Ауылдың жағдайын көтеруге саяси тұрғыдан күш салайық

809

Елімізде өтетін әрбір саяси науқанның өз қызығы мен шыжығы қатар жүретіні рас. Мысалы, президенттік сайлауда «кімге дауыс беремін» деген сұраққа бірнеше үміткер қатар ұсынылса, бір аптадан кейін өтетін Парламент сайлауында да қай партияны қолдаймын деген сұрақ қазір екінің біріне маңызды. Осыған байланысты «Адырна» ұлттық порталы шағын сауалнама жүргізіп көрді.

Сонымен біз жүргізген сауалнама нәтижесінде «Ауыл» партиясына қолдау білдіріп, осы партиядан үміткерлер парламентке барса деп тілейтіндер көп екен. Қазақтың басты байлығы, әрине ауылдан бастау алады. Ауылсыз қазақты, қазақсыз ауылды елестету де мүмкін емес. Содан болса керек, үлкені де, кішісі де ауылдың келешегі үшін билік мінберінен мәселе көтеріліп, проблемалар шешілсе екен деген ниетпен «Ауыл» партиясын таңдауда. Мысалы, біз жүргізген сауалнамаға қатысты редакциямызға арнайы хабарласқан Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғыны Мұрат Арыстанбекұлы: «Бұрын сайлау десе, аса елең ете бермейтінмін. Менсіз де, сол сайлау өтеді деп ойлайтынмын. Ал қазір әрбір сайлауға белсенді түрде атсалысуға тырысамын. Неге? Себебі, әрбір сайлау Қазақстанның алдағы 4 жылының қалай өтетінін көрсететін саяси науқан.

Осы жолғы Парламент сайлауында «Ауыл» партиясына дауыс беріп, сол партиядан шыққан үміткерлерді қолдағым келеді. Өйткені, басқа партиялардан бұл партияның өзіндік ерекшелігі ең басты шешілуге тиіс мәселе етіп ауылды алған. Ауыл дегеніміз сіз бен біз ғой. Ауылдың ертеңі үшін білдей бір партия сайлауға түсіп жатса, бұл үшін қуануымыз керек, солай ма? Мен дүниеге келгеннен бері тек ауылда өмір сүріп келемін. Қазір жасым жетпіске таяп қалды. Ес білгелі ауылымның көз алдымда қалай құлдырап, қалай гүлденіп, көркейгенінің куәсі болып келемін. Туған топырағымның түлеп жаңарғаны мен үшін үлкен мәртебе.

Сол себепті, биылғы сайлауда «Ауыл» партиясын қолдауға бел будым. «Ауыл» партиясы ұсынған бағдарламада ең ерекше назар аударар тұс – бұл партия жерді сатуға түбегейлі партия. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды жандандыруды да осы партия өз еншісіне алып отыр. Жеріміз сатылмаса, ұлттығымыз жойылмаса, мұнан артық не керек? Ал бұл ең басты екі мәселе «Ауыл» партиясының негізгі бағыты екен. Жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматты «Ауыл» партиясын қолдауға шақырамын»,- дейді.

Қазақ қоғамында келелі мәселенің бірі жердің сатылмауы, жерді қорғау болса, енді бір әлеуметтік проблема зейнет жасымен байланысты. Осыған қатысты Алматы облысы, Қарасай ауданының тұрғыны Айнаш Зекейқызы былай дейді: «Ауыл» партиясы - көп балалы аналардың зейнет жасын 53 жасқа шейін түсіреміз деп отыр. Балаларға туған күнінен 18 жасқа шейін жәрдемақы тағайындауды қолдап бағдарлама әзірлеуді көздеуде. Меніңше, егер «Ауыл» партиясы сайлауда жеңіске жетсе, ел ертеңі үшін ерен еңбек сіңіреді. Мен осыған сенемін.

Өйткені басқа партиялар ұсынбаған ерекше бағдарламаны «Ауыл» партиясы ұсынып отыр емес пе?! Зейнет жасына байланысты ұсынысына ерекше қуанып отырмыз. Қазір мысалы, менің жасым 51-де. Жастайымнан қара жұмыс істеген соң ба, соңғы жылдары баяғыдай жұмысқа деген белсенділік жоқ. Ауру-сырқауым да күн санап көбейіп барады. «Ауыл» партиясы әйелдердің 53 жаста зейнетке шығуын қолдап, соны ұсынады екен. Олай болса, әсіресе, осындай бағдарлама ұсынып отырған партияны неге қолдамасқа? Сонымен қатар балаға арналған  жәрдемақы мерзімін 18 жасқа дейін ұзартуды ұсынады бұл партия. Қазір қалай? Қазір бала туған соң, тек бір жыл бойы ғана береді жәрдемақыны.

Ал егер бала 18-ге толғанға дейін белгілі бір жәрдемақы жүретін болса, онда ата-ананың қалтасына да аса ауыр салмақ түспес еді. Жұмыс істеп тапқан ақшасының бір бөлігін баласының болашақ оқуына немесе баспанасы үшін жинайтын еді. Мынадай бастама көтеріп отырған партияны мен сияқты ауыл тұрғыны, ауыл деп жүрегі соққан қазақ қолдамағанда, кім қолдайды?»

«Ауыл» партиясы тек қана зейнет жасы немесе жәрдемақыға байланысты мәселемен шектелмейді. Бұл партияның бағдарламасында ауылшаруашылық саласына реформалар енгізу де бар. Ауылшаруашылық реформаларының түрлерін  ұсынып, ауылды гүлдендіру үшін барын салуды мақсат етіп отырған «Ауыл» партиясы әрине, ең алдымен ауыл шаруашылығына жіті мән берері анық.

«Ауыл» партиясы - ауыл жастарының грантқа оқуға түсіп оларды жұмыспен қамтамасыз етуіне жәрдем беруді көздеп отыр екен. Бұл дегеніңіз керемет мүмкіндік. Мысалы, мен агроном мамандығы бойынша дипломым болғанына қарамастан, қанша уақыттан бері жұмыссыз жүргенмін. Таяуда ғана «Ауыл» партиясының осындай бағдарламасын күтпеген жерден оқып қалып, партияның кеңсесіне жолым түсті. Сол кезде түсінгенім, бұл партия тек ұрандатып қана қоймай, мәселені нақты шешумен айналысады екен. Ауылшаруашығын дамытуға қажетті мамандарды арнайы жолдамамен ауылдарға жіберу, сол арқылы ауылдың дамуына үлкен жұмыс істеуді мақсат еткен «Ауыл» партиясы енді менің таңдауым.

«Ауыл» партиясы парламентте фракцияны құрап отырса, ауылыңыздағы топырақ жол асфальт жолға, көмір тасып, күл шығарған қысқы маусымыңыз табиғи газдың жылуына ауысарына кәміл сенемін. Ауылыңыздағы мектеп, аурухана, балабақшаға қатысты кез келген мәселені шешу үшін билікке шығуыңыз керек. Ал билікке жалғыз-жаяу адамның үні жете бермейді. Сол үшін не істеу керек? Әрине, ауыл халқының өзі қолдаған, өзін қолдайтын партиясы болуы керек. Міне, сол партия «Ауыл» партиясы. Алдағы сайлаудың бюллетенінде «Ауыл» партиясы үшінші жолақта тұрады. Ауылым деген әрбіріміз осы үшінші жолақтағы «Ауыл» партиясына таңдауымызды тоқтатсақ, өкінбейтініміз сөзсіз»,- дейді Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының тұрғыны Батырхан Бекталы.

Жалпы, Қазақстанның дамуы ең алдымен ауылдарды дамытумен тікелей байланысты. Ал ауылдарды дамытуды сол ауылдың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік мәселесін билікте тікелей шешуге ықпалы бар ірі саяси күш арқылы шешуге болады. Ол үшін әрине, ауылдың күйін күйттейтін партия керек. Қазіргі кезде елімізде ауыл мәселесін көтеруді мақсат еткен бірегей партия ол – «Ауыл» партиясы.  Қазақстанның 40 пайыздан астам халқы ауыл тұрғындары екенін ескерсек, бұл азаматтардың да «Ауыл» партиясын қолдап, осы партияның үміткерлерін Парламентке өтуіне ықпал жасауы әбден керек-ақ. Соңғы ширек ғасырда ауыл-аймаққа жан кіріп, кәдімгідей түрленіп, алға жылжу процесі басталғаны анық.

Осы процестің қарқынын тотатпай, керісінше, үдете түсу қажет. Осы сынды пікірді бізбен сұхбаттас болған Қарағанды облысының азаматы Шоқан Әбілсейіт те айтады. «Он жылдан асты, өз шаруа қожалығымыды дөңгелетіп отырмын. Мемлекет тарапынан түрлі субсидиялар алып, ірі қара мал санын көбейттім. Қора-қопсымды кеңейтіп, мал өсіруге арналған барлық жағдайды жасап алдым десем де болады. Алайда әлі де басқа шаруа қожалықтарда шешілмеген көп проблема жетерлік. Шаруа қожалық иелері әр бас қосқан сайын сөз ететін бір мәселе бар еді. Ауылдың жағдайына қарасатын бір өкіліміз Парламентте болса екен деген тілек еді бұл. Биылғы сайлауға «Ауыл» партиясы да өз үміткерлерін ұсынғанын естіп, серпіліп, қуанып отырмыз. Ауылдың жағдайын «Ауыл» партиясы ғана біледі, түсінеді деп сенеміз.

Оның үстіне бұл партияның жетекшісі елге танымал, сыйлы азамат Әли Бектаев болған соң, алаңсыз сенім арта беруге болады деп санаймын. Әли Бектаев істің адамы ғой, ауылшаруашылық саласының жаңарып, жаңғыруына үлкен ықпал жасайтыны сөзсіз. Сондықтан біз де бұл сайлауда «Ауыл» партиясын қолдаймыз деп тас-түйін бекіп отырмыз. Жалпы, біздің қазіргі ауылдарға тың бір серпіліс керек-ақ. Ауылдарымыздың еңсесін көтеру керек. Ол үшін ауылдықтардың билік басында өкілдері, ұйымы, дауысы, сөзі, құлағы отыруы керек. Ал сондай ықпалды саяси күшіміз билікте отыруы үшін осы партияны қолдап, дауыс беруіміз қажет.

Қазақстанның әрбір ауылында асфальт жол жүргізіліп, ауызсуы үйіне дейін келіп тұрса, қыста үйін табиғи газбен жылытып отырса, ал әрбір ауылда еңселі мектебі, лайықты ауруханасы болса, несі жаман? Ауыл халқының күнкөрісі саналатын ең басты нәрсе ол –жер. Егінін егіп, көкөнісін өсіретін жері мен мал жайылымына арналған жері болса, ауыл халқы түтас мемлекетті асырайды. Ал осыған қол жеткізу үшін ауыл халқының өз саяси күші болуға тиіс», - дейді Шоқан Әбілсейіт.

Қазақстандықтар  қаңтар күні өтетін сайлауда өз таңдауын дұрыс жасайды деп сенім артамыз. Әр қазақтың бір ауылда қара шаңырағы барын ескерсек, әр қазақтың басты таңдауы да «Ауыл» партиясы болады деп сенеміз.

Бекжан НҰРЫШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

(Мақаланың ақысы «Ауыл» партиясының сайлау қорынан төленген)

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы