамайдың жақтастары сайлауға бойкот жариялап, наразылық білдірген.  Ермахан Ибраимов митингіге шыққан жұртты үркітіп-қорқытып, наразылық білдірушілердің плакаттарын қақ айырған.

Қауіпсіздік күштерінің қоршауында қалған белсенділер “Ермахан, кет!” деп айқайлады, содан кейін боксшы оқиға орнынан кетіп қалған еді.

Пікірлер