Депутаттар заң жобасына "үңіліп" қарамапты

9270

Сан сауал тудырған Заң жобасы дауға айналды. Былтырғы Мәжіліс, бірінші оқылымда мақұлдап жіберген «Отбасылық зорлық-зомбылық» туралы заңнама қоғам арасында шу шығарды. Өзгерістер, көптің көңілінде күдік тудырды. Наразылық танытып, депутаттарды сынайтындар көбейді. Жаңа Заң жобасында ақылға қонымсыз баптар кездесетінін депутаттар мойындады. «Заң әлі де қаралады», деп сендірді. Бұл туралы Newsroom+ақпарат агенттігі Астана каналына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңадан сайланған депутаттар жұмысына кіріспей жатып бастары дауға қалды. Былтыр, бірінші оқылымда мақұлданып кеткен заң Мәжілісті жерге қаратты. «Бұл алдыңғылардың қателігі», деп ақталды су жаңа депутаттар. Қалай болғанымен көпшілік бұл заңды аямай сынады.

«Жылдар бойы қалыптасқан қазақи құндылық далада қалды», дейді белсенділер. Елдің қытығына тиген тұстың бірі – киелі «ата-ана» сөзінің «асыраушыға» айналуы. Тағы бір түсініксізі баланың әке-шешесіне шағымдана алуы. Ес білмеген баланың сөзі ата-ана сөзінен салмақты болып шыға келді.

Ал депутаттардың айтуынша, заң жобасы анау айтқандай нашар емес. «Отқа май құйып», жүргендер көп көрінеді. Дегенмен, заңнаманы үңіліп оқымағандарын депутаттар мойындап отыр.

Бекболат ТІЛЕУХАН, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты: "Бұл мәселеге үңіле алмай қалып, бірінші оқылымда мақұлдап жіберіппіз. Қарсымын, қазір қарсы болып тұрмын.

Даулы Заңды жаңа депутаттар «жарылқаймыз», деп отыр. Жуырда тіпті арнайы жұмыс тобы да құрылатын көрінеді.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев, «Заң жобасындағы түйткілдер түбегейлі өзгереді», дейді.

Пікірлер
Редакция таңдауы