Аймағамбетов: Студенттердің білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептеледі

12678
Adyrna.kz Telegram

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов заңға жаңа түзетулер енгізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі. Ол бұл туралы Facebook желісіндегі ресми парақшасында жазды.

Алдағы уақытта студенттердің дуалды жүйесі арқылы білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептелетін болады. Бұл түлектердің жұмысқа айтарлықтай тәжірибемен орналасу мүмкіндігін арттырады.

Сондай-ақ, бекітілген заңнамаға сәйкес уәкілетті органның колледждерде оқу мерзімдерін белгілеуі туралы норма алынып тасталды.

«Бұған дейін біз әр біліктіліктер бойынша білім алу мерзімдерін қатаң бекітетінбіз. Орташа есеппен алғанда, оқу мерзімі 2 жылдан 3 жыл 10 айға дейін жалғасатын. Енді оқу ұзақтығы нақты білім беру бағдарламасына және қажетті оқу нәтижелеріне байланысты болады. Жаңа өзгерістерге сәйкес колледждер жұмыс берушілермен келісе отырып, кәсіптік стандарттар немесе нарық талаптары негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейтін болады. Кейін оны ҚР БҒМ бағдарламаларының тізіліміне қосып, соған байланысты кадрлар дайындайды. Осылайша, жұмысшы және орта буын мамандарын даярлауда колледждердің икемділігі арта түседі»,-деді министр.

Аймағамбетов колледж өкілдері көтерген тағы бір мәселенің шешімін тапты. Енді колледждер ақылы негізде қызмет көрсетіп, оқу-өндірістік шеберханаларда, шаруашылықтарда, оқу полигондарында дайындаған тауарларын сата алады.

«Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша оқитын студенттер практика кезінде темірден сапалы конструкциялар жасайды, жас кондитерлер керемет өнімдер пісіреді, қолөнер бағытындағы мамандықтары бойынша оқитын студенттер киізден, керамикадан, ағаштан, былғарыдан, зергерлік бұйымдардан авторлық бұйымдар дайындайды. Бірақ оның бәрін сата алмайтын. Енді олар өз қолымен дайындаған өнімдерін (жұмыстарын, қызметтерін) сата алады және түскен табыс есебінен шеберханалар үшін қосымша шығын материалдарын сатып алуына болады. Оқу тәжірибесі кезінде студенттер дайындаған өнімдерді сатуға рұқсат беру арқылы өндірістік оқытудың сапасын арттыруға болады. Тұтастай алғанда, мұны кадрларды даярлау сапасын арттыру үшін жасалған ынталандыру ретінде де қарастыруға болады”,-деп сөзін толықтырды ол.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер