Сайлауда дауыс берушілердің қауіпсіздігіне баса мән берілді

1543
Adyrna.kz Telegram

ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауын Ресейден бес дипломат және ЕҚЫҰ елдерінен екі дипломат бақылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Атырау облысының коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, өңірге ТМД Миссиясы бойынша РФ-ның Астрахан облысынан бес бақылаушы, сондай-ақ Еуропадан екі дипломат келді. Олардың барлығы халықаралық аккредитациядан өтіп, ПТР тест тапсырды. Шетелдік қонақтардың айтуынша, аймақтағы дауыс беру процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. « Мен, ең алдымен, бүгінгі сайлаудың жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Бірінші кезекте, ол әрине азаматтардың қауіпсіздігіне бағытталған. Барлық учаске санитарлық құралдармен жабдықталған: қорғаныс экраны, санитарлық кілемше, қол санитайзері, медициналық маска. Сондықтан, Атырау облысы тұрғындарының қауіпсіздігі мен денсаулығына алаңдамау керек деп сенемін», - деді ТМД Миссиясы бойынша Ресейден келген халықаралық бақылаушы Владимир Золотокопов. Айта кетейік, күні бойы халықаралық байқаушылар Атырау қаласындағы, сондай-ақ аудан мен ауылдардың сайлау учаскелерін аралап шықты. Дипломаттар дауыс беру бекеттеріндегі санитарлық қауіпсіздік шараларын бағалап, сайлау процесін бақылап отырды. Сонымен қатар, еліміздегі әріптестерімен де тәжірибе алмасты.

Пікірлер