Молдова, Украина орыс тілінен бас тартты

2950
Adyrna.kz Telegram

Кеше Молдова Республикасының Конституциялық соты елде  «орыс тіліне мәртебе беру заңсыз» деп мәлімдеме жасады. Өйткені бұл Молдованың Конституциясына қайшы келеді.

— Бұл Молдова Республикасы Конституциялық сотының соңғы шешімі. Бұдан әрі іс қарауға жатпайды. Шешім жарық көрген күннен бастап күшіне енеді және оған қарсы ешкім де шағым түсіре алмайды, – деп мәлімдеді журналистер алдында Конституциялық соттың төрағасы Домника Маноле.

Алайда Молдовадағы оппозициялық партиялардың қарсылық білдіруіне қарамастан аталған шешім күшінде қала беретін болды. Ресейге бүйрегі бұрыла қоймайтын еуропалық бағытты ұстанғысы келетін молдовалық ұлтшылдар Конституциялық соттың бұл қадамын құптап отыр. Олар тәуелсіз ел ешкімге тәуелді болмай, өз алдына дербес саясатын жүргізуі керек деп санайды.

Бұл ғана емес, Украина елі де өткен аптадан бастап, елдегі барлық қызмет түрлерін тек қана украин тілінде жүзеге асыратынын мәлім етті. Тіпті Украина Жоғары Радасының төрағасы Андрей Парубий жиында орыс тілінде сөйлеген кейбір оппозициялық партия өкілдерінің микрофонын өшіріп тастаған оқиғалар жиі кездесті.

Ол орыстардың «Украинаны  мәдени оккупациялау уақыты өтті» деп мәлімдеді. Жоғары Рада «тек қана украин тілінде сөйлеуі тиіс» деп талап қойды. Қазір ел  тек қана украин тілінде сөйлеп, қызмет етуді үйренді және жағдай қалыпқа түсті. Бүлінген ешнәрсе жоқ. Міне тәуелсіз ел саясатын осылай дербес жүргізеді. Молдова Республикасында да мемлекеттік молдован тілін қадірлеу арта түсті.

Әңгіменің ақиқаты, өз тілін қадірлемей отырған біздің орысқұл билік қана. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, мынандай  көрініс бізде қайталануы мүмкін бе? Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин орыс тілінде сөйлеген бір депутаттың микрофонын өшіріп тастап, «мемлекеттік тілде сөйле» деп қатты талап қойып жатса... Кез келген жақсы нәрсеге бөркін аспанға атып, қуана кететін  қазақ Нығматулинді ұлт қаһарманына айналдырып жіберер еді- ау.

Өзбек , әзербайжан, түрікмен, тәжік, грузин мен армянның да билігі мен мәжілісі және заң шығарушы органдары өз тілінде сөйлейді және іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізеді. Ал біздің депутаттар қазақ Мәжілісінде тұрып,  антты Ресей тілінде қабылдайды. Санаға сыймайды. Тірліктері түсініксіз.

Біздің орысқұл билік қана орысша сөйлеп, жылы орынтағын ауыстырғысы келмей әлі өз орындарында отыр. Олар орысша сөйлейтін және орысша ойлайтын жас ұрпақты көбейтіп жатыр. Зардабы орасан зор болатын бұл қауіпті кім тоқтата алады?!

...Өзегіңді өртейтін өкініш осы.

Еркін ҚАЛДАН,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер