Дәулеткерей КӘПҰЛЫ: Жемқорлықты жеңудің жапондық жолы қазаққа жат емес

3038

Қазақ – дана халық. Ұлы даламызда ұрмай-соқпай, балағаттамай есе қайтарудың немесе масқаралаудың небір жолы болған. Соның бірі–«бетке түкіру».  Баба қағидаттарына жетік жандар мұны жақсы біледі. Жәбірленген, әлі келмегендіктен амалы құрып, зығырданы қайнаған адамдар өзіне зәбір көрсеткен, әлімжеттік жасаған адамның бетіне түкіріп, есе қайтарады. Адамды қорлаудың сорақы түрі саналатын мұндай әрекет жұрт көзінше жасалса, ол азғындарды ауыр психологиялық зардапқа соқтыруы да мүмкін. Төлегенді ту сыртынан оққа байлаған Бекежанның бетіне түкірген сәтті «Қыз Жібек» киносынан көрген боларсыздар...

Қазір 21 ғасыр. Баяғы заманның жазалау формалары келмеске кетті. Біреудің бетіне түкірмек түгілі, видеоға заңсыз түсіріп, желіде таратсаңыз, өзіңіз істі боласыз. Десе де, пара алғаны үшін заңды түрде жазасын алса да жаман әдеттен тиыла алмай жүргендер қаншама. Жемқорларды жазалау әдістерін қатаңдатып, түрлендірсек те нәтиже жоқ. Қытайдағыдай өлім жазасын енгізуге, қолын шауып мүгедек қылуға үкіметтің дәті бармайды.

Коррупцияға қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдап, тергеу органдарының түр-түрін құрсақ та көсегеміз көгермей жатыр. Жемқорлық тәуекеліне шалдықпасын деп шенеуніктердің жалақысын еселеп көтерсек те қоғамды дендеген дерттен арылта алмадық.

Қайтпек керек?

Жауап біреу. Ол ата-бабамыздың тиімді әдістерінің кейбір элементтерін қолданысқа енгізу. Адам бетіне түкіре алмасақ та «қарабет» ұғымын заңды түрде бекітіп, жаза түрлерін соған сәйкес қарастыруға әбден болады. Мұнда ең маңыздысы – жаза түрі. Ол азғындаған адамды белгілі бір мерзімде мемлекеттің де, қоғамның да назарынан тыс қалдыруы керек. Қысқасы, ешкімнің бетіне қарай алмайтындай ету қажет. Мысалы, «қарабет» атанған адам халыққа қызмет көрсету орталықтарында өзіне қатысты қызмет ала алмауы тиіс. Мүлкін сата алмай, заңды кәсіп аша алмай, тіпті мерзімі біткен куәлігін жаңарта алмай жатуы керек. Қарабеттерге тіптен, көліктің барлық түрлеріне жолаушы билетін сатуға тыйым салған жөн.

Бұл жаза қылмыстық жазаға қосылып берілгені жақсы. Мәселен, жемқор 7 жыл абақтыға жабылса, тағы 7 жыл әкімшілік шара ретінде оны «қарабет» қылу керек. «Бұл адамның құқығын таптау» дейтіндер міндетті түрде табылады. Мұндайда айтатыным – коррупциясы жоқтың қасы Жапонияға барыңыз. Ол жерде кандзи ұғымындағы өз «қарабеттері» бар.

Қандай реформа жасасақ та, жемқорлық жойылмай ел дамымайды. Осыны естен шығармайық, ағайын!

Ауыл партиясы жемқорлыққа қарсы!

 

Мақалаға қаражат «Ауыл» Халықтық-Демократиялық

патроиттық партиясының

сайлау қорының қаражатынан төленді

Пікірлер
Редакция таңдауы